Қабір өмірі

04 тамыз 2021 8006 0
Оқу режимі

Алла Тағала алдымен топырақтан пішін жасап адамды бейнелеп, артынан оған жан бергендіктен, пенде жан мен тәннен тұрады. Адам өмірі төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – рухтар әлеміндегі өмір, яғни тәніміз жаратылмастан бұрын жанымыздың бар болуы. Алла Тағала рухтарды жаратып алып, оларға алғашқы тәблиғды жасағанын аятта былай деп келтіреді: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде, олар: «Әрине, куәміз», – деген. Қиямет күні бұдан хабарымыз жоқ демеңдер»[1]. Екінші кезең - осы өмірдегі тіршілігіміз. Бұл өмірдегі тіршілік өмірге келумен басталып, бұл пәнимен қош айтысумен аяқталады. Дүние өмірінің ең ұлы мақсаты – әркімнің ақырет үшін не істей алғандығы, сынақтан қалай өткендігі, нәтижесі қалай болатындығымен өлшенеді. Үшінші кезең – өлгеннен кейінгі қиямет күніне дейінгі аралық, яғни бұл кезең қабір өмірінен тұрады. Төртінші кезең – қиямет қайымның басталуынан мәңгілікке дейін созылған ақырет өмірін қамтиды.

Қабір өмірі – ақырет өмірінің есігі, ақыреттің бастамасы не баспалдағы іспетті. Қайтыс болған кісі мейлі көмілсін, мейлі көмілмесін, мейлі хайуанаттарға жем болсын яки суға батып, отқа жанып күл болсын, қандай жағдайда жан берсе де ол кісі үшін қабір өмірі басталған болып саналады.

Екі түрлі қиямет бар. Біріншісі – қабір өмірінен бастау алатын кіші қиямет. Екіншісі – Исрафил періштенің Сурға үрлеуімен басталатын нағыз қиямет қайымның басталуы. Адам жан беріп, қабірге қойылған соң Жаратушысына есеп беруге көшеді де Мункәр, Нәкир атты екі періштенің сұрақ-жауабы басталады. Сұрақтың біріншісі «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Қай дінді ұстандың?» деп, одан әрі рет‑ретімен жалғаса түседі. Дүниеде иманды, салиқалы ғұмыр кешкен кісі бұл сұрақтарға мүдірмей дұрыс жауап береді. Мұндай жандарға жәннат есіктері ашылып, жәннаттың кереметтері көрсетіледі. Егер марқұм болған кісі имансыз яки мунафиқ болып дүниеден өткен болса, екі періштенің сұрақтарынан тосылады[2]. Ондай пенделерге тозақ есіктері ашылып, ондағы азаптың белгілері көрсетіледі. Сондықтан қабірде имансыз жан азап шегеді де, иман еткен мумин сыйға бөленеді.

Әһли сүннет сенімі бойынша, иман етпеген кәпірлер мен кейбір күнәһар муминдер қабір азабын тартады. Имам Ағзам Әбу Ханифа[3] және өзге де Матуридия мектебінің ғалымдары да аят пен хадиске сүйене отырып, бұл мәселені бірауыздан қабыл еткен[4].

Ғалымдар қабір азабының хақтығына қатысты дәлел ретінде төмендегідей тұжырымдарды келтіреді:

1. Құранда Ферғауын және оның адамдары қиямет қайымға дейін қабірде азап шегетіндігі туралы айтылады: «Олар ертелі-кеш отқа тасталады. Қиямет-қайым болған күні: Ферғауындықтарды азаптың ең қаттысына кіргізіңдер»[5].

2. «Алла сондай иман келтіргендерді, дүние тіршілігінде де, ақыретте де мықты сөзбен бекітеді»[6]. Бухаридің риуаяты бойынша, бұл аят қабірдегі азаптың болатындығын білдіреді. Себебі, бұл аяттың қабір азабы жайында түскендігін Хазіреті Пайғамбарымыз сахабаларына айтқан.

Ал, Хазіреті Пайғамбарымыздың төмендегі хадистері қабір азабының болатындығын ашық әрі анық түрде баян етеді.

1. Абдулла ибн Аббастан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз бір зираттың қасынан өтіп бара жатып екі қабірді көрсетіп, сол қабірде жатқан екі мәйіттің азап шегіп жатқандығын сахабаларына айтады. Пайғамбарымыз: «Мына қабірдегі екі мәйіт не үшін азап шегіп жатқанын білесіңдер ме?» - деп сұрағанда сахабалары: «Алла және Оның Елшісі біледі», - десті. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз: «Бұл екеуі де үлкен күнәнің азабын шегіп жатқан жоқ. Бірі кіші дәреттен сақтанбайтын, екіншісі өсек таситын. Бұлардың қиналып жатқандары әлгі екі әдеттің азабы», - деп үн қатты да, бір жас шыбықты алып, екіге бөліп, екеуінің қабірінің басына егіп қойды. Соңынан: «Осы екі шыбық қурағанға дейін бұл екі адамның қабірдегі азабын жеңілдетеді»[7] деді.

2. «Қабір жәннат бақшаларынан бір бақша яки жәһәннам шұңқырларынан бір шұңқыр»[8].

3. Келесі бір хадисте: «Мәйіт қабірге көмілгеннен кейін біреуі - Мункәр, екіншісі - Нәкир деп аталатын қара көк түсті екі періште келеді де, қабірдегі кісіге: «Анау Мұхаммед (с.ғ.с.) деген кісі жайында не айтасың?» - деп сұрайды. Ол: «Ол Алланың құлы және Елшісі. Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның құлы және Елшісі екендігіне куәлік етемін» деп жауап береді. Бұдан кейін екі періште: «Біз сенің осылай айтатындығыңды білген едік», - дейді. Содан кейін олар оның қабірін жетпіс құлаш кеңейтеді. Кейінірек ол мәйіттің қабірін жарық қылады. Ең соңында періштелер мәйітке: «Жат, ұйықта», - дейді. Періштелер оған: «Сен төсектес болған (әйелің) және ең көп жақсы көрген кісі жағынан ояндырылатын махшар күніне дейін ұйықтай бер», - дейді. Егер өлген кісі мунафиқ болса, періштелерге былай деп жауап береді: «Елдің Мұхаммед жайында бір нәрселер айтқанын естідім. Мен де солар сияқты айттым. Одан басқа ештеңе білмеймін». Періштелер оған: «Осылай дейтініңді білген едік», - деседі. Содан кейін қара жерге: «Мына адамды сыға алғаныңша сық», - дейді. Қара жер оны сыққан сайын сыға түседі. Сыққандығы соншалық, сүйектері сырқырап кетеді. Әлгі бейбақ махшар күніне дейін қабірде осылай азап шегеді»[9].

4. Бірде Хазіреті Осман бір қабірдің қасында тұрып, сақалы су болғанша жылайды. Қасында тұрған кісілер оған:

- Сен жәннат пен тозақты айтқан кезде жыламайсың да, қабірді көріп мұншалықты неге көп жылайсың? – деп сұрайды. Сонда Хазіреті Осман:

- Расулулла былай деген еді: «Шындығында қабір ақырет қонақтарының алғашқысы. Егер өлген кісі одан сәтті өтсе, одан кейінгі кедергілер оған жеңіл болады. Ал егер пенде одан құтыла алмаса, яғни қабір азабын шексе, кейінгі сатылар одан да бетер ауыр болады», - деді. Хазіреті Осман сөзін ары қарай жалғастырып былай дейді:

- Расулулла бұған қоса: «Мен дүниеде қабірден бетер сүйкімсіз әрі қорқынышты ештеңе көрмедім»[10] деді. Хазіреті Осман қабірге көміліп жатқан мәйітті көрген сәтте мына бір өлең жолдарын еске алатын: «Егер сен қабір азабынан құтылсаң, үлкен бір пәлекеттен құтылғаның. Егер одан құтылмасаң, тіпті құтылуың жөнінде ойлай да алмаймын»[11].

5. Фатима бинти Әсәд Пайғамбарымыздың көкесі Әбу Тәлібтің жары, Хазіреті Әлидің анасы еді. Ол алғаш иман еткен мұсылмандардың бірі болып, Мадинаға көшкен болатын. Пайғамбарымызға бала жасында көп қызмет жасаған бұл әйел оны өз балаларынан артық жа- нына жақын көретін. Сондықтан Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) те оны ерекше сыйлап, құрмет көрсететін. Фатима ханым хижреттің төртінші жылы (626) Мадинада қайтыс болады. Ол қайтыс болғанда Хазіреті Пайғамбарымыз оған деген ілтипатын: «Бүгін анам қайтыс болды» деген сөздерімен білдірген.

Фатима ханым қайтыс болғанда, Пайғамбарымыз үстіндегі көйлегін (жейдесін) шешіп оған кебін қылды және жаназасын да өзі шығарды. Сонан соң Пайғамбарымыз оның қабіріне өзі түсіп біраз уақыт жатып көреді де, жылап тұрып мәйітті жайғастырады. Сахабалар мұны көріп: «Уа, Расулулла! Сенің бұрын-соңды бұлай жасағаныңды көрмеп едік», - деп таңырқайды. Алла Елшісі оларға:

«Әбу Тәлібтен кейін осы әйелдей маған жақсылық жасаған ешкім болған емес. Жұмақтың жібегін жамылсын деп өз көйлегіммен кебіндедім. Қабірде өткізетін сәттері оңай болсын деп көріне өзім жатып тұрдым» ‑ деп жауап береді[12].

Қабір азабы тек кәпір мен күнәһар мұсылмандар үшін ғана дегенімізбен мұның негізгі ақиқатын бір Алла қана біледі. Дегенмен о дүниелік болған әрбір пенде қабірде сан‑алуан сұраққа тартылып, тиісті жазасына, не болмаса лайықты сыйына қауышатыны сөзсіз. Себебі, Хазіреті Пайғамбарымыз Сағд ибн Муаз есімді сахабасы қайтыс болғанда былай дейді: «Әлбетте, қабір қысымы бар. Егер одан біреу құтылар болса, Сағд ибн Муаз құтылар еді»[13].

Имам Ағзам Әбу Ханифа айтуы бойынша, қабірде пайғамбарлардан, содан соң сәбилер мен шейіттерден сұрақ сұралмайды[14].

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына үнемі мына дұғаны үйрететін. Алланың қалауымен біз де осы дұғаны айтуды әдетке айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді:

«Аллам, расында да мен тозақ отынан Саған сиынамын. Қабір азабынан Саған сиынамын. Мәсих Дәжжалдың фитнәсінен Саған сыйынамын. Өмір мен өлімнің фитнәларынан Саған сиынамын»[15].

Смайыл Сейтбеков


[1] Ағраф, 172
[2] Тирмизи, Қияма – 26
[3] Имам Ағзам Әбу Ханифа, Фиқһул-әкбар, ж.к.е., 26-бет.
[4] Нуреддин әс-Сабуни, Матуриди акайди, аударған: Бекир Топалоглу, Анкара, 1979, 185-бет; Мәтнул акайди ли-Умари ән-Нәсәфи, 6-бет.
[5] Ғафыр, 46
[6] Ибраһим, 27
[7] Бухари, Жанайз 82; Муслим, Иман 34; Әбу Дәуіт Тахара 26
[8] Тирмизи, Қиямет, 26
[9] Тирмизи, Жәнәиз, 70
[10] Ибн Мәжа риуаяты
[11] Имам Шарани, Өлүм – киямет – ахирет ве ахир заман аламетлери, аударған: Халил Гүнайдын, Бедир баспасы, Истанбул, 92-бет.
[12] Дамира Өмірзаққызы Ибрагим, ж.к.е., 405-бет.
[13] Ахмад ибн Ханбал, 6/55
[14] Алиюл Кари, Фыкхы Екбер, аударған: Ю.Вехби Явуз, Истанбул, 1979, 259-бет.
[15] Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мәжа риуаяты

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру