ҚАЗАҚТАР ДІНДІ ҚАЛАЙ ҰСТАНҒАН?

10 маусым 2024 1444 0
Оқу режимі

Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән берген халық. Дәстүр – ұлтты рухани жағынан жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипат. Алаш жұрты дәстүрге берік болғандықтан асыл дінге деген құрмет те өте жоғары болған. Дін мен дәстүр – қашан да бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін бар.

Алла Тағала Құранда:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ   

«Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла Тағала жоғарыдағы аятта қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.

Көне тарихтың қатпарларына бір сәт көз жүгіртсек, хақ дін исламның бүкіл түркі әлемімен бірге біздің дала түркілеріне енуі, оның бұдан былайғы бүкіл тұрмыс-тіршілігіне тигізген ықпалы, тағдырлас, тілдес, туыстас тайпаларды ұлт қылып біріктірудегі рөлі орасан зор.

Сонау 960 жылдар шамасында Қарахан мемлекетінде Мұса қағанның кезінде Ислам мемлекеттік дін деп жарияланды. Сол уақыттағы Қарахан мемлекетінің басқару жүйесі, заңдылықтарының барлығы Исламға негізделген. Түрік тарихшысы Зия Кабахшының айтуы бойынша, Қараханидтер кезінде Орта Азиядан үш жүзден астам фикһ (шариғат) ілімінің мамандары шыққан.

Қазақ халқы көшпелі тұрмыс кешкеннен кейін көбінесе мешіт-медресе ұстай алмағаны анық. Бірақ, Қазақ халқы шынайы дін қызметкерлерінің уағызы арқылы дінмен жақынырақ танысқаны белгілі.

Қазақ халқының болмыс-бітімін, мәдениет-әдебиетін Ислам дінінен ажыратып қарауға болмайды. Асыл дініміз қазақ халқына тікелей уағыз-насихаттан гөрі ел арасында ауызба-ауыз жеткізілген діни әдебиет, қисса-дастандар арқылы жақсы тараған.      

«Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», жырлары рухани құндылықтарымыз бен дүниетанымдық ұғымдарымызды айқындалады. «Алпамыс батыр» жырында ислам діні мен құндылықтарының ұғым түсініктері баяндалады.

Бұл жырда Байбөрінің Жаратушыға құлшылық қылып бес уақыт намаз оқитыны, ел-жұртына зекет, садақа беретіндігі баяндалады. Мысалы мына бір өлең жолында:

«Құптанның болды уақыты,

Намазын оқып шам жағып,

Бұрынғы қылды әдетті,

Бір етегін төсеніп.

Аяқтарын көсіліп,

Бір етегін жамылып,

Көзінен жасы ағылып,

Құбылаға бас беріп,

Жарыса түсіп, бұл жатты».

Қазақ жырлары елді Исламның парыздары мен жалпы адамзаттық құндылықтарына адал болуға шақырып, ел-жұртының иманды да, ахлақтық келбетін сақтап қалуына елеулі үлес қосты.

Жыраулық, термешілік дәстүрі халқымыздың діни санасы мен тұтастығын, имандылығын, салт-санасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген рухани мұра.

Сондай-ақ Қазақ топырағы дін ілімінің үлкен қайраткерлерін дүниеге әкелгені мәлім. Тіпті тек қазақ елінде емес, әлемге Ислам дінінің кең қанат жайып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Түркістан топырағынан шыққан дін ғұламалары жетерлік. Мәселен Самарқандта жерленген белгілі мутакаллим-философ, қалам ілімінің маманы, Алтын Орда ханы әз-Жәнібектің қолдауымен жазған «Мұхтасар мағаний» еңбегінің авторы Сағауддин Тафтазанидің грамматика, риторика, Құран тәпсірі туралы еңбектері бірнеше ғасырлар бойы Осман империясының медреселерінде оқытылуынан-ақ Түркістан топырағынан тараған діни ілімнің тамыры тереңге кеткенін көруге болады... 

Қазақ хандығы құрылмастан бұрынғы Алтын Орда дәуірінде дүниеге келіп, ел арасында танымал болған жыр-дастандардың дені дін тақырыбында еді. Солардың қатарында «Зарқұм», «Салсал», «Қаһарман», «Кесікбастың қиссасы», «Мұхаммед пайғамбар» т.б. атауға болады. Қандай жыр болмасын, адамгершілік, имандылық принциптерін насихаттады.

Ағартушы ғалым А. Байтұрсынов: «Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған»,– деп тұжырымдайды. Қазақ даласында кең тараған күні-түні жастанып оқитын, кешкілік бір үйге жиналып, шамның жарығымен хат танитындарға оқытып, ел болып тыңдайтын жырлар, қисса-дастандар көп болды. Солардың көпшілігі діни жырлар болатын әрі бәрінде де имани үгіт-насихат кездесетін.

Түркі халқына ортақ тұлға Ж. Баласағұни баба әңгіменің әлқиссасын былай бастапты:

«Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған, жаратқан бір Тәңірім!

Рақымды Ием пайғамбарын жіберді,

Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.»

Ал одан кейінгі келген Ахмет Иүгінеки былай деп жырлайды:

«Бір Алла өлтіретін тірілтетін,

Көрерсің сен де оны көзің жетіп.

Иесі құдіреттің жалғыз Құдай,

Өлгендерді тірілту оған оңай.

Айтайын артықтығын Пайғамбардың,

Ұғып ал толғауымен ой мен ардың».

Абылай ханның ақылшысы Бұхар жырау Қалқаманұлы мақтау-мадаққа Құдай Тағаланың лайық екендігін, әңгіменің абзалы иманды түгендеу екендігін жалпақ жұртқа ұғынықты жыр жолдарымен жеткізген.
«Ей, айташы, Алланы айт,

Аты жақсы Құдайды айт.

Төрт шадияр Мұстафа,

Мұсқаф ашқан ғаламды айт.

Тәңірім сөзі – Фұрқанды айт,

Кәләмулла – Құранды айт.

Тәңірім салса аузыңа,

Жан жолдасың – иманды айт.

Жамандыққа жақсылық

Көктемеген Еділді айт.

Ғаршы менен Күрсіні айт,

Лаухы менен Кәләмді айт.

Құдыретімен жаратқан,

Он сегіз мың ғаламды айт.»

Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) халықты ақыретке амал етуге шақырып, насихат айтқан:

«Үлкендер, саған айтайын...,

Мал басына бармаңдар,

Ақырет қамын қармаңдар!

Дүниенің боғы үшін

Сірә, тіпті азбаңдар!

Тентек болма балаға,

Безер болма келінге,

Қадірің кетер еліңе,

Қарауыл қой сөзіңе!

Қанша нәрсе ереді

Өлгеннен соң өзіңе?!

Қарай алмай жүрерсің,

Таңда махшар күнінде,

Құдайыңның жүзіне!

Атаның тілін ұл алмас,

Ананың тілін қыз алмас.

Айта беріп қайтейін,

Өлінің тілін тірі алмас!

Жақыннан шыққан жақсыны

Ағайын-туған көре алмас.

Ақыр заманның белгісі –

Бірге туған бауырың

Тату да болып жүре алмас!»

Данышпан Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) да өле өлгенше жамиғы жұртты хақ жолына, өнер-білімге шақырып өткені баршаға аян. Өресі биік кемеңгер былай деп насихаттайды:

«Алла – мінсіз әуелден, Пайғамбар – хақ,

Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ

Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол,

Тәуилін білерлік ғылымың шақ.

Алланың, Пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз

Пайда мақтан, әуесқой шайтан ісі,

Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?»

Ташкенттегі «Көкелташ» медресесінің түлегі, шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939) өз шумақтарында:

«Серігің жоқ бір Алла, Өлмейтін тіпті тірі, Алла.

Қастық қылған Ханнастың, Тұмсығына ұр, Алла.

«Үмітіңді үзбе!» деп Айтқансың Өзің Құранда.»

Шынында, халықтың ұлттық санасы мен болмысы Ислам дінімен тонның ішкі бауындай астасып, жымдасып кеткен. «Алла – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген қағиданы ертелі-кеш айтып жүрген кең сахара жұртының жадында ислами қағидалар берік орнаған. Олар тіршілігін де, өлімін де мұсылманшылық шарттарына сай атқарып бақты.

«Лә иләһә иллаллаһ!

Иллалада пайда бар.

Білмеген құлға не айла бар?

Жатар жерің қараңғы,

Шамшырағың сайлап ал!»

Қазақ кешкілік ұйықтар алдында да кәлимасын қайталап, тілек тілегенде: «Алла құлым дегей, Пайғамбар үмметім дегей» деп қайырды. Сол арқылы мұсылмандықтың сара жолынан сырт кетпеген.

 

Бектұрсын УӘЛИЕВ

 

Пікірлер Кіру