ҚАЗАҚ ДАСТАРХАНЫНЫҢ КИЕСІ

15 қараша 2024 317 0
Оқу режимі

Қазақ дастарханы

Атам қазақ дастарханды ерекше қадірлеп, оған қасиетті орын ретінде қарап, әрқашан кең әрі мол болуын қалаған. «Дастарханың кең болсын, пиғылың оған тең болсын» деген батасы — қазақтың қонақжай дастарханының бейнесі. «Дастарқанда дән тұрса, үйде мән тұрады, тірлік баянды болады» деп қазақ аналары дастарқаннан дән үзілмеуін тілеп, келген қонаққа молынан дастарқан жаяды. Мұндай мейірімділікпен жайылған дастарқан тек қонақтың көңілін көтеріп қана қоймай, үйге құт-береке әкеледі.

Дастархан мәзірін әзірлеу дәстүрі

Қазақтың қонақжай дастарханының сәні мен мәні ерекше. Келген қонақтың алдына бауырсақ, нан, құрт, ірімшік, сары май, қаймақ, қатық, қант, тәттілер және түрлі жеміс-жидекпен безендірілген дастарқан жайылады. Әр тағамды әдемі етіп тізіп, қонақтың көңілін аулауға тырысады. Шай құюда да қазақтың өз ерекшелігі бар — қонақтарға қою қаймақты шай ұсынылады. Қазақ әйелдері дастархан басына нәзік отырса да, қонағын ықыласпен, үлкен құрметпен күтеді. Ерекше мейрамдарда ақсарыбас қой сойып, ет асып, дастарқанды мол ет пен басқа да ұлттық тағамдармен толтырады. Қазақта мұндай ас ішу дәстүрі «дастарқан дәмі» деп аталады.

Берекенің нышаны — ақ дастархан

Атаның ақ жолы мен ананың ақ дастарханы қазақ халқының бейбітшілік пен мейірімнің нышаны. Ақ дастархан — өмірдің мәні мен берекесінің белгісі. Қазақ халқының айтуынша, «дәм — дәнекер», яғни адамдар арасындағы байланыс пен татулық дәм-тұз үстінде нығаяды. Қазақтар келелі істі дастарқан басында шешіп, бір-біріне деген сенімді нығайтады. Ал, дастарқаннан аттаған адамды «дәм атқыр» деп қарғап, дастарханға деген құрметті ұмытпауды талап етеді.

Дастархан дәстүрінің маңызы

Қазақ халқы «Ас адамның арқауы» деп, нанды қастерлеп, ас пен тұзды аяқасты етпеуді әрдайым ескертеді. Қазақтар «Ас айныса, бастан бақ кетеді» деп, тағамды құрметтеу арқылы үйдің берекесі мен амандығын сақтайды. «Нан – қан, қан – жан» деп ассыз өмірдің мүмкін емес екенін, дастархансыз береке болмайтынын ұғынады. Сондықтан, қазақ дастарханының дәмі – халықтың мәдениетінің негізі, оның байырғы дәстүрлерінің айқын белгісі.

Қонақжайлылықтың қасиеті

Қазақ халқының қонақжайлылығы — ежелден келе жатқан асыл қасиет. Қонақ күтуді құрметтеу, оларға ең жақсысын ұсыну қазақтың қанына сіңген дәстүр. Үйге келген қонақ — ырыс пен берекенің, бақ пен құттың нышаны саналады. Қазақ халқы «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деп, қонақтың үйге жақсылық әкелетініне сенеді. Қонаққа дастарқанды мол жайып, ең дәмді тағамдарды ұсыну арқылы қазақтар өздерінің кеңпейілдігі мен жомарттығын көрсетеді. Қонақ кәдеге шақырылып, оған ақ пейілмен ақ дастархан жайылады. Мұндай дастарқан басында адамдар арасындағы достық пен сыйластық нығайып, үй иелеріне де рухани қуаныш сыйлайды.

Дастархандағы бірлік

Қазақ дастарханы тек қана тағамды бөлісу емес, ол бірліктің, ынтымақтың символы. Қазақ «дәм-тұзымыз жарассын» деп, достықты, бірлікті бекітіп, кез келген келеңсіздікті дастарқан басында шешуге тырысқан. Осындай ортада айтылған жылы сөздер мен берілген баталар халықты жақындастырып, өзара түсіністік пен қолдауды нығайта түседі. Көптеген мәселе дастарқан басында, дәм-тұз үстінде шешіліп, татулықтың негізі қаланады. Сондықтан, қазақ үшін дастарқан — бейбітшіліктің символы, бірлік пен бауырмалдықтың негізі.

Астың қасиеті мен құдіреті

Қазақ халқы ас пен дәмді ерекше қастерлеген. «Ас – адамның арқауы» деп, тағамды жай ғана физикалық қажеттілік деп қарамай, рухани құндылық ретінде бағалаған. Нанды далаға тастамау, тағамды баспау сияқты ұғымдар әрбір қазақтың санасына сіңген. Ас дәмінің қадірін білу, оны дұрыс тұтыну – қазақтың дәстүрінде киелі ұғым. Ас пен дәмнің құдіретін түсінген қазақтар оны қасиетті нәрсе деп біліп, әр тағамға ерекше құрмет көрсеткен. Асты қадірлеген адам – өзі де құрметке лайық болады деп сенген.

Дастархан мәңгілік мұра

Қазақ халқы дастарханды ұрпақтан-ұрпаққа жететін мұра ретінде қарастырады. Әр дастарқан жайылған сайын, ата-бабалар рухы, олардың даналығы мен кеңдігі жаңғырып тұрады. Қазақ үшін дастарқан тек бүгінгі күннің ғана емес, өткен дәуірлердің де куәсі. Дастархан басында айтылған әңгімелер мен берілген баталар кейінгі ұрпаққа өнеге болып, оларды тәрбиелеудің бір жолы ретінде қаралады. «Дастарқан жайған үйге құт қонады» деген ұғым арқылы қазақтар дастарқанды тек қана тамақтану орны емес, өмірдің маңызды бөлігі ретінде қабылдаған. Осылайша, қазақтың дәстүрлі дастарханы — ұлттық болмысымыздың, мәдениетіміздің айнасы. Дастарханның кеңдігі мен берекесі арқылы халқымыздың өмірге деген көзқарасы мен ішкі мәдениеті айқындалады. Ол қашан да достық пен бірліктің, ынтымақ пен бауырмалдықтың көрінісі болып қала бермек.

 Болат БОПАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру