Оны ﷺ біз толық тани алдық па?

07 қыркүйек 2020 6499 0
Оқу режимі

Қазіргі кезде тану мен білу ұғымын ажыратпастан бірге қолданып жүрміз. Алғаш жолыққан адаммен болған 5-10 минуттық әңгімеден кейін, мемлекеті мен мамандығы, үй іш бала-шағасы бар жоқтығына дейін сұрап білген соң, ол бейтаныс жайында білдім, таныдым дейміз. Алайда білу мен тану екеуі екі бөлек ұғым болса керек. Әзіреті Омар халифа сол үшін адамды тануда мына үш нәрсеге өте мән беретін болған: Жолаушы болып сапар шегу, сауда-саттық байланыс жасау, көрші болып жақын тұру.

Кей жағдайда тілімізде бұл екі сөзді бірге қолдансақ та араб тіліндегі мағынасы ерекше. «Тану» араб тілінде «арафа», таныған «ариф», танылған болса «мағрифат» деген мағынаны білдіреді. Білу сөзін  бір нәрсені меңгерген, білімді, ғалым адамға қолданамыз. Демек білу мен тану екеуі екі бөлек ұғымды білдіреді. Олай болса: «Әр бір таныған адам білетін, әр білген адам тани алмауы мүмкін». Сондықтан бүгінгі хәлімізде Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.)  қаншалықты білгенімізбен толық тани алмай жүруіміз әбден мүмкін.

Әлемде бір жарым миллиардтан астам мұсылман отбасы Пайғамбарымызды қаншалықты тануда? Әлбетте мұның есебін шығару оңай емес шығар. Бірақ Пайғамбарымыздың өмірбаяны жайында білетініміз бар. Оның өмірі жайында білетіндер көп, тіпті қыруар діни әдебиттерде жазылып түрлі тілдеге аударылғанымен оны толығымен танығандар қаншалықты? Мұны айту қиын. Пайғамбарымыз жайлы білетіндер қай жылы дүниеге келіп қашан қайтқандығы, жасаған жорықтары, жұбайлары мен перзентерінің есімдері және миғражға көтерілуі, хижрет т.б. жайлы айта алады. Алайда бір өкініштісі Мекеде пайғамбарға қарсы шыққан дін дұшпандары мүшіріктер, тіпті ағасы Әбу Ләһабта Оны ең жақсы білгендерден еді. Алайда олар Пайғамбарымызды толығымен танымағандықтан, оған қарсы шығып, айтқанына көнбеді. Осылайша білгендері де оларға пайда бермеді.  Міне, сондықтан тек біліп қана қою адамға жеткіліксіз, білгенімізді танып түсінуге тырысуымыз қажет. Бұл жайында сияр кітаптарында көптеген қызықты оқиғалар баяндалады.  Солардың бірі - Худайбия оқиғасы. Меккелік мүшріктер Худайбия келісіміне серттескеннен кейін Суһейл ибн Амр бастаған бір топты Пайғамбарға жібереді. Суһейл Пайғамбарды өте жақын танитын. Келіссөз басталмай жатып Суһейл «Бисмиллаһир рахманир рахим» сөзіне қарсылық білдіріп: «Біз рахман дегенді білмейміз, сондықтан біздің білетін сөзіміз жазылсын» деді. Сөйтіп, келіссөз «Бисмикә Аллаһуммә» деген сөзбен басталды. Суһейлдің екінші білдірген қарсылығы «Расулуллаһ» сөзі еді. Суһейлдің: «Егер де біз сенің Расулуллаһ (Алланың елшісі) екендігіңді қабыл еткенде сенімен соғыспас едік» деген сөзінен кейін Пайғамбарымыз келіссөзді жазып отырған әзіреті Әлиге: «Абдулланың ұлы Мұхаммед пен Амр ұлы Суһейл» деп жазуын әмір етті. Сол күні Суһейл Пайғамбарымызға ауыр қатты сөздер айтып кемсіткен еді. Әзіреті Омар бастаған сахабалар Пайғамбарымызға айтылған ауыр сөздерге шыдай алмай іштерінен ыза кернесе де, сол күннің шарттарына шыдамдылықпен қарау қажет болатын. Мұсылмандарға ұнамсыз шарттар болса да келіссөз қабылданып, екі жақты  қол қойылды. Пайғамбарымызды өте жақсы біле тұра Суһейл келіссөздің өз пайдасына қарай шешілгеніне мастанып, Мекеге кері қайтқан еді. Көп ұзамай араға уақыт салып Мекке қаласы азат етіледі. Пайғамбарымыз қажылығын өтеп, қоштасу құтпасын жеткізу үшін Меккеге келген. Ол ихрамға кіру үшін шашын алып, сақал мұртын басып тазаланып жатқанда кенеттен жасырын бір кісі келеді. Оның шашы мен сақалын жинап алып, бір көшенің бұрышында жинаған сақалы мен шашын бетіне басып қатты жылап отырады. Мұны көрген сахаба Әнас ибн Малик (р.а.) былай деп жеткізеді: «Бұл кім екен өзі деп сұрастырдым. Сөйтсем оның Худайбия келісімінде Пайғамбарымызға қарсы шығып, ауыр сөз сөйлеген Суһейл ибн Амр екенедігін білдім. Күні кеше Пайғамбарға қарсы шығып кемсіткен Суһейл бүгін Оны толық танығандықтан шашы мен сақалын бетіне басып өкініп отырғанын көріп таңғалдым».   

Міне, сондықтан Суһейл кеш те болса білгенін танығандықтан өкініп, тәубеге келген еді. Бүгін де Құранның әмірі, пайғамбардың сүннетімен жүреміз деген көптеген бауырларымыз пайғамбарымызды ең сенімді сахих хадис кітаптарынан білдік дегенімен, қаншалықты танып, қаншалықты Оның сүннетімен жүруде. Пайғамбарды шынайы таныған адам қоғамға ең пайдалы бола білген адам. Қоғамда бүлікті бастаушы емес, бірлік пен тұтастықты сақтаушы адам. Сондықтан әр бір білген адам мағлұмат иесі, ал білгенін танушы ақиқатқа жетуші адам. Білген адам білгенімен шектелсе, білгенін таныған сол жолда өзін құрбан етуші адам. Енді барлығымыз осы сұрақты бір сәт өзімізге қояйықшы. Оны біз (с.ғ.с.) толық тани алдық па?

Тимур Нүсіпханұлы, дінтанушы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру