ОЙЛАНЫП СӨЙЛЕСЕК!..

15 қараша 2024 301 0
Оқу режимі

Дін тазасын діннен ізде

Дін шатағын сынға сал

Анық айна өзіңізде,

Айда ақылды қаттырақ! (Шәкәрім)

Әлеуметтік желідегі кейбір уағыздарды тыңдап көзі ашық жігіттер әртүрлі саққа жүгіртіп жатады. Әсіресе о дүние тақырыбында айтылған уағыздарда барып келгендей сөйлейтіндер бар.

Мысалы осы дүниеде арақ ішіп, не зина жасап о дүниеде жұмаққа барған жағдайда періштелер сен шарапты дүниеде ішіп қойғансың саған жұмақтың шарабы берілмейді, болмаса зинаны дүниеде жасағансың саған хор қыздары берілмейді дегенді айтып отырғандар да бар.

 Ал пайғамбар: «Алла Тағала: «Мен ізгі құлдарыма көздің көрмеген, құлақпен естімеген, ешбір пенденің ойына келмеген нығыметтер әзірледім» (Бұхари, Тәфсір 32: 1) дегенін жеткізеді.

Құранда: «Жасаған ізгіліктерінің ақысы ретінде өздеріне көз қуанышы болатын қандай сыйлықтың әзірленгенін біле алмайды (Сәжде сүресі) делінеді.

Олай болса О дүниедегі нығыметтер біздің айтып жүргенімізден мүлде басқа деген сөз. Әрі біз осы дүниелік санамен ғана о дүниенің нығыметтерін елестетуге тырысамыз. Арақ шарап, қыз-қырқын дегендей!

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Пейіш, тозақ молда айтқан сияқты емес,

Ақылды адам оны анық сондай демес.

Құрсақтағы балаға осы өмірді,

Ұқтыр десе, айтар ең қандай кеңес?!

Сол сияқты мысал ғой ұқтыруға,

Дәс осындай қыз құшып, жеміс жемес.

Бірақ қатты қуаныш не кейіс бар,

Дәлелім – ұждан, зұлым бар тетелес!- дейді.

Олай болса уағызшылардың сапырып жүргені діндегі кейбір мәтіндерді буквалистік түсініп, болмаса «ұстаздарының» айтқанынан шыға алмай айтып жүрген арманы.

 Әйтпесе жұмаққа барған адамға сен дүниеде ішкенсің деп шарап берілмейтін болса онда оның күнәларының кешірілгендігі қай жағында, проблема сезінетін болса оның қай жері жұмақ?!

 Дүниедегідей адамның ойлайтыны қыз бен тамақ болса онда оның несі рақат?!

 

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру