ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОНАҚ КҮТУ ДӘСТҮРЛЕРІ

08 қараша 2024 457 0
Оқу режимі

Қазақ халқының қонақ күту дәстүрінде қонақ пен үй иесінің арасындағы сыйластық өте маңызды рөл атқарады. Арнайы шақырылған қонақтар «қуыс үйге құр кірме» деп, лайықты сый-сияпат алып келеді. Бұл – қонақтың үй иесіне деген құрметін көрсетеді.

Қазақта қонақтың барған жеріне сыйлық ала баруы ежелден қалыптасқан салт. Қонаққа келген адам үй иесінің қадірлі дастарқанында болып, қонақтың атқаратын міндетіне сәйкес сый-сыбаға алады, ал үй иесі оған сый-сияпат жасап, құрмет көрсетеді. «Қуыс үйден құр шықпау» қазақтың меймандостық қасиетінің көрінісі саналады.

Қонақтың әлеуметтік мәні

Қазақ қоғамында қонақ – рухани бірлік пен сыйластықтың белгісі, ал қонақ күту – адамгершіліктің көрінісі. Қонақтың мәні тек ішіп-жеп қайтуда емес, жан дүниені байытып, рухани байланыс орнатуда жатыр.

Қонаққа бару – жақын адамдардың хал-жағдайын білу, оларды қолдау, қуаныш пен қайғыны бөлісу, елдің өмірінен хабардар болу деген сөз. Бұл дәстүрдің арқасында қазақ халқының бірлігі, ынтымағы сақталып, әр адам өзара түсіністік пен қолдау тауып отырған.

Қонақтың мәртебесі

Қонақ күтудің адамгершілік, кісілік маңызы зор. «Қонақпен еріп құт келеді» деген сеніммен үйіне келген қонақты құрметтеу – қазақ халқының ежелгі салты. Жастар үлкендердің қасында отырып, олардың даналық сөздерін тыңдап, үлкенді сыйлауға, ізет көрсетуге үйренеді. Қонақтардың тәжірибесінен, олардың өмірден жинаған ақыл-кеңестерінен үлгі алып, бойларына жақсы қасиеттерді сіңіреді. Әрбір келген қонақ – өзімен бірге береке, игі тілек әкелетін құнды тұлға саналады, сондықтан қонақтарды құрметпен қарсы алу, қонақжай болу – адамгершілікті тәрбиелейтін ерекше қасиет.

Қонақжайлылық ұлы мәдениеттің айнасы

Қонақжайлылық – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, бүгінге дейін сақталып келе жатқан мәдени құндылығы. Қонақ келсе, шаңыраққа бақыт пен береке келеді деп есептеледі. Қазақы қонақжайлық пен дастарқан көрінісі – халқымыздың мәртебесі, рухани байлығының символы. Қонақты күту, құрмет көрсету, көлігіне жем-шөп баріп, қас-қабағына қарап күту ұлы қазақ мәдениетінің әлемге үлгі боларлықтай ерекше өнегелі дәстүрі деп тану қажет.

Қонақ күту салты тек дастарқан жайып, тамақ ұсынумен шектелмейді; бұл – рухани сыйластықтың, адамгершіліктің көрінісі. Қонаққа көрсетілген құрмет – халқымыздың ішкі жан дүниесін, рухани әлемін, адамгершілік қадір-қасиеттерін көрсететін үлкен мәдени мұра болып табылады.

 

Құдайы қонақ

Құдайы қонақ – қазақ халқының қонақжайлылығының ерекше көрінісі. Қарапайым дала өмірінде, кең пейіл қазақтың үйіне кім келсе де, құшағын ашып қарсы алып, құрметпен күтеді, сыйлайды, ас ұсынады. Қонаққа арнайы сыбаға дайындалып, кейде ақсарбас қойын да соятыны бар. Қазақ үйіне келген кез келген адам – танымаса да, арнайы шақырылмаса да, “құдайы қонақ” деп есептеледі.

Жолаушының құқығы

Сапардағы жолаушы, барар үйін танысын немесе танымасын, жолшыбай кезіккен үйге түсіп, ас ішуге немесе қонып, демалып кетуге құқығы бар. Қазақ үйіне келген қонаққа ешқашан қабақ шытпайды. Керісінше, қонаққа кең дастарқанын жайып, мейірімін төгеді. Қонақпен таныс болмаса, танысып, жаңа байланыс орнатып, аға-бауырдай сырласып кетеді. Ал таныс кісілер болса, өткен-кеткенді еске алып, кең отырып әңгіме-дүкен құрады.

Құдайы қонақ — құдай жіберген қонақ

Құдайы қонақ дегеніміз – арнайы шақырылмаған, бірақ күтпеген жерден келген мейман. Қазақтар құдайы қонақты ешқашан ренжітпейді, себебі мұндай қонақты құдай айдап келген деп санайды. Құдайы қонақ үйге береке мен ырыс әкеледі деп сенген, ал ренжісе, үйдің ырысы азаяды, дастарқанның дәмі бұзылады деген наным бар. Қазақтар: “Құдайы қонақтың артына Қызыр ілесіп жүреді”, “ Қырықтың бірі Қыдыр” деп есептейді, сондықтан мұндай қонақты құрметтеп, риза етуге тырысады.

Жылы қабақ танытып, мейіріммен қарсы алу, ыстық ықыласпен ас-суын ұсыну арқылы құдайы қонақтың рухани биіктігін бағалап, өз отбасының даналығын, адамгершілік қасиетін көрсетеді.

Астан үлкен нәрсе жоқ

Қазақ халқында асты қастерлеу, дәмді құрметтеу ерекше орын алады. Асты дастарқанға жайып, барын қонақпен бөлісу – қазақтың қай кезде де ең үлкен дәстүрі. Қазақтар «Астан үлкен нәрсе жоқ» деп, асты ерекше қастерлейді. Сол себепті құдайы қонақтың шаңыраққа бұйырған несібесін, дәмін қызғану күнә деп саналады. Қонаққа ас ұсыну – сый-құрмет көрсетудің, ырыс-берекені, достық пен мейірімділікті дәріптеудің бірден-бір жолы. Қонақ разы болып, қуанып аттанса, шаңыраққа құт қонады, ырыс артады деген сенім бар.

Құдайы қонақ дәстүрінің бүгінгі көрінісі

Бүгінде де қазақ халқы құдайы қонақ дәстүрін ұмытпай, қонақжайлылықты жоғары ұстайды. Қалада немесе ауылда болсын, қазақ отбасылары үшін үйіне келген қонақты риза ету, кең дастарқанын жайып, жылы қабақпен қарсы алу міндет деп саналады. Құдайы қонақ дәстүрі уақыт өткен сайын өзгергенімен, оның басты қағидалары – мейірімділік, кең пейілділік, бір-біріне деген адалдық пен сыйластық – қазақ халқының мәдениетіндегі маңызды орнын сақтап келеді.

 

Арнайы қонақ

Қазақ халқының қонақжайлылық дәстүріндегі ерекше санат – арнайы қонақтар. Ата-бабаларымыз үйінде той жасаса да, соғым сойса да, маңызды іс-шараны бастаса да немесе алыс сапар алдында болсын, арнайы қонақ шақыруды дәстүрге айналдырған.

Бұл қонақтар қонақжай шаңырақтың берекесі мен мерекесінің куәсі болуға, ерекше құрметке бөленуге арналған жандар. Қазақтар мұндай қонақтарға арнап ақсарбас қойын немесе көк қасқа тайын сою арқылы өзінің сый-құрметін көрсетіп, малдың басын тартып, құрметті дастарқанын жайып, бата жасатады. Мұндай арнайы шақырылған қонақтар қазақ кәдесінде үлкен орынға, ерекше мәртебеге ие болады.

Арнайы қонақты шақыру дәстүрі

Арнайы қонаққа шақыру дәстүрі – қазақтың кең пейілді, қонақжай мінезінің көрінісі. «Ауыл үйдің қонағы айында, жылында болады» деп бекер айтылмаған, себебі қазақ шаңырағына дән толса, үйіне қонақ толады деп сенген. Үйге қонақ келсе, өмірдің мәні артады деп, осындай қуанышты кездерде арнайы қонақ шақыруды ерекше дәстүрге айналдырған. Арнайы қонақтардың шақырылуы тек дастарқанды толтыру ғана емес, үйге қуаныш пен береке әкелетін маңызды жақсы ырым ретінде қабылданған.

Арнайы сыйлықтың мәні

Қазақта арнайы шақырылған қонақтардың өз дәстүрі бар: «Қуыс үйге құр кірме» деп, қонақтар лайықты сыйлықтарын ала келеді. Бұл сыйлық сыйластықтың, алғыстың және ризашылықтың белгісі ретінде саналады. Сонымен қатар, үй иесі де арнайы қонақтарға «қуыс үйден құр шықпайды» деп, өз шама-шарқына қарай әртүрлі сыйлықтар мен сыбаға береді. Мұндай сый алмасу дәстүрі қазақтың береке-бірлігін, өзара сыйластықты, көршілік, туыстық және достық қарым-қатынасты нығайтады.

Қонақжайлық мейірімділік белгісі

Арнайы қонақ шақыру арқылы қазақтар қонақжайлылықтың мән-маңызын көрсетіп қана қоймай, адамгершілік пен сыйластықтың жоғары үлгісін ұстанады. «Шақырғанға бар, шаққаннан қаш» деген ұстаным қазақтардың қонақ шақырғанда қуана баратынын көрсетеді. Мұнда тек ішіп-жеуде емес, сыйластықта, кеңпейілділік пен жүрек жылуында, бір-біріне құрмет көрсетуде жатыр. «Көрші қақысы – тәңір қақысы», «Туыс тұтастығы – тәңір парызы» деген атадан қалған ұлы дәстүрдің маңызын одан сайын арттыра түседі. Арнайы қонақ шақыру арқылы қазақтар өзара тығыз қарым-қатынасты, түсіністікті, дос-жаранға деген сүйіспеншілікті сақтап қана қоймай, адамгершілік қасиеттерін әйгілейді. Бұл әлем халықтарына өнеге болатын ұлы дәстүр.

Қонақжайлық дәстүрінің рухани мәні

Арнайы қонақ шақыру дәстүрі тек материалдық береке мен молшылықтың ғана емес, рухани байлықтың белгісі. Қазақтың қонақжай дәстүрі дәммен дәнекерлескен, адамгершілікке бай, қайырымды, мейірімді қасиеттердің де көрінісі болып табылады. Қонақжайлылық дәстүрі арқылы қазақтар бір-бірімен байланысын барынша күшейтіп, өмірлік серік болатын достыққа, мызғымас туыстыққа, рухани тұтастыққа жол ашады. Қонақтардың арасында сүйіспеншілік пен сыйластыққа негізделген қатынас орнап, рухани бірліктің үлгісін көрсетеді.

Бүгінгі арнайы қонақ

Бүгінгі таңда да қазақтар арнайы қонақ шақыру дәстүрін ұстанып, оны жаңғыртып келеді. Қонақ күтуді жоғары құндылық деп санаған қазақтар әрбір қонағын ерекше сыйлап, қонақжайлылықтың жоғары мәдениетін сақтап, ата дәстүрін атқарып келеді және оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.

Қонақ несебесі

Қазақ «қонақтың өзімен бірге несібесі келеді» деген сеніммен қонағын жанына жақын тартып, дастарқанын барынша жайып, сый-сияпат жасайды. Бұл дәстүр қазақтың жан дүниесіндегі жомарттық пен қайырымдылықтың белгісі. Арнайы қонақтарға көрсетілетін құрмет, қазақ халқының ұлылығын, олардың рухани байлығын және адамдар арасындағы ең жоғары сыйластықты көрсетеді.

Қонақ сыбағасы

Қазақтар арнайы қонақтарына арнап сыбаға тарту етеді. Бұл сыбағаның мәні – қонаққа деген ерекше құрмет пен ықылас. Әдетте, малдың басы, жамбас, қол, омыртқа сияқты бөлшектері қонақтарға арналған арнайы сыбаға ретінде саналады. Малдың басын тарту, батыр тұлғалы жандарға жамбас ұсыну, балаларға омыртқа мен қабырға беру – әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар дәстүрлі салттар. Арнайы сыбаға арқылы қазақтар өздерінің қонаққа деген құрметін көрсетеді әрі осылайша қонаққа деген ыстық ықыласын білдіреді.

 

 

Қыдырма қонақ

Қыдырма қонақ – қазақ халқындағы ерекше дәстүрдің бірі. Әдетте мереке, демалыс күндері ауыл азаматтары топ болып, әр ауылға, әр үйге қыдырып шығады. Бұл сапарлар жай қыдырып, демалу үшін емес, үлкендерге амандасып, арнайы сәлем беру, хал-жағдайын білу, көңіл сұрау үшін ұйымдастырылады. Ауыл адамдары қыдырма қонақтарды жылы қабылдап, «елеп-ескеріп келген қонақ» деп, дастарқанына шақырып, сыйлап күткен. Қонақтарды қабылдаудың бұл ерекше дәстүрі қазақтың қонақжайлылық дәстүрлерінің бірегей мысалы болып саналады.

Қыдырма қонақтың мәні

Қыдырма қонақ дәстүрінің басты мәні – адамдар арасындағы береке-бірлікті нығайту, туыс-туғанның арасын жақындату. Бұл дәстүрдің басты мақсаты – адамдардың бір-біріне деген құрметін арттыру, қоғамда түсіністік пен сыйластық орнату. Қыдырма қонақтар тек тамақ ішіп, көңіл көтеру үшін қыдырып жүрмейді. Қайта рухани және адамгершілік құндылықтарды сақтау және үгітеу мақсатында қыдырып шығады. Олардың әрбір үйге баруы – жақын адамдардың жағдайын білу, ауырған-сырқаған адамдардың көңілін сұрау, алыс-жақын ағайынның амандығын тілеу сияқты үлкен ададми құндылықтарды амалияты арқылы көрсетіп жүреді.

Қыдырма қонақтың ерекшеліктері

Қыдырма қонақ қазақ қоғамының әлеуметтік байланыстарын нығайтуға ықпал етеді. Бұл дәстүр әр адамның ауыл-үй арасындағы қарым-қатынасын, достығын арттырып, рухани байлығын кеңейтеді. Қыдыра жүріп, қонақтар жаңа жаңалықтар, ой-пікірлермен бөліседі, ауылдастарын сырласуға, ақыл-кеңес алмасуға шақырады. Қыдырма қонақтың арқасында ел арасында жаңа хабарлар тарап, әр үйде жаңа идеялар мен жақсы бастамалар туындап отырады. Жас-қыз жігіттер бейтаныс ауылдан өз теңдерін тауып, махаббат байласып, екі ауылдың құдалық жолын да жалғап жүреді. Сондықтан қыдырма қонақтың ауыл өміріндегі орны мен мәні тіптен өзгеше деуге болады.

Қыдырма қонақтың тәрбиелік мәні

Қазақта «Қыдырма қонақтан қырық ауыз сөз қалады» деген нақыл бар. Қыдырма қонақ арқылы жас ұрпақ үлкендердің тәрбиелік сөздерін тыңдап, үлгі-өнеге алады. Қыдырып жүрген қонақтар жастарға рухани бағыт-бағдар береді, адам санасын, ой-пікірін жаңартып, өмірдің мән-мағынасын ұғындырады.

Қыдырма қонақтың пайдасы

Қыдырма қонақ дәстүрі жеке адамдардың қарым-қатынасын ғана емес, ауыл ішіндегі ынтымақ пен татулықты да нығайтады. Ауыл адамдары арасында ауызбіршілік пен ортақ мақсат қалыптасады. Адамдарды жақсы жолда жүруге шақырады.

Бұл – қазақ қоғамының бірегей ерекшелігі әрі рухани байлығы. Қыдырма қонақ арқылы бірлікке, мейірімділікке, адамгершілікке негізделген қазақ салт-дәстүрлер бүгінгі күнге дейін сақталып келеді.

 

Жаңа заман қонақтары

Қазақ мәдениетінде қонақтарға ерекше құрметпен қарайды, және қонақтардың түрлері мен олардың мәртебесіне қарай қызмет көрсету рәсімдері мен дәстүрлері бар.

1. Келіншек қонақ - Жаңа түскен келін немесе жас әйел, отбасы мүшелері мен ересек адамдар арасында сый-құрметке ие.

2. Күйеу қонақ - Жас жігіт, жігіттер мен ересек ерлердің арасында, отбасында, ағайындар арасында ерекше мәртебеге ие.

3. Беташар қонақ - Жаңа келген қонақ, той немесе мереке кезінде арнайы шақырылған адам.

4. Сырлас қонақ - Ағайын-туыс, дос, жақын адам, оларды үйге жиі шақырады және ерекше жылылықпен қарсы алады.

5. Шет елден келген қонақ - Басқа елдерден келген адамдар, оларды арнайы күтіммен қарсы алады және қазақ мәдениетін таныстырады.

6. Алыс жолдан келген қонақ - Ұзақ сапардан келген адамдар, оларға ерекше қамқорлық жасалады, тамақ және демалыс қамтамасыз етіледі.

7. Сыйлы қонақ - Қоғамда белгілі, танымал адамдар, оларға ерекше құрмет көрсетіледі.

8. Құрметті қонақ - Мерекелік немесе маңызды іс-шараларда арнайы шақырылған, қадірлі адамдар.

Қазіргі замануи қонақтарды қарсы алу мен оларға қызмет көрсету дәстүрлері өте бай, олар көбінесе ас дайындау, сыйлықтар беру және арнайы рәсімдерді орындау арқылы көрінеді.

 

Болат БОПАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру