Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак денесін ұрламақшы болған кімдер?

24 қыркүйек 2020 6186 0
Оқу режимі

Деректерге сүйенсек, Ислам тарихында Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мүбәрак мәйітін төрт рет ұрлауға тырысқаны айтылады. Олар кімдер? Мұнафықтардың жауыз әрекеті немен аяқталды? Бұл сұрақтарға жауапты қысқа да нұсқа осы мақаламыздан оқи аласыз.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қабіріне қастық ойлағандардың ең алғашқысы –шиит ағымынан шыққан исмайлдер билеушісі Убайди. Ол мүбәрак мәйітті Мысыр жеріне алып кетпек болған. Алайда, Алла Тағала өз Елшісін жауыздардың қастандығынан қорғап қалады. Убайдидің бұйрығымен келе жатқан бір топ жандайшап жолда күшті дауылға кезігіп, Мединаға жетпей жатып арттарына қайтуға еріксіз мәжбүр болған.

Алайда, Алла Тағаланың әмірімен орын алған бұл тылсым оқиға жүрегін арамдық билеген Убайдидің райынан қайтара алмайды. Арада уақыт өтісімен арам ниетін жүзеге асыруға ұмтылады. Бұл жолы оның адамдары жер астынан жол қазып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қабіріне дейін жетпек болады. Бірақ, жергілікті тұрғындар түнде жанған шырақтарды көріп қалып, оларды ұстап алады да өлім жазасына кеседі.[1]

Пайғамбар (с.ғ.с.) қабіріне жасалған үшінші қастандық оқиғасы тарихи деректерде былай суреттеледі. Мағрибтік екі мүшрік дәруіштер киімінде Мединаға келеді. Сосын Нәбәуи мешітінің (Масжидун Нәбәуи) жанындағы үйлердің біріне жайғасады. Олардың мақсаты – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак денесін ұрлап, Мағрибқа алып кету еді. Хижраның 557-жылында (1161-жыл) Шам әміршісі Нүриддин Шахидтің түсіне үш рет Алла Елшісі (с.ғ.с.) кіріп: «Ей, Нүриддин, мені олардан қорға!» – деп аян береді. Түстің тегін еместігін ұққан ол уәзірі мен кеңесшілерін, әскерлерін ертіп Мединаға қарай жол алады. Келе салысымен қалың бұқараны жинап алып, оларға сыйлық үлестіретіні жөнінде хабар таратады. Тегін сыйлыққа құмартқан қала халқы жиналған шақта олардың арасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) белгі берген әлгі екі адамның жоқ екенін байқайды.

Олардың қайда екендігін анықтау мақсатымен: «Бұл жерге келіп сыйлық алмағандар да бар секілді. Олар да келіп, өзіне бұйырған сыйлығын алсын!» – дейді. Ал, адамдар: «Нәбәуи мешітінің жанында тұратын екі дәруіш бар. Бірақ, ол дуаналар сыйлық алмайды», – дейді. Бір шикілік барын сезген әмірші оларды дереу алдына алып келуін бұйырады. Екі дәруіш сүйретіліп келген кезде тура сол түсінде айтылған адамдар екенін түсінді. Сосын олар тұрып жатқан үйді тексеріп, бағалы заттарға толы екеніне көз жеткізеді. Бұл – оларға төленген ақылары болатын. Ал, жерде төсеулі жатқан кілемнің астын көтеріп кеп жібергенде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабіріне алып баратын жол қазылып жатқанын көреді. Нүриддин Шахид артынша екеуін жауапқа тартып, олар Мағрибтан Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мәйітін ұрлау жоспарымен келгендерін мойындатады. Олар жер астын қазу барысында, топырағын ылғи Бақи мазарына алып шығып төгіп отырыпты.

«Кеше түнде қабірге жақындап қалғанымызда қатты күркіреген найзағай дауысынан қорқып, есімізден адаса жаздадық. Ал, күннің ертесінде сіздің келгеніңізді естідік», – дейді олар.

Нүриддин Шахид екеуін өлім жазасына кесуге бұйырады. Одан соң, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірін қорғау мақсатында айналасын терең қаздырып, оны қорғасынмен толтыруды әмір етеді.

Ал, төртінші рет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәйітін шамдық насранилер ұрламақшы болған. Бірақ, олардың да айласы іске аспады. Жергілікті мұсылмандар олардың жоспарын біліп қояды. Қылмыскерлер қолға түсіп, өлім жазасына кесіледі.[2] 

Міне, осылайша Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мүбәрак мәйітін ұрлауға тырысқан опасыздардың барлық әрекеті желге ұшып, тиісті жазаларын алады. Себебі, Ұлы Жаратушының өзі ондай бассыздыққа жол бермейді. "Мәида" сүресінің 67-аятында: «Әй, Пайғамбар... Алла сені адамдардан қорғайды», – деген бұйрығы бар. Үмбетіне тек рақым тілеуші Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

 

Қуат Ерғалиұлы


[1] «Уәфаул-Уәфа» II том, 653-бет
[2] «Рихла ибн Жубайр», 31-32-беттер

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру