Құлшылыққа құлшындырар тағылымды үш ай

02 наурыз 2020 7598 0
Оқу режимі

Жаратушы Алла Тағала адамды саналы етіп дүниеге әкелгені сияқты, өмірлік уақыт кезеңдерін де ерекше тағылыммен  жасаған. Адам баласы салиқалы-ізгі амалдарды көп жасап және құлшылықта бекемділік таныту үшін Алла Тағала өзінің даналығымен кейбір түндерді, күндерді және айларды ерекшелеп қойды. Ислам күнтізбесіндегі осынау қастерлі айлар туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللّهِ اثْنَا عَشَر شَهْراً فِي كِتَابِ اللّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَات وَالأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ذَلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ فَلاَ تَظْلِمُواْ فِيهِنَّ أَنفُسَكُمْ

 «Алланың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны он екі, олардың төртеуі харам айлар. Міне, ең дұрыс үкім, әрі мінсіз жүйе (есеп) – осы. Ендеше, бұл айларда (яғни, қасиетті айларды құрмет тұтпай немесе орнын ауыстыру арқылы) өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар»[1].

Белгілі тәпсірші ғалым әл-Қуртуби харам айлар жайлы айтылған осы аятты: «Алла Тағала харам айларын ерекше құлшылықпен өткізуді және ол айларда зұлымдыққа жол бермеуді бұйырған»,   деп тәпсірлейді.

Құранда харам айлар жайлы айтылғанмен, оның нақты қай айлар екендігі көрсетілмеген. Ал, Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде бұл айлар жайлы мол деректер ұсынылады.

عَنْ أَبِي بَكْرَةَ عَنَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:" إِنَّ الزَّمَانَ قَدِ اسْتَدَارَ كَهَيْئَتِهِ يَوْمَ خَلَقَ اللَّهُ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضَ. السَّنَةُ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ؛ ثَلاثٌ مُتَوَالِيَاتٌ ذُو الْقَعْدَةِ، وَذُو الْحِجَّةِ، وَالْمُحَرَّمُ، وَرَجَبُ مُضَرَ الَّذِي بَيْنَ جُمَادَى وَشَعْبَانَ. رواه البخاري

Әбу Һурайра жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жөнінде: «Заман Алла аспандар мен жерді жаратқан күндегідей қалпына қайта айналып келеді. Бір жылда он екі ай бар. Оның төртеуі қасиетті. Үшеуі бірінен соң бірі келеді: Зулқағда, Зулхиджа және Мұхаррам, ал төртіншісі – Жумадә мен Шағбан арасында келетін Ережеп айы»[2],  деген.

Бұл айлардың Алла Тағаланың құзырында құрметі жоғары болып және осы айларда күнәлардың бірнеше есе ауыр болғандығы себепті харам айлар деп аталды. Абдулла ибн Аббас былай дейді: «Алла Тағала төрт айды ерекшелеп харам айлары деп атады және оның құрметін жоғарылатып, ол айлардағы істелген күнәларды бірнеше есеге арттырып, ал ізгі амалдардың сауабын молайтты».

Кағб ибн Малик (Алла оған разы болсын) айтады: «Алла Тағала өзіне заманды таңдады, сол заманның сүйіктісі  харам айлары». «Тәубә» сүресінің 36-аятында: «Харам айларда өздеріңе зұлымдық қылмаңдар», - деп нұсқау берсе және бір сөзде он екі айда өздеріңізге зұлымдық қылмаңдар деп айтылады. Басқа деректерде харам деп аталуының себебі, ол айларда соғыстың харам болғандығы үшін делінеді. Себебі, бұл жаһилият заманында белгілі нәрселерден еді.

Ережеп және Шағбан айлары

«Ережеп» сөзі араб тіліндегі «ражаба», яғни ұлықтау, мадақтау деген мағыналарды білдіреді. Имам Ражаб Ал-Ханбалидың айтуы бойынша, Ережеп айының бұлай аталу себебі, бұл ай арабтарда ұлықталатын айлардан еді. Ал, Ислам келгеннен кейін Ережеп айының мәртебесі тіпті өсті. Бұл айда соғыспайтын, ұрыс-керіс, жанжал болмайтын. Бұл айда тәубә етушілерге Алланың рахметі мен мейірімі ерекше мол төгіледі.

أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ أَبِي قَيْسٍ ، حَدَّثَهُ أَنَّهُ سَمِعَ عَائِشَةَ ، تَقُولُ : " كَانَ أَحَبُّ الشُّهُورِ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ يَصُومَهُ شَعْبَانَ

Әбу Дәуіт жеткізген хадисте Айша анамыз (Алла оған разы болсын) айтады: «Пайғамбарымызға айлардың ішіндегі ораза ұстауға сүйікті болған ай Шағбан айы еді»[3].

عن عائشة رضي الله عنها قالت: (ما رأيت رسول الله - صلى الله عليه وسلم - استكمل صيام شهر قط إلا رمضان

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыздың Рамазан айынан басқа айларда толық ораза ұстағанын көрген жоқпын»[4], – дейді.

Жоғарыдағы хадистен түсінетініміз Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айының оразасын ұстап, Шағбан мен Рамазан оразасын қосқандығын көреміз. Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айынан басқа ешқандай айларда толық ораза ұстамаған. Бұдан шығатын мәселе Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айында толық ораза ұстады деген емес, керісінше Шағбан айының басым күндерін оразамен өткізгендігін білеміз.

Шағбан айында Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстауының хикметі неде дегенге келсек, расында, Шағбан айы Рамазан айының алдында келетін ай болғандықтан, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа айларда ораза ұстай алмауына байланысты болып отыр. Кейбір деректерде Шағбан айының оразасы кейбір парыз намаздардың алдында және кейін келетін сүннеттер тәрізді, Рамазан оразасының алдында Шағбанның оразасы келіп, кейін Шәууәл айының оразасы келген сияқты. Бұдан ұғатынымыз Шағбан айы қасиетті Рамазан айына үлкен бір дайындықпен кіріп, Рамазанның жаршысы болып саналады.

عن أُسَامَةَ بْنَ زَيْدٍ قَالَ  قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ لَمْ أَرَكَ تَصُومُ شَهْرًا مِنْ الشُّهُورِ مَا تَصُومُ مِنْ شَعْبَانَ قَالَ ذَلِكَ شَهْرٌ يَغْفُلُ النَّاسُ عَنْهُ بَيْنَ رَجَبٍ وَرَمَضَانَ وَهُوَ شَهْرٌ تُرْفَعُ فِيهِ الْأَعْمَالُ إِلَى رَبِّ الْعَالَمِينَ فَأُحِبُّ أَنْ يُرْفَعَ عَمَلِي وَأَنَا صَائِمٌ

Усама ибн Зәйд (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқандай айларда Шағбанда ораза ұстаған сияқты ораза ұстаған емес»,  дей келе, ол Алланың елшісінен басқа айларда не себепті ораза ұстамайтынын сұраған екен. Сонда Расулалла: «Ол  сондай ай,  Ережеп пен Рамазанның ортасында келіп және адамдардың көбі ғапылдықта қалатын ай. Ол ай амалдар әлемдердің Раббысы Аллаға көтерілетін ай. Мен ораза болып, амалдарымның Алла Тағалаға көтерілгенін қалаймын»[5],  деді.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің құлшылық ғибадаттарының ең көркем түрде жасалуын қалады. Ибн Рожаб Ал-Ханбали Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айында ораза ұстауының хикметін баяндаған кезде: «Расында, Шағбан айы  Ережеп пен Рамазанның ортасында келіп адамдардың көпшілігі ескермей, ұмыт қалдыратын ай»,  деген болатын. Бұл хадистен түсінетін нәрсе адамдар ұмыт қалдыратын уақыттарда құлшылық жасаудың маңыздылығы шығады. Мысалға, түнгі намаз, ақшам мен құптан намаздарының арасын білімге арнау және тағы басқалары.

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا دَخَلَ رَجَبٌ قَالَ: ( اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ، وَشَعْبَانَ، وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ)

Әнас ибн Мәлік жеткізген хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз Ережеп айы келгенде былай айтатын еді: «О, Алла! бізге Шағбан мен Ережеп айында береке беріп және Рамазанға жеткізе гөр»[6].

Шағбан айы қарилардың айы деп аталған. Табиғиндерден болған Куфалық Салама ибн Кухайл: «Себебі, адамдар Шағбан айы келген сәтте, уақыттарын тек қана Құран оқуға арнайтын. Сол себепті Шағбан айын Құран оқушылар айы деп атаған», – дейді.

 Бұл айда мұсылман адам уақытын қалай өткізу керек:

  1. Бұл айдың басым көпшілігін оразамен өткізген дұрыс. Өйткені, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда көп ораза ұстаған.
  2. Қазасын өтей алмаған әйел адамдар оразасының қазасын өтеуге асығу керек. Өйткені, Айша анамыз (Алла оған оазы болсын) Рамазан оразасындағы ұстай алмаған қазаларын осы айда ұстайтын еді.
  3. Барлық адам Құран оқуға әрекет жасап, оны түсінуге тырысып, Құран түскен айға дайындалу керек.
  4. Құран жаттап, тарауих намазына имамдыққа шығатын имамдар Құрандарын пысықтап, дайындық жасау керек.

Рамазан – бұл тәубе мен кешірім айы

Рамазан – барша мұсылман қауымы Алла разылығы үшін ораза ұстап, ауыз аштырып, тарауих намазына қатысып, рухани азық алатын қасиетті ай. Өйткені, бұл – Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы Алла Тағаланың пенделеріне  тура жолға бастаушы қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы мүбәрак аяттары түсе бастаған, сексен үш жылдың көлеміне тең келетін Қадір түні бар, сондай-ақ тілек-баталар қабыл болатын қасиетті Рамазан айы.

Рамазан оразасының парыздығы турасында Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Уа, иман еткендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер»[7].

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَن شَهِدَ مِنكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَن كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ يُرِيدُ اللّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلاَ يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ وَلِتُكْمِلُواْ الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُواْ اللّهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ ﴿۱۸۵﴾

 «Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін. Ал кім (осы айда) науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Шынында, Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді. Ендеше, қаза болған күндерді толықтырып, өздеріңді тура жолға салғаны үшін Алланы құдіреті күшті ұлы жаратушы деп танып, (Рамазан айын ораза ұстап, Құран оқып өткізу арқылы) шүкіршілік етерсіңдер»[8].

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айдың құндылығы мен берекетін ескере отырып, Шағбан айының соңғы күндерінде былай деген екен: «Ей, мұсылмандар! Ұлы әрі мүбәрак айдың көлеңкесі төбелеріңе жақындап келді. Ол  ішінде мың айдан да қайырлы Қадір түні бар ай».

Рамазан айы  бұл ойын-сауық айы емес, керісінше Аллаға Тағалаға  жақындап, ықылас танытып, мейлінше Алла Тағаланың алдында кішірейіп, тәубеге келетін ай.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шөлдеген адам су тапқанда, баласы жоқ адам перзентті болғанда, адасқан адам жол тапқанда қалай қуанатын болса, Алла Тағала өзінің пендесінің тәубесіне оданда қатты қуанады»[9]– делінген.

عَنْ أَبي هُرَيْرَةَ عَنِ النَّبِيِّ قَالَ: «مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إيمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»[10].

عن أَبِي هُرَيْرَةَ ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَقِيَ الْمِنْبَرَ ، فَقَالَ : " آمِينَ ، آمِينَ ، آمِينَ " ، فَقِيلَ لَهُ : يَا رَسُولَ اللَّهِ ، مَا كُنْتَ تَصْنَعُ هَذَا ؟ ! فَقَالَ : " قَالَ لِي جِبْرِيلُ : أَرْغَمَ اللَّهُ أَنْفَ عَبْدٍ أَوْ بَعُدَ دَخَلَ رَمَضَانَ فَلَمْ يُغْفَرْ لَهُ ، فَقُلْتُ : آمِينَ . ثُمَّ قَالَ : رَغِمَ أَنْفُ عَبْدٍ أَوْ بَعُدَ أَدْرَكَ وَالِدَيْهِ أَوْ أَحَدَهُمَا لَمْ يُدْخِلْهُ الْجَنَّةَ ، فَقُلْتُ : آمِينَ . ثُمَّ قَالَ : رَغِمَ أَنْفُ عَبْدٍ أَوْ بَعُدَ ، ذُكِرْتَ عِنْدَهُ فَلَمْ يُصَلِّ عَلَيْكَ ، فَقُلْتُ : آمِينَ "

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберге көтеріліп бара жатып үш рет «Әмин» дегені айтылады. «Уа, Алланың Елшісі сен бұлай істемейтін едің ғой», –  деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап береді: «Жәбірейіл келіп Рамазан кіріп күнәсы кешірілмеген адамды Алла Тағала мұрнымен жер сүзгізсін деді. Мен «Әмин» деп айттым. Ата-анасының бірі немесе екеуі де тірі бола тұрып жәннатқа кірмеген адамнын мұрны жер сүзсін. Мен «Әмин» деп айттым. Сенің атың аталып, саған салауат айтпаған адамның мұрны жер сүзсін деді, мен «Әмин» деп айттым»[11].

Рамазан айында мұсылман адам өзімен жұмыс істеп, рухани байлыққа кенелуі керек. Кімнің адамдармен мәміледегі жолы дұрыс болса, оның діндегі жолы дұрыс болады.

أن رجلاً قال: يا رسول الله إن فلانة ذكر من كثرة صلاتها وصيامها غير أنها تؤذي جيرانها بلسانها؟ قال: هي في النار

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі былай дейді: «Расында пәленше әйел көп намаз оқиды, ораза ұстайды деп айтылады, алайда көршісіне тілімен зиян келтіреді». Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол әйел отта болады[12]», – деп жауап берді.

إِذا جَاءَ رَمَضَانُ فُتِّحَتْ أَبْوَابُ الجنَّةِ وغٌلِّقَتْ أَبْوَابُ النَّارِ وصُفِّدَتِ الشياطِينُ

 «Рамазан айы келгенде, жәннаттың қақпалары айқара ашылып, тозақтың қақпалары жабылады, шайтандар кісенделеді»[13].

Мұсылман оразаны Алланың разылығы үшін ұстайды. Нәтижесінде Алла ондай құлының сыйын өзі нәсіп етеді. Хадис құдсиде Алла Тағала былай дейді:

كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ إِلاَّ الصِّيامَ فَإِنَّهُ لي وأَنَا أَجْزِي بِهِ

 «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін»[14].

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

للصَّائمِ فَرْحَتَانِ يفْرحُهُما إِذا أَفْطرَ فَرِحَ بفِطْرِهِ وإذَا لَقي ربَّهُ فرِح بِصَوْمِهِ

 «Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады»[15], – деген.

Міне, біз көбіне қасиетті айлардың тағылымын ғана біліп жатамыз. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұстанып, өзгеге үлгі-өнеге еткен бұл айдың да біздер үшін тағылымы мол екен. Жалпы, біз әр күнімізді ғибратпен өткізуге машықтануымыз керек. Аллаға құлшылық жасау арқылы біз иманның терең сырларына қанығамыз. Сондықтан әр мұсылман бұл айлардың қадірін түсініп, оразасын ұстап, Құранын оқып, дұға-тілек жасап өткізсе дейміз. Себебі, біз осы тірлігімізде жинаған сауабымызбен Ақыретте оның қызығын көретінімізді қаперден шығармауымыз керек.

Қыдырмин Қанат Қоянбекұлы
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 


[1] «Тәубә» сүресі, 36-аят
[2] Бұхари
[3] Әбу Дәуіт
[4] Бұхари, Муслим
[5] Ахмад ибн Ханбал және Нәсаи
[6] Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259
[7] «Бақара» сүресі, 183-аят
[8] «Бақара» сүресі, 185-аят
[9] Ибн Асакир
[10] Бұхари, Саум, 6; Муслим, Сиям, 203
[11] Тирмизи
[12] Ахмад
[13] Бұхари, Саум, 5; Муслим, Сиям, 1
[14] Бұхари, Саум 9; Муслим, Сиям, 163
[15] Бұхари, Саум 9; Муслим, Сиям, 163

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру