ПСИХОЛОГИЯ ЖӘНЕ ИСЛАМ

26 қараша 2024 107 0
Оқу режимі

Қазіргі әлемжелі елімізде қандай тақырыптар қозғалып жатқандығын тұрақты еске салып тұрады ғой. Дін ұстанушылардың арасында бірнеше бағытта пікірталас өрбіп жатқанын байқадым. Олардың бірі сәләфилік-уахабилік бағыт өкілдерінің тик-ток желісіндегі белсенділігі, кәдімгідей дін тақырыбында пікірталас ұйымдастырып жергілікті имамдармен, исламтанушылармен таласуы. Бұл өте қауіпті үрдіс. Тыңдап отырған олардың жақтасы болса сенімдері беки түседі, басқа адам болса оларға қызығушылығы оянады. Сондықтан, еліміздегі заңсыз миссионерлік баптары бойынша кез-келген діни уағыз айтуға құзыреті жоқ теріс ағым өкілдерін жауапқа тарту ләзім. Имамдарымыз да олармен бітпейтін таласқа түсуден аулақ болуы керек. Бұл талас бүгін немесе кеше басталған талас емес. Ғасырлар бойы догматикалық ұстаным өкілдері мен рационалистік ұстаным өкілдерінің арасында жалғасып келе жатқан дүние. Әһли хадис пен әһли рай арасындағы теке-тірес қой. Сондықтан біз ұстанатын діни жол ол діни мәтіндерді қисынды түсіну және соған сай Аллаға жақындау жолы. Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,

Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат!...

...«Ақылыңа сынат, -деп дәлел айтқан»,

Құраннан табылады талай аят, -дегендей мәселе.

Екінші бір мәселе, еліміздегі психология саласындағы адамдар мен қалыпты дін өкілдерінің арасындағы пікірталас. Бұл жерде де жоғары-төмен әңгімелер бар. Дін өкілдері ислам туралы пікірді тек өздерінің (олардың пікірінше үмметтің ұстанымы) ұстанымдарына сай талқылау, түсіну қажет. Ал психологиядағы кейбір діни сенім жүйесіне келмейтін пікірлерді адасушылыққа балайды. Жалпы психологияның ішіндегі психосоматика саласы адамның жан мен тәнінің байланысын қарастырып, тәндегі болып жатқан көптеген аурулар мен қиыншылықтардың астарында жанның басынан кешкендері болмаса рухани түсініктер жатқандығын дәйектейді. Құранда да: «Адамның басына не келсе ол өзінің қолымен жасағаны себепті» деген мағынада аят бар ғой. Бұл тұрғыдан олардың пікірінде ақиқат пайы бар. Халқымызда да «Тәні саудың жаны сау» демей ме?! Жан мен тәннің байланысы исламнан ұзақ дүние емес негізі. Бірақ, барлық адамдар өздерінің жанын игере алам ма, өзін тани ала ма бұл енді күрделі мәселе. Сондықтан, Шәкәрім қажы айтқандай:

«Анықты ешкім тапқан жоқ,

Іздемей қарап жатқан жоқ.

Әлімді залым қылатын

Шатақ діндей қақпан жоқ! Өзімізді табамыз деп, көп ақша табамыз деп псевдопсихологтардың қалтасын томпайтып жатсақ ол да орынсыз іс болады. Бірақ, жанға жақын пікір айтатын, өзіңді тануға көмектесетін, расында адам баласына жақсылық ойлайтын мамандар болса оған діннің де ғылымның да таласы болмауы қажет деп ойлаймын!

Kenshilik Tyshkhanuly

 

 

Пікірлер Кіру