ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ БІЗГЕ ҚАЛАЙ ШАПАҒАТШЫ БОЛАДЫ

06 қыркүйек 2022 5942 0
Оқу режимі

Мұсылман үмбеті Алла елшісін жақсы көргені секілді, Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) үмбетін өте қатты жақсы көрді. Тіпті, жанындағыларды сахабаларым десе, өзінен кейін келетін біздер мен ақыретке дейінгі келетін мұсылмандарды «бауырларым» деп өзіне жақын тартқан.

Әнас ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) Әбу Бәкір және Омармен бірге Айшаның үйінде болатын. Мен ол кезде жасым он бесте еді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Шіркін, бауырларыммен жолыққанда ғой! Оларды қатты сағындым!» – дейді. Сонда Әбу Бәкір: «Уа, Алланың елшісі! Біз сенің бауырларың емеспіз бе?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер менің сахабамсыңдар, менің бауырларым мені көрмегендер. Мені растап, иман келтіргендер, мені қатты жақсы көретіндер. Тіпті, олар мені өзінің баласынан да, әкесінен де артық жақсы көреді. Ей, Әбу Бәкір! Мен сені жақсы көргенім үшін олар сені де жақсы көреді, мұны қаламайсың ба?» – деп сұрағанда, Әбу Бәкір: «Қалаймын, Алланың елшісі!» – дейді. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Менің саған деген сүйіспеншілігім үшін олар сені жақсы көреді, мен де оларды жақсы көремін», – дейді. Осылайша Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінен кейін келетін мұсылман үмбетін қатты құрметтейтінін, тіпті өте жақсы көретінін білдіріп, оларды «бауырларым» деп атаған. Алайда дүниеде бауырларын көрмесе де, ақыретте өзінен кейінгі келген үмбетінің баршасын қалайша танитындығын мына сөзімен түсіндіреді.

Әбу Хұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) бір күні мазарға барып: «Ей, қабір иелері, Алланың сендерге сәлемі болсын. Иншалла, бір күні біз де сіздердің қатарларыңа қосыламыз», – дейді де, артынша: «Бауырларымды сағындым, оларды көргім келеді», – дейді. Сонда сахабалар: «Алланың елшісі, біз сенің бауырларың емеспіз бе?!» – деп таңданғанда, Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): «Сендер менің сахабамсыңдар, ал бауырларым әлі келген жоқ», – деп сөзінің астарын түсіндіреді. Артынша сахабалар: «Алланың елшісі, үмбетіңнен әлі келмегендерді қалайша танисың?» – деп сұрағанда, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Бір адамның маңдайы қасқа, аяқтары ала аты болса, оны бір топ қара аттардың ішінен тани ала ма?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Әрине, тани алады», – деп жауап берді. Артынша Алла елшісі (с.ғ.с.): (Менен кейін келетін) бауырларым да дәрет алғандықтан, жүздері мен аяқтары нұрлы күйде жарқырап келеді. Мен олардан бұрын (жәннатқа) барып, бұлақтың басында қонақ ету үшін күтемін...» деп, ақыретке дейінгі келетін үмбетін қалай танитындығын әрі оларды күтетіндігін айтқан.

Алла елшісі (с.ғ.с.) өзін көрген сахабаларды да, өзінен ақыретке дейін келетін бауырларын да қатты жақсы көреді. Ол (с.ғ.с.) өте мейірімді әрі кешірімді. Құран Кәрімде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) асқан мейірімді, үмбетіне жанашыр екендігін бейнелеп, үмбетінің қиналғаны оған ауыр келетінін білдіріп былай деген:

«Расында, сендерге араларыңнан ардақты бір пайғамбар келді. Қиналғандарың оған ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық. мүминдерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді» («Тәубә», 128).

Аяттағы «рауф, рахим» Алла Тағаланың көркем сипаттарына жатады. Алайда Пайғамбарымыздың үмбетіне деген шексіз мейрімінен, жұмсақтығынан Алла Тағала бұл екі сипатты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) берген. Осы сәтке дейін ешбір пайғамбарды мұндай Алланың екі көркем сипатымен сипаттаған емес. Аятта мұсылмандардың қиналғандары оған ауыр келетіні айтылған. Біреу ауырса, дереу өзі баратын немесе біреуді жіберіп жағдайын сұраттыратын. Аш болса, қолындағыны жұмсап, қажетін тауып беретін. Бір хадисінде «Кімде-кім артына дүние қалдырса, ол туыстарына қалады. Ал, кімде-кім артынан қарыз немесе бағуға мұқтаж адам қалдырып, дүниеден озар болса, қарызының өтелуі мен бағылуы керек адамға мен жауаптымын», – деп уәде еткен.

Бір сөзінде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Шындығында, мен сіздерге әке секілдімін», – деп мұсылман үмбетіне қаншалықты жақын, жанашыр екендігін әке мен баланың қарым-қатынасына ұқсатқан. Әке баласына қалай мейірімді, тіпті тапқан табысы мен өмірін соған арнаған болса, Пайғамбарымыз да өмірін үмбетіне солай бағыштаған. Құранда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайлары мүміндердің аналары екендігі айтылса, бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барша мүміндердің әкесіндей жанашыр екендігін білдірген.

Алла елшісі ақиретке дейінгі мұсылман үмбетінің барлығы үшін дұға етіп жалбарынатын. Түнгі тәтті ұйқысын бұзып, жылы төсегінен тұрып таң атқанға дейін үмбеті үшін Алла Тағалаға жалбарынып дұға тілейтін.

Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Бірде көңілді күйін көріп: «Уа, Алланың елшісі! Мен үшін дұға тілейсің бе?» – дедім. Ол: «Алла Тағалам, Айшаның өткен және келер, жасырын және жария күнәларын кешіре гөр», – деді. Айша (р.а.) бұған қатты қуанды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айшаға: «Бұл дұғам сені қуантты ма? Алланың атымен ант етейін, шындығында, бұл дұғаны үмбетім үшін әр намазда оқимын», – деген.

Барша пайғамбарларға жауапсыз қалдырылмайтын бір дұға нәсіп етілген. Алайда олар дұғаларын дүниеде қолданды. Ал, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дұғасын ақыретке қалдырды. Ақыретте үмбетінің қиын сәтінде шапағат ету үшін сақтады.

Қайта тірілгенде, қыл көпірде, есеп бергенде қол ұшын созып, үмбетін уайымдап жүреді. Дүниеде баласы үшін жанын беруге дайын ана қорқыныш пен үрейлі махшар күні баласынан қашатын күн туады. Міне, осындай күні тіпті пайғамбарлардың барлығы өз басын уайымдауға көшкенде, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «үмбетім, үмбетім» деп үмбетінің жағдайына алаңдайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қыл көпірден өтіп бара жатқанда үмбетінен кейбіреулерінің жолда қалып қойғандығын біледі. Ол күні мейірімді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көпірдің басында тұрады. Үмбеті қыл көпірден өтерде астындағы тозаққа түсуден қауіптеніп: «Уа, Мұхаммед! Бізге жәрдем бер», – деп жалбарынып жатқанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Раббым! Үмбетім, үмбетім. Мен бүгін өзімнің жағдайымды, тіпті қызым Фатиманың да жағдайын ойламаймын. Мен үмбетімді қалаймын», – деп Аллаға жалбарынады.

Бір хадисте «Алла Тағаладан бір періште келіп, үмбетімнің жартысын жаннатқа кіргізу мен ақыретте шапағат ету арасында таңдауымды ұсынды. Мен ақыретте шапағат етуді таңдадым. Шапағат өте кең әрі жеткілікті. Сіздер бұл шапағат тек қана үмбетімнің тақуаларына ғана бұйырады деп ойлайсыздар ма? Ол үмбетімнің қателік пен күнә істегендеріне, күнәға белшесінен батқандарға да», – деп жәннатқа үмбетінің жартысы емес, шапағатымен барлығының кіруін қалайды.

Пайғамбарымыз о дүниеде үмбетінен кейбіреулердің өте қиын жағдайға тап болып, шапағатынан да мақұрым қалатындығын сөз етеді. Бұлай болуы олардың күнәларының ауырлығынан болса керек, сондықтан ақыреттің ауыр жағдайына тап болмау үшін үмбетінің тозаққа түсуін қаламайтын Пайғамбарымыз «Мені ұятқа қалдырмаңдар»деп мол ғибадат жасауымызды ескерткен. 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру