ПЕРІШТЕЛЕР ЖЫНЫСҚА БӨЛІНЕ МЕ?

22 қараша 2023 2375 0
Оқу режимі

Періштелер ұрпақ қалдырып, көбеюге мұқтаж емес. Яғни, олар жынысқа бөлінбейді. Ислам діні келгенге дейінгі араб қоғамының періштелер жайлы сенімдері тым таяз болатын. Олар періштелерді «Алланың қыздарына» балап, ұл балаларды артық көретін.

Ұлы Жаратушы бұл айтылған пікірлерді жоққа шығару үшін «Олардан (Меккеліктерден) сұра: Қыздар Раббыларынікі де, ұлдар олардікі ме? Немесе періштелерді әйел жынысынан жаратқанымызға олар куә ме? Сақ болыңдар! Олар жалғандарын айта береді: Алланың баласы бар деп олар мүлде өтірік айтады. Алла ұлдардан гөрі қыздарды артық көре ме? Сендерге не болды? Қалай шешім етесіңдер? Түсінбейсіңдер ме? Не сендердің ашық бір дәлелдерің бар ма? Шыншыл болсаңдар кітаптарыңды әкеліңдер. Олар Алла пен періштелер арасында ұрпақтық байланыс ұйғарды. Расында періштелер олардың Алланың алдына келтірілетінін біледі. Алла олардың сипаттауларынан пәк», – деді.

Зұхрұф сүресінде:

«Олар Алланың құлдары періштелерді өздерінше әйелдерге балайды. Олар (періштелердің) жаратылуын көріп пе еді? Олардың бұл куәліктері жазылады және сұраққа алынады»;

Және Нахыл сүресінде:

«Олар: Алланың қыздары бар, – деседі. Алла одан пәк» деу арқылы бұл пікірдің мүлдем теріс екендігін аңғартады.

Періштелердің қанаттары бар ма?

Әдетте періштелер жайлы сөз еткенде, олардың қанаты бар ма, жоқ па деген сұрақтың ойға оралатыны белгілі. Періштелердің қанаттары мен олардың саны жайлы мәліметтер Құран аяттары мен хадистерде де көптеп кездеседі. Құранда:

«Көктерді және жерді жасаған сондай-ақ екі, үш және төрт қанатты періштелерді елші қылған Аллаға барлық мақтау лайық. Ол жаратуда қалағанын арттырады. Күдіксіз Алланың кез-келген нәрсеге толық күші жетеді»,– деп екі, үш және төрт қанатты періштелердің бар екендігі айтылуда. Аят соңындағы «Ол (Аллаһ) жаратуда қалағанын арттырады» сөзі Алла Тағаланың одан да көп қанатты періштелерді жаратқандығына ишара болса керек. Алайда періштелердің қанаты біздің түсінігіміздегі яғни құстардікіндей қанат емес. Қанаттарының бір ерекшелігі сол олар өте жылдам қимылдайды. Сол себепті олар Алла Тағаланың әмірін қас қағым сәтте орындайды. 

Куртубидің «әл-Жамиу ли-әһкамил Құран» атты тәпсірінде пайғамбарымыз миғражға шыққанда Жәбірейілді 600 қанатпен көргендігін айтса, Исрафил періштенің 12 000 қанатты екендігін, олардың бір қанатының өзі көкпен жердің арасындағы кеңістікті жауып тұрғандығын айтады. Әрине, бұны біз білетін қанат деуге келмейді. Періштелердің жаратылысының өзі бұл дүниедегі жаратылыстарға ұқсамағандықтан, олардың қанаты да дәлме-дәл құстардікіндей, не ұшақтың қанатындай дей алмаймыз. Періштелер адам ойы мен қиялынан тыс тұрады. Сол себепті олардың шынайы болмысы Ұлы Алла пен оларды көрген пайғамбарларға ғана аян.

 

 

 

Пікірлер Кіру