Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі қатысқан үйлену тойы

19 қыркүйек 2020 7285 0
Оқу режимі

Хақ пайғамбар хазіреті Әнәске сахабаларды шақыруды бұйырды. Көп ұзамай сахабалар да жиналып отыра бастады. Осы кезде Алла елшісі хазіреті Әлиге қарап: «сөз сөйле», - деді. Хазіреті Әли ұяла-ұяла орнынан тұрып азғана сөз сөйледі. Артынан Алла елшісі де қысқаша сөз сөйлеп қызы Фатиманы 480-500 дирхам мәһірмен хазіреті Әлиге бергенін айтты. Хазіреті Әли қатты қуанып: «Разымын, Пайғамбарым!», - деп дереу сәжде етіп, Алла Тағалаға шүкіршілік білдірді. Алла елшісі құттықтап: «Осы неке екеулерің үшін де мүбәрак болсын. Алла бақыт нәсіп етсін. Сендерге қайырлы ұрпақ берсін!» - деп дұға етті. Сосын айналасына қарап келген қонақтарға құрма таратуын сұрады. Құрма үстінде көптеген дұғалар жасалды.

Неке қиылып біткен соң Алла елшісі (с.ғ.с.) хазіреті Әлиге (р.а.):

– Ал, Әли енді үйлену тойың үшін ас беруің қажет, – деді. Хазіреті Әли (р.а.):

– Құп болады, – деп, орнынан қарғып тұрып әзірлік жасай бастады.

Сағд ибн Муаз (р.а.) былай дейді: «Менің бір қошқарым бар болатын. Пайғамбардың Әлиге айтқан сөзін ести сала дереу барып сол қошқарды алып келіп соны сойдық. Мәдиналық бір топ сахаба да тары әкелді. Дастархан жайылып келген қонақтарға ас берілді. Бәрі де тойғанша жеді[1].

Әсма бинти Умәйс (р.а.) Фатима анамыздың үйлену асы туралы айтқанда былай дейді: «Әли мен Фатима үйленген кезде қонақтарға ас беру үшін Әли сауытын бір яһудиге кепілдікке беріп одан азық-түлік сатып алды. Сол заманда Әли мен Фатиманың асынан мол және одан дәмдісін көрмедім.

Үйленетін күні Алла елшісі (с.ғ.с.) үйлену тойы болатын жерге қашырын мініп келді. Қашырынан түсіп Фатимаға: «Қанекей, мін!», - деді. Ол мінген кезде хазіреті Салманға қарап: «Мынаның тізгінінен ұстап үйіне апар», - деді де өзі біраз жерге дейін артынан еріп шығарып салды[2].

Той аяқталған соң келін мен күйеу үйлеріне кетті. Алла елшісі (с.ғ.с.) оларға біраздан соң үйлеріне баратынын айтты. Айтқандай біраздан соң олардың үйінің есігін қақты. Есікті Умму Әймән ашты. Алла елшісі (с.ғ.с.) оған су әкелуін сұрады. Ол су алып келді Пайғамбар алдымен қолдарын жуды. Сосын Әлиді шақырды. Әли келген соң оны қарсы алдына отырғызды. Одан соң қолындағы судан Әлидің арқасына және иықтарының арасына бүрікті. Сосын Фатиманы шақырды. Алла елшісі оған да дәл солай су бүркіп: «Аллам! Осы үйленуді мүбәрак ет! Олардың ұрпақтарын мүбәрак ет!» деп дұға етті. Одан кейін «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқыды[3].


[1] Жума. Нисау әһлил-бәйт, 567.
[2] Ибн Манзур, Мухтасару тарихи Димашқ.
[3] Ибн Сад, Табақат.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру