ПОЙЫЗДА, ҰШАҚТА ЖӘНЕ ҚАТЫНАС КӨЛІКТЕРІНДЕ НАМАЗ ОҚУ ҮКІМІ

30 сәуір 2024 2007 0
Оқу режимі

 بسم  الله الرحمن الرحيم   الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين  

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.   Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!   Әр намаз өз уақытында оқылуы тиіс. Құран Кәрімде:

 ﴿ إِنَّ الصَّلَاةَكَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا ﴾

«Анығында, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (өтелсін деп) парыз етілді»[1], – делінген.  

Намазды ешбір себепсіз қаза қылуға болмайды. Сондықтан пойызда, ұшақта, не автобуста болсын, парыз және уәжіп намаздарды қалдырмай оқу керек.   Негізінде, намазды тұрып оқу парыз. Өйткені парыз намазды тік тұрып оқи алатын адамның отырып оқуы дұрыс емес. Құран Кәрімде:

﴿ وَقُومُوا لِلَّهِ قَانِتِينَ ﴾

«(Намазда) Аллаға бойұсынған түрде тұрыңдар»[2], – делінген.  

 Имран ибн Хусайн риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

صلّ قائماً، فإن لم تستطع فقاعداً، فإن لم تستطع فعلى جنب

«Намазды тік тұрып оқы. Шамаң келмесе, отырып оқы. Оған да шамаң келмесе, жамбастап жатып оқы»[3], – деді.  

 Белгілі себептермен (ауру, бас айналу т.б.) тік тұрып намаз оқи алмаса, отырып оқиды. Отырған күйінде қолдарын байлап, аяттарды оқиды, тізесіне таянып, сәл иілген хәлде рукуғ жасайды. Сәждені әдеттегіндей орындайды.   Отыруға шамасы жетіп, алайда иіліп рукуғ пен сәжде жасауға шамасы келмесе, отырған күйінде рукуғті сәл еңкейіп, сәждені төменірек иіліп орындайды[4].

  Жолаушы намазды құбылаға қарап оқиды. Өйткені парыз намаздарда құбылаға қарау – шарт. Құбылаға қарауға мүмкіндік болмаса, оның оқасы жоқ. Ұшақта, автобуста орындығының отырған бағытына қарап оқиды. Ал пойызда мейлінше құбыла жаққа қарауға тырысады.   Құран Кәрімде:

 ﴿ وَمَا جَعَلَ عَلَيْكُمْ فِي الدِّينِ مِنْ حَرَجٍ ﴾

«(Алла Тағала) Сендерге дінде ешқандай ауыртпалық артқан емес»[5] және

 ﴿ فَاتَّقُوا اللَّهَ مَا اسْتَطَعْتُمْ ﴾

«Шамаларың келгенше Алладан қорқыңдар»[6], – деп баяндалады.  

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жағфар ибн Әбу Тәліпті (одан Алла разы болсын) Эфиопияға жіберіп жатқан кезде: «Батып кетуден қорықпасаң, (кемеде) тұрып оқы», деп бұйырған[7].

 Ал тағы    бір хадисте: «Ол сахабалармен намазды кемеде кілемнің үстінде отырып оқыды»[8], – деп айтылған.

  Әбу Ханифаның (Алла оны рақымына бөлесін) көзқарасы бойынша суда кетіп бара жатқан кемеде ешқандай себеп болмаса да, парыз және уәжіп намаздарды отырып оқуға рұқсат етіледі. Мүмкіндік болса, тік тұрып немесе кеме тоқтаған кезде су жағасындағы жерге түсіп намаз оқығаны абзал. Бірақ, жағалауда байланып тұрған кемеде намазды себепсізден себепсіз отырып оқу дұрыс емес[9].   Ұшақта, пойызда және сапарға шыққан автобуста намаздың қиям, рукуғ және сәжде парыздарын толық орындауға шамасы келмесе, отырып, ишарамен орындауға рұқсат етіледі. Ал құбылаға қарау мүмкіндігінше орындалады.  

     ҮКІМ:  

 1. Пойыз, ұшақ және басқа қатынас көліктерінде парыз және уәжіп намаздарды оқу үшін төмендегі шарттардың болуы міндетті:  

а) жерге түсіп намаз оқуға мүмкіндік болмаса (мысалы, жер лай, дала қатты суық, боран т.б.);   ә) жерге түсіп намаз оқу өзіне немесе мал-мүлкіне қауіп төндірсе;  

 б) жолда аялдағанға дейін намаз уақыты өтіп кететін болса.  

 2. Қатынас көліктерінде оқылатын парыз, уәжіп намаздардың парыздары (құбылаға қарау, қиям, рукуғ, сәжде т.б.) мүмкіндікке қарай толық орындалуы керек. Ал нәпіл және сүннет намаздарда құбылаға қарау, қиямда тұру міндет емес.   3. Жолдағы қатынас көліктердің бірінде оқылған намаздың қайта өтелуі міндетті емес.

 

[1] «Ниса» сүресі, 103-аят.

 [2] «Бақара» сүресі, 238-аят.

 [3] Сахих Бухари, 1/376, №1066.

 [4] «Әл-Һидая», Бурһануддин әл-Марғинани, 1/347.

[5] «Хаж» сүресі, 78-аят.

 [6] «Тәғабун» сүресі, 16-аят.

[7] «Мустадрак», 1/409, №1019.

 [8] Абдураззақ шығармасы, 2/582, №4554.

[9] «Марақи әл-фәлах», Хасан ибн Аммар аш-Шурунбулали, 346-348.

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=891

Дереккөз: http://fatua.kz/kz/post/view?id=891

Пікірлер Кіру