Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тыйым салған есімдер

17 тамыз 2019 14548 0
Оқу режимі

Ата-ананың алдында баласына жақсы тәрбие беру мен имандылыққа баулумен қатар тағы бір басты міндет бар. Ол балаға – мағыналы ат қою. Дініміздің діңгегі кең етек жайғалы мұсылманша ат қою жақсы үрдіске айналып келеді. Алайда, балаға ат беруде ардақты Пайғамбарымыздың мүлдем тыйым салған есімдері де бар екенін біліп жүрген жөн.

Алла елшісі (c.ғ.с.) нәрестеге пұттардың атын беруді, жалпы мағынасы исламға мүлдем жат есімдерді беруге тыйым салған. Мысалғы, Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) дәуірінде кең тарап кеткен аттардың бірі – Санам. Санам – әйел сұлулығының символы болған пұттың есімі. Сүйікті елшіміз (с.ғ.с.) бұл атты қоюға өзі тыйым салған, сол кездері білместікпен осы есімді иеленгендер, мағынасы бар жақсы аттарға ауысып жатты.

Сондай-ақ, баланы Алла Тағаланың есімдерінің бірімен атау да дұрыс емес. Егер алдына «абд» тіркесін қоятын болса рұқсат. Мысалы, Абдулла, мағынасы «Алланың құлы». Мұндай есім мұсылмандардың арасында кең таралған әрі мағынасы да келісті.

Әбу Хурайра (р.а.) атымен белгілі сахабаның ата-анасы оған Абдуш-Шамс деп есім берген екен, яғни Күннің құлы деп. Расулалла (c.ғ.с.) сахабаның есімінің дұрыс қойылмағанын ескертіп, оны Абдур-Рахман, Мейірімді Алланың құлы деген атқа ауыстырды.

Есімдерді қысқартып, алдыңғы мағынасынан мүлдем өзгертіп айту да құпталмайтын іс. Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.): «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға әдемі есім қойыңдар» - деген хадисін исі мұсылман жан естен шығармаған жөн.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру