ҚАЖЫЛЫҚ САБАҚТАРЫ

14 маусым 2023 4122 0
Оқу режимі

Қажылық сапарының сабақтары көп. Түйген ойлармен бөліскенді жөн көрдік.

Қажылықтың өзге құлшылықтардан ерекшелігі көп. Мысалы, ораза құлшылығы ауыз бекіту арқылы орындалады. Зекет нисап мөлшеріне жеткен қаражаттың белгілі бір бөлігін беру арқылы орындалады. Ал қажылық –  денемен де, дүниемен де орындалатын ұлы құлшылық. Өйткені қажылық сапарында көп нәрсені Құдай жолында құрбан етуге тура келеді. Соның бірі – уақыт. Уақыт – адам баласының баға жетпес байлығы. Қажылық жасауды ниет еткен мұсылман бірнеше күнін Алла жолына арнайды. Ниет еткен сәттен бастап сапарға дайындық жасау керек. Кітап оқисыз, қажылық дәрістеріне қатысасыз, насихат тыңдайсыз, сапарға қажетті заттарды аласыз – бәріне уақыт қажет.

Қасиетті мекенге жеткенше кететін уақытты есептемегенде қажылық парыздары мен сүннеттерін орындауға бірнеше күніңізді арнайсыз. Алла Тағала шаршап-шалдығумен қаншама шақырымды басып келген ниетіңіз бен қаншама күнді Раббымыздың разылығы жолында сарп еткеніңіз үшін Өзінің сыйын арнайды екен.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисінде былай делінген: «...Сенің Арафатта тұруыңа қатысты айтар болсақ, онда Алла Тағала періштелердің алдында мақтанып, былай дейді: «Құлдарым жәннатымды қалап, Маған әр жақтан шаштары ұйысқан (жол жүріп, шаршап шалдығып) күйде келді! Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз көбігінің санындай (көп) болса да, Мен оларды кешірер едім! Әй, Менің құлдарым, сендерге кешірім сый етілді!».

Қажылық сапары белгілі дәрежеде Алла жолында дүние-мүлікті жұмсауды талап етеді. Кейбір адамдар қажылыққа қажетті қаражатты өмір бойы жинауы мүмкін. Біздің байқағанымыз, өзіне қажет бола тұра Алла жолында азғантай ғана мөлшерде садақа бере алмаған адам ақшасы көп кезде мүлде бергісі келмейтін дережеге жетеді. Алла бізді ондай жаман сипаттан сақтасын! Өйткені Алла разылығы үшін дүние жұмсап, соның рахатын сезінбеген жанға былайғы кезде садақа, зекет беру ауыр тиеді. Себебі қажылық аз ақшаға бара салатын сапар емес. Ұлы сапардың сабақтарының бірі Құдай жолында қаражат жұмсауды үйретеді.

Қажылыққа барған адам Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене іспетті. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – деген қасиетті хадис шарифінің мәнін сезінеді.

Иә, қажылықта Мекке мен Мәдинаға әлемнің әр түкпірінен жиналған мұсылман жамағатын көресіз. Олардың Отанымен, тілімен танысып, сұхбаттасасыз. Бұл сұхбат адамның жүрегіне мұсылман бауырыңа деген мейірімділікті, бауырмалдықты ұялатады. Алла Тағала жағдайы бар мұсылмандарға қажылықты парыз етіп, дүниежүзінің әр тарапынан Мекке мен Мәдинаға келген құлдарына: «Бір-біріңмен танысып, жақыннан ұғысыңдар. Бір-біріңе көмектесіп, бауырмалдық қасиеттеріңді көрсетіңдер. Менің дінімді әлемнің әрбір нүктесіне жеткізіп, насихаттаңдар. Адамдарды жақсылыққа үгіттеңдер. Бәрің құлшылық жасау үшін жаратылғансыңдар. Қажеттіліктеріңді менен ғана сұраңдар. Сұрағандарыңды берейін» деп үн қатып, жақсы істе жарысыңдар деген нәрсені меңзеп тұрғандай әсер қалдырады.

Қажылық Отанның, бала-шағаның, ағайын-туманың қадірін сезіндіре түседі. Өйткені қажылыққа ниет еткен адам өзіне сүйікті болған Отанын, ата-анасын, бала-шағасын, ағайын-тумасын қиып, Алла жолында ұлы сапарға аттанады. Алланың әмірімен қажылық парыздарын орындап болған ол ерекше сағынышпен, ерекше сүйіспеншілік сезіммен Отанына оралып, ата-анасымен, бала-шағасымен қауышады. Еліне, отбасына сағынышпен оралған ол өзіне жақын адамдарды қадірлеу қажеттігін терең түсінеді.

Қажылық адамды қиындыққа төзуге тәрбиелейді, әр істе шыдамдылық танытуға дағдыландырады. Күннің аптап ыстығында құлшылық жасау сабырды шыңдайды. Мұсылмандар топтасқан қоғамдық орындардағы кезек, Қағбаны бірнеше рет тауап ету, жамаратқа тас атуға жаяу апаратын ұзақ жол, ыстықта шөл қысу, т.б. қиындықтар адамның төзімін одан сайын арттырады. Себебі қажылық машақаты көп сапар болғандықтан, мұсылман баласы осынау сынақтарды сабырмен, көркем мінезбен еңсереді. Осындай сынақтардан аман-есен өткен адамның бойында алдағы өмірінде кездесетін қиындықтарға төзе алатын мұсылманға тән көркем мінездер қалыптасады.

Қажылық сапары мұсылманның жүрегіне тақуалық, яғни Алладан шынайы қорқу сезімдерін сыйлайды. Ол қажылық кезінде Аллаға жақындау ниетімен құрбан шалады. Раббымыз қасиетті кітабымыз Құранда: «(Шындығына келсек), құрбандыққа шалған малыңның еті де, қаны да әсте Аллаға жетпейді, Оған сендерден жететін тек тақуалық қана. Міне, осылайша өздеріңді тура жолға салғаны үшін Алланы (сөз әрі іс жүзінде) ұлықтап, ұлылығын баршаға жар саларсыңдар деп, Хақ Тағала сол жануарларды сендерге бағынышты етіп, еріктеріңе берді. (Уа, Мұхаммед!) Ендеше, Алланы көріп тұрғандай, яки жоқ дегенде, Алланың өзін көріп тұрғанын қаперінде ұстап, игі істер істейтін құлдарымды сүйіншілей бер» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп баяндайды. Бұл аят Алла өз пенделерінің шалған құрбандық малына мұқтаж емес екенін, Оған тек құлдарының жүрегіндегі тақуалық қана жететінін меңзеп тұр.

Құлшылық амалдардың дәрежелерін баяндайтын хадистердің бірінде ең абзал амал Алла жолында күрес екені баяндалса, басқа хадистерде иман, намаз меңзеледі. Тағы бір хадисте ең абзал амал қажылық екені айтылады. Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ең абзал қандай амал?» деп сұралды. Ол: «Аллаға және елшісіне деген иман» деп жауап берді. «Сосын қайсы?» деген сұрақ қойылды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Сосын Алла жолындағы күрес» деді. «Сосын қайсы?» деп тағы сұралды. Ол «Сосын игі қажылық» деді. Алла Тағала барша мұсылман баласына игі қажылық нәсіп еткей. Әмин!

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Ақпарат бөлімінің меңгерушісі

 

Дереккөз: «Мұнара» газеті

Пікірлер Кіру