ПАРА АЛУДЫҢ ХАРАМДЫҒЫ ЖАЙЫНДА

13 маусым 2024 1252 0
Оқу режимі

 Шейх Юсуф әл-Қардауи (рахимаһуллаһ)

Кісі дүниесін нақақ жеу күнәсінің бірі - пара алу. Ислам діні мұсылман адамның қазыларға және олардың көмекшілеріне пара беруін харам қылды. Сол сияқты олардың да ұсынылған параны қабыл алуларын харам қылды. Сондай-ақ, арада делдалдық жасауды да тыйды. Бұған қатысты қасиетті Құран кітапта былай бұйырған:

«Бір-бірлеріңнің мал-дүниелеріңді бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра күнә жасап, адамдардың малының бір бөлігін жеулерің үшін, қазыларға бермеңдер»1.

Пайғамбарымыз да (с.а.у.) хадистерінде пара алу мен пара беруді және екеуінің арасында делдалдық жасауды харам екендігін ашық білдірген. Сәубәннан жеткен бір хадисте былай делінеді:

لعن الله الراشي والمرتشي والرائش.

 «Алла Тағала пара берушіні де, пара алушыны да және екеуінің арасында делдалдық етушіні де лағынеттеді»2.

Пайғамбарымыздың заманында Алла елшісі (с.а.у.) Абдулла ибн Рауаханы, Яһулилердің құрма бақтарынан қанша хараж (салық түрі) төлеу керектігін есептеп келу үшін Яһудилерге жібереді. Сахаба келгенде Яһудилер сахабаға белгілі мөлшерде дүние ұсынады. Сонда сахаба оларға:

 فقال لهم : فأَمَّا ما عَرَضْتُم من الرِّشْوَةِ فإنها سُحْتٌ وإنا لا نَأْكُلُها"

«Ұсынған параларың арам табыс. Біз оны жемейміз» - деп, одан бас тартады3.

Ислам дінінің пара алу ісін харам қылуында және онымен қоса пара алу ісіне ортақтасушылардың өзін қатаң сынға алуында таңданатын ешнәрсе жоқ. Өйткені пара алу ісінің қоғамда етек алуы - қоғамның бұзылуына, әділетсіздікке, әділ үкім беруден жалтарып, әділетсіз үкім шығаруға, кейін тұруға лайықтыны алға шығарып, алға шығуға лайықты жанды кейін қоюға, қысқасы, қоғамда пайдакүнемдік белең алып, жауапкершілік түсінігінің кенже қалуына алып келеді.

Қазыларға (сот т.б. мемлекет қызметкерлеріне) сыйлық беру

Ислам дінінде параны қандай түрде болмасын, қандай атпен болмасын, беру тыйым салынған. Сондықта да, параны «сыйлық» деп беру де, оны харам шеңберінен шығармайды. Хадис-шәрифте былай делінеді:

«Біз кімді бір іске тағайындап, оған ризық берген болсақ (яғни, еңбек ақысын берген болсақ), оның одан өзге нәрсені алуы - ұрлықы саналады»4.

Тәбиғин Омар ибн Абдульазиз (р.а.) халифа болып тұрған кезінде, оған біреу сыйлық сыйлайды. Халифа Омар ибн Абдульазиз ол сыйлықты алмай қояды. Сонда қасындағылар: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) сыйлықты қабыл ететін еді!» - дейді. Халифа болса: «Пайғамбар үшін ол - сыйлық болып есептеледі, ал біз үшін ол - пара болып есептеледі» деп жауап берген екен...

Басына төнген әділетсіздіктен құтылу үшін пара беру

Кісінің ақысы желініп, оған тек пара беру арқылы ғана қол жеткізуге болатын болса немесе әділетсіздікке ұшырап, басқа төңген қиянатты тек пара беру арқылы ғана бертарап етуге болатын жағдайға тап болса, ол кісі үшін, әрине абзалы - сабыр етіп, Аллаға тапсырғаны, бірақ пара беру жолын таңдаса, ол жағдайда күнә - оған болмайды, алушыға болады, онда да, өзгенің ақысына кіру есебінен емес әрі пара беруден бұрын басқа заңды әрі адал жолдардың бәрін қарастырып көруі шарт.

Бұндай уәжге кейбір ғұламалар «бермесіне қоймай қайыр сұрайтындар» жайында баяндаған хадисті дәлел қылады. Бір күні біреулер Пайғамбарымызға келіп, садақа малынан дүние сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.) олар лайық болмаса да береді. Сосын Пайғамбарымыз (с.а.у.) ондай қайыр сұрап үйреніп қалған әрі бермесіне қоймай сұрайтындарға қатысты: «Араларыңдағы біреу садақасын менен қолтығына қыстырып алып кетіп жатады. Бірақ онысы тозақ отының бір бөлігі болмақ» деп айтады. Сонда Әзіреті Омар: «Уа, Расулаллаһ! Олар үшін алғандары тозақ оты екенін біле тұра қалай бердіңіз?» - деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.) болса оған: «Енді, не істейін? Бермесіме қоймай, сұрап алады. Ал Алла Тағала менен сараң болуымды қайтарады» - дейді.

Қоймай сұраушылардың қысымы Пайғамбарымызды (с.а.у.) олар үшін алатындары оттың бір бөлігі болса да беруге итермелеген болса, әділетсіздікті бертарап ету қажеттілігі мен ақысын алу қажеттілігінің қысымы кісіні пара беруге итермелеп жатса, ол жағдайға не деуге болады?! 

 


1  «Бақара», 188 аят.
2  Имам Ахмед: «Мүснәд»; әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак».
3  Имам Мәлик: «Муатта».
4  Әбу Дәуід: «Сүнән».
Автордың "Хәләл уәл Харам филь Исләм" атты еңбегінен ықшамдап алынды.

 

 

Пікірлер Кіру