Пәтуә айту – үлкен жауапкершілік

16 сәуір 2021 6774 0
Оқу режимі

Мұсылман адам өзінің күнделікті өмірінде қажет болатын діни үкімдерді үйренуі уәжіп. Бірақ, діни сауалдарға әркім дұрыс жауап ала бермейді. «Өзім біліп істей берейін» десе, қателікке соқтығуы мүмкін. Ал, сауалға шешім таппаса, тағы болмайды. Сонда не істеу керек?!

«Біреу білмегенді біреу білер» дейді халық. Ал, діни мәселені шешуге ілімі жетпейтін жандарға Алла Тағала: «Егер білмесеңдер, онда білетіндерден сұраңдар!»[1] – деп әмір етеді. Басқа бір аяттарда: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?!»,[2] «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады»,[3] – делінген.

Білу үшін сұрау керек. Бабаларымыз «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен болмаса кішіден сұра!» деп ақыл айтады. Бірақ, әркім ғалым бола бермейді және оның ғалым болуы да талап етілмейді. Көптің оқымысты немесе ғұлама болатындай мүмкіншілігі де жоқ. Бұл тұралы имам Ғазали «Мұстасфә» атты кітабында: «Барлық мұсылмандар шариғат үкімдерін орындауға міндеттелген. Алайда, олардан ғылыми ізденіспен айналысуды талап ету дұрыс емес. Егер солай етілсе, онда егін егу, өнеркәсіппен шұғылдану және жас ұрпақты тәрбиелеу ісі тоқтап қалар еді. Діни сауаты жоқ кісілердің білмегенін ғалымдардан сұрауы және олардың артынан еруі уәжіп», – деп айтады.

Бұл   туралы   Алла   Тағала    мұсылман үмметін: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, Пайғамбарға және өз араларыңдағы ұлықтарыңа бойсұныңдар! Егер өзара бір нәрсеге келісе алмасаңдар, оның жайын Алладан, Пайғамбардан сұраңдар! Аллаға, қиямет күніне сенетіндерің рас болса, бұл сендер үшін қайырлы, әрі тиімді»,[4] – деп ескертеді.

Имам Нәуәуи «әл-Мәжмуғ» атты кітабында: «Кімде-кім бір мәселеге кез келіп қалса, оны білу (оның пәтуасын сұрау) және шешу уәжіп болады. Егер өзі тұратын жерде сондай адам табылмаса, онда алыс сапарға шығып болса да, сол мәселенің жауабын іздейді. Бұрынғы ата-бабаларымыз бір мәселе үшін де алыс жолға шығатын», – деп жазады.

Оған бір дәлел – біздің қазіргі қоғамымызға аттары белгілі, түркі халқынан шыққан, ислам жолында жүріп әлемдік өркениетке, ілім-білімге үлкен үлес қосқан бабаларымыздың көптігі. Олар ғылымның көптеген саласына жол ашты.

Өкінішке орай, кеңес одағы заманында көптеген ізгі істеріміз қатарында діни білім, соның ішінде пәтуа саласы да едәуір күйзелді. Халқымыз пәтуа дегенді ұмытты. Пәтуа айтатын ғалымдарды табу қиынға айналды. Парыз кифая орындалмай қалды.

Аллаға шүкір, құдайсыздық империясы ыдырап, дінімізге қайта оралу нәтижесінде пәтуа істері де жандана бастады. Қазір бұл істе біраз дамушылық қарқын алуда. Халқымыздың дінге деген ықыласы да зор, діни сауат ашуға ынталы. Көзі ашық жамағат сауатты әрі білімді ұстаздарға барып білім алуда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның қарауындағы бүкіл мешіттер Әбу Ханифа мазһабы бойынша шариғат ұстанатынын, сондай-ақ оның жанындағы «Діни істер және пәтуа», «Діни уағыз, оқу-ағарту» бөлімдерінің тұрақты түрде жемісті жұмыс істеп келе жатқанын баршамыз жақсы білеміз. Дін жөнінде білмеген сұрақтарымыз бойынша сол мекемеден қанағаттанарлық жауап алып жүрміз де. Ең бастысы, бұл іс ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуге қызмет етуде.

ПӘТУА – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имам Дәрими риуаят еткен хадисте: «Пәтуаға жармасқандарыңыз – тозаққа жармасқандарыңыз», – деген.

Яғни, біліп-білмей, ақыреттен қорықпай пәтуа айта беретін адам, ақырында, өзін тозаққа лақтырумен бітеді. Халқымыз: «Оймақ пішсең де ойлап піш» демеп пе еді?! Алғашқы мұсылмандар әулеті пәтуаның жауапкершілігін жете үғынуынан өзінен ілімді адам бар жерде үндемеуді жөн көрген.

Имам Нәуәуидің «әл-Мәжмуғ» атты кітабында Әбдурахман ибн Әбу Ләйләдан төмендегі риуаят етіледі: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір жүз жиырма әнсари сахабаларының әрқайсысынан мәселе сұралған кезде, «анадан сұра, мұнадан сұра!» деп, ақыр аяғында сұрақ біріншісіне қайтып келгенін көрдім».

БІЛІМСІЗ ТҮРДЕ ПӘТУА БЕРУДІҢ САЛДАРЫ

Білімсіз түрде пәтуа берудің салдары нендей жаман екенін түсіну керек. Бұл туралы айтылған бірнеше хадистер бар.

Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім ілімсіз бола тұрып біреуге пәтуа айтса, оның күнәсін көтереді. Ал, кімде-кім өзінің бауырына, тура жол басқа жақта екенін біле тұра, мүлдем басқа бір жолға нұсқаса, шынында, оған қиянат етіпті»[5].

Жәбирден (р.а.) риуаят етіледі: «Сапарға шығып едік. Арамыздан біріміздің басына тас тиіп, басы жарылды. Жарақат алған ол жүніп болды (ғұсыл құйынуы уәжіп болды).  Сонда ол серіктерінен: «Маған таяммум алуға бола ма?» – деп сұрады. Олар: «Жанымызда шомылуға су бола тұрып, біз саған таяммум алуға рұқсат ете алмаймыз», – деді.Ол ғұсыл құйынды, сонан соң дүниеден қайтты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келгенімізде бұл оқиға туралы оған хабар берілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оны өлтіріпті. Егер білмесе, сұрамайды ма?! Шынында, білімсіздіктің шипасы сауал. Оның таяммум алуы, жарасына шүберек байлап, үстінен сипап қоя салуы, сонан соң денесінің басқа жерін жууы жеткілікті еді»,[6] – деген.

ПӘТУАНЫ КІМНЕН СҰРАУҒА БОЛАДЫ?

Шынында да, діни үкімдерді кез келген адамнан сұрау дұрыс емес. Мұның да өзіндік тәртіп пен қағидалары бар. Әуелі, пәтуа ілімді, тақуа және әділетті адамнан сұралады. Бұл туралы Ханафи мазһабының атақты фақиһ ғұламасы Ибн Абидийн өзінің «Раддул Мухтар» атты кітабында: «Пәтуа ілімді кісілердің ішінен ижтиһад (діни мәселе бойынша үкім айта білетін) және әділетпен танылған, сондай-ақ халық арасында беделді де, абыройлы кісіден сұралады. Егер онда ижтиһад пен әділеттің бірі табылмаса, ол кісіден пәтуа сұрау дұрыс емес», – деген.

Пәтуа беруге лайықты болып табылған адамға ислам үмметінің мүжтаһид ғалымдары тарапынан қойылған шарттарға қысқаша тоқталып өтсек. Пәтуа беретін адам төмендегі қасиеттерге ие болуы шарт:

1. адал;
2. ақылды;
3. кәмелетке толған;
4. әділ, яғни шариғат шеңберінде іс жүргізуші. Өйткені, пәтуа - Алла Тағаланың үкімі. Пасық адамның пікірі немесе сөзі пәтуа ретінде қабыл етілмейді.
5. мүжтәһид, яғни діни мәселе бойынша үкім айта білетін.

Имам Шафиғи бұл туралы төмендегідей айтқан: «Аталмыш қасиеттерді өзінің бойында көрсете алған адам Алланың дінінде пәтуа бере алады: Ол Алланың кітабын, оның насых пен мансухын, мухкам мен мүтәшәбиһын, тәъуил мен тәнзилін, мәкки мен мәдәнисын жетік білуі, әрі ұғынуы шарт. Сондай-ақ, ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен, араб тілі мен ақындық шеберлігінен, түрлі өлкедегі ғалымдардың діндегі ғылыми тұрғыдағы қарама-қайшылықтарынан толық хабардар болуы әрі жақсы түсінуі керек. Сонымен қатар, ол тапқыр, саналы, білгір, парасатты және зерек болуы шарт. Міне, сонда оның халал мен харам туралы сөйлеуге және пәтуа айтуына құқық беріледі. Егер осылай болмаса, онда бұл мәселе жайында ләм демеу керек».

Дастан Смағұлов
«Әс-Сәлам» мешітінің Бас имамы

 

 


[1] «Нәһл» сүресі, 43-аят.
[2] «Зумар» сүресі, 9-аят.
3] «Әнкабут» сүресі, 43-аят.
[4] «Ниса» сүресі, 59-аят.
[5] Әбу Дәуд пен Ибн Мәжа
[6] Әбу Дәуд
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру