Қазыбек Жұмағазыұлы Байжұманов

13 желтоқсан 2018 4889 0
Оқу режимі

ШҚО, Аягөз ауданы, Қарағаш ауылының тумасы. Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетті тәмамдаған. С.Сүлейменов жетекшілік ететін «Наркескен» ақындар мектебінің түлегі. Республикалық айтыс-мүшәйралардың жүлдегері.  «Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» мүшесі. 2011 жылы «Көңіл көктемі» жыр жинағы жарық көрген. Қазіргі таңда Аягөз қаласында № 9 мектепте мұғалім.

Пайғамбарға (с.ғ.с.) арнау

«Ақиқатты көре тұра айтпаған – тілсіз шайтан»
Мұхаммед (с.ғ.с.)

Алланың сүйікті елшісі, сәруарым,
Қормалым, қорғаным, ардағым.
Жайнатқан бағымды руһани бағбаным,
Ұйқысыз атырған таңдарын.
Адамзат ұрпағын жәннатқа жеткізу,
Болды асыл арзуың арманың...

Күнбе-күн асқақтап абырой құрметің,
Дағуат өткеріп міндетін.
Мүмінге қалдырған құн жетпес қазынаң,
Құраның, хадисің, сүннетің.
Ұрпақ пен үмбетің таңдауға түскенде,
Деп өттің: «Үмбетім, үмбетім!»...

Сол үмбет кейіннен үмітіңді ақтамай,
Былыққа белшеден батқаны-ай.
Балиғат - бейнамаз, жамиғат – кейнамаз,
Шариғат заңдарын сақтамай.
Ішіміз қандайлық екені Хаққа аян,
Сыртымыз кіршіксіз мақтадай!

Жын шайқап құлатқан құмырадай қирадым,
Ендігі болашақ беймәлім.
Құлы боп, құлқынның, құмардың, зинаның,
Нәпсіден жеңілді иманым.
Парақор басшы мен сараң бай қаптады,
Ібіліс игерген миларын.

Біреулер – шамырқап, біреулер – шалқыды,
Мал-пұлы, алтыны арқылы...
Құдайдың  барына сенбейтін делқұлы,
Мұнайдың бетінде қалқыды.  
Мамыражай күн кешкен мұсылман елдерін,
Соғыстың жалыны шарпыды...

Ислам – тура жол,  қастерлей білгенге,
Ортақ дін күллі әлем, күллі елге.
Қиямет қайымда жүзіміз жарық боп,
Не жетсін жәннатқа кіргенге.
Адамзат қос дүние бақытын табар тек,
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар ізімен жүргенде!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру