ӨМІР ДЕГЕН НЕ?

20 маусым 2024 796 0
Оқу режимі

Өмір Болмыстың бір көрінісі. Болмыстың не екенін Абай отыз сегізінші сөзінде «Бiз Алла тағала «бiр» деймiз, «бар» деймiз. Ол «бiр» дегеннiң өзi ақылымызға ұғымның бiр тиянағы үшiн айтылған сөз. Болмаса ол «бiр» дегеннiң өзi Алла тағалаға лайықты келмейдi».

Абай Болмысты Алла тағала деп атап отыр. Болмыс, яғни, бар нәрсе, жоқ болмайды. Ендеше Алла жоқ болмайтын мәңгілікті. Сонымен бірге, Алла «бір». Бір дегеніміз тұтас, бар нәрсені түгелдей қамтиды. Болмыс көрінісінің барлығы Алла болып табылады.   Бұл тұжырымды хакім әрі қарай Алланың болмысын «Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде» деп түсіндіреді. Алла бір болса, онда ғаламның ішіндегі мен ғаламның сыртындағы көріністері біртұтас, бөлуге болмайтын Болмыс көріністері. Болмыстың әрбір бөлігі, сонымен бірге, тұтас түгелдей Алланың көрінісі. Мұндай қағидадан Алланың әрбір бөлігінде тұтастың көрінісі бар деген тұжырым шығады. Алладан басқа ештеңе жоқ, сондықтан, Алла бүкіл Болмыс көрінісі. Алла бүкіл болмысты қамтиды, сонымен бірге, Ол оның ішінде. Яғни, Оның әрбір бөлшегінде Өзінің толық көрінісі бар. Бір сөзбен айтқанда, бөлшегі болып табылатын микрокосм мен толық көрінісі болып табылатын макрокосм ұқсас. Яғни, Алла көрінісі голограмма. Голограмма дегеніміз осы ұқсастықтар бірлігі.

Болмыс көрінісі болып табылатын макрокосм түрлі рухани және материалдық әлемдерге, ал олар галактикаларға, планеталарға бөлінеді. Планеталарда түрлі жан иелері бар. Олардың өздерінің құрылымы түрлі бөліктерден құралып, макрокосм мен микрокосмнің түрлерін құрып, шексіз молая береді. Тұтасы макрокосм болса, ал бөлігі микрокосм болып табылады. Олардың барлығының құралымы ұқсас. Бұл ұқсастық ғылыми түрде дәлелденген. Мысалы, ғалымдар басқа қойдың клеткасынан Долли деп атаған үлкен қой өсіріп шығарды. Себебі, әрбір клеткада қойдың бүкіл денесінің көрінісі бар. Тіпті, адамның пайда болуы да осы заңдылықтың көрінісі. Атаның шаһуатынан (ұрығынан) ананың құрсағында бала пайда болады, себебі, шаһуатта баланың барлық көріністері бар. Бұл туралы Шәкәрім «Атаның шаһуатының көп қой мәні» өлеңінде былай дейді:

Атаның шаһуатының көп қой мәні,
Ананың құрсағында қан болғаны.
Құс пен адам болар деп кім айта алар,
Өлі қан мен жаны жоқ жұмыртқаны.
Басында оның киімі шаһуат еді,
Қызыл қан, ақ жұмыртқа кигені әні!
Денесі неше миллион құбылса да,
Оның жаны – баяғы ескі жаны.
Сезімінің зорайып, азаймағы –
Қандай түрден болғаны оның тәні.
Қайда барса, ол өзін «өзім» дейді
«Өзім» деп денесі емес, жанды айтқаны.
Сол жаннан тіпті «өзімдік» жоғалмайды
Есеп емес, сан өліп, сан қайтқаны.

Бүкіл Болмыс көрінісі де осындай. Оның әрбір бөлігінің құрылымы мен Бүкіл Болмыстың құрылымы ұқсас. Бөлікті білсең, толықты білесің. Сондықтан, ежелгі грек ойшылдары «Өзіңді танысаң, бүкіл әлемді танисың» деген.

Бұл маңызды тұжырымның діни ағымдардың көптігін түсінуде де үлкен маңызы бар. Рухани жолда әрбір діни ағым өлшеусіз Алланың белгілі бір  бөлігін ғана танытады. Осылай бөлік арқылы бүкіл толықты танып, Түп Иеге қайтуға болады. Бұл Болмысты түрлі діндерге бөліп, қоғамда алауыздық тудырып жүргендердің есінде болуы керек. Сондықтан, қоғамды ислам мен тәңіршілдікке бөліп қажеті жоқ. Түп Иеге жету мүмкіндігі  діни ағымның түріне емес, Абай көрсеткен «Ынталы жүрек, шын көңіл» деңгейіне байланысты. Түрлі діндер Түп Иеге қайту жолдары, яғни материяны пайдаланатын түрлі әдістер ғана.

Не себептен бөліктер мен Толық Бүтіннің құрылымы ұқсас?

Оның себебі бүкіл Болмыстың негізі Алланың Нұры. Алланың Нұры толық рухани болғандықтан, Ол бөлінбейді, және баршаға ортақ. Бүкіл болмыс Жанның Рухынан пайда болады, Оның түрлі көріністері. Негіздері Алланың Нұры болғандықтан, әрбір бөлікте Алла бар, яғни, Абай сөзімен айтқанда, «Алла ғаламның ішінде». Сондықтан әрбір бөлік жанды.  Әулие атамыз Шәкәрім «Ғаламда не бар болса, бәрі жанды» деп жазады. Барлық бөліктердің пайда болу негізі Ұлы Жан, және олар жанды болғандықтан, құрылымдары да ұқсас болып келеді. Көріністің материалдық сыртқы көрінісі ғана түрлі бөліктерге бөлініп, өзгеріп отырады. Сондықтан, Болмыстың сыртқы сымбаты әртүрлі болғанымен, оның ішкі сыры бірдей, барлығына ортақ. Абайдың «Екі түрлі нәрсе ғой сыр ме сымбат» деген сөзінің осындай мәні бар. Жан мәңгілікті болғандықтан, ол түрлі денелер алса да, Шәкәрім сөзімен айтқанда, «Сол жаннан тіпті «өзімдік» жоғалмайды, Есеп емес, сан өліп, сан қайтқаны».

Рухани болмыс саналы. Санадан еркіндік пен қалау, ниет, құмарлық туады. Әрбір саналы жан өзінің еркімен құмарлығын қанағаттандырғысы келеді. Құмарлықты қанағаттандыру әрекет арқылы болады. Әрекет қозғалыс тудырады. Сондықтан, бүкіл Болмыс өмірі түрлі қозғалыстардың көрінісі.

Бұл қозғалыстың мақсаты мен ортақ бағыты бар ма?

Әрине, бар. Әрбір көріністің шыққан көзі, яғни Түп Иесі бар. Ол сол көзге қайтадан қайту керек. Сондықтан, Абай бұл туралы «Түп Иеге қайтпақсың, оны ойламай, басқа мақсат ақылға тола ма екен?» дейді. Бұл әрбір жан иесіне ғана емес, барлық болмыс көріністеріне ортақ мақсат.  Сондықтан, Болмыс өмірі Түп Иеге қарай бағытталған. Бүкіл адамзат өмірі де сол мақсатта. Себебі, ол Болмыстың рухани бөлігінен пайда болған материалдық бөлігіне жатады, Бұл материалдық өмірді Абай былай деп береді:

Өмір, дүние дегенің,
Ағып жатқа су екен.
Жақсы-жаман көргенің,
Ойлай берсең, у екен.

Өмірді ағып жатқан сумен теңеу орыстың ұлы ойшыл жазушысы Л.Н.Толстойда да бар. Ол өзінің «Исповедь. В чем моя вера?» атты еңбегінде өмірді былай деп суреттейді:

«Менімен мынандай жағдай болған тәрізді: қайыққа отырғызып, әлсіз қолыма ескек ұстатып, жүзу бағытын көрсетіп, жападан жалғыз өзімді қашан жағадан итеріп жібергендері менің есімде жоқ. Мен ескегіммен бар күшімді салып жұмыс істеп жүздім. Бірақ, өзеннің ортасына жақындаған сайын судың ағыны да жылдамдап, менің баратын жерімнен алыстатып, сумен ағып бара жатқан өзім тәрізділерді жиі кездестіре бастадым. Олардың арасында ескегін тастамаған жеке жүзушілер, ескегін тастағандар; үлкен қайықтар, халыққа толы зор кемелер болды. Олардың кейбірі ағынмен қарсы күрессе, ал кейбірі ешбір күрессіз ағынның ырқымен кетіп бара жатты. Солармен бірге мен де ағынмен төмен ағып, аққан сайын өзімнің түпкі мақсатымды ұмыта бастадым. Ағынның ортасында төмен ағып бара жатқан қайықтар мен кемелердің қыспағында мен бағытымды мүлде жоғалтып, тіпті, ескегімді де тастадым. Қайықтар мен кемелердегі ойын–сауыққа берілген тобырлар басқа бағыт болуы мүмкін емес деп мені және өздерін сендіріп менің қасымнан жүзіп, төмен қарай кетіп жатты. Мен де оларға сеніп, бірге аға бастадым. Судың ағынымен алысқа кеткенім соншалықты, мен енді өзімді алып келе жатқан судың құздан құлаған дыбысын естіп, басқа қайықтардың құлағанын да көре бастадым.  Сол сәтте мен есімді жидым. Не болғанымды ұзақ ұға алмадым. Мен өлімге қарсы жүгіріп келе жатқанымды сезіп, қатты қорқып, ешқандай құтылу жолын көрмей, не істерімді білмей қалдым.  Бірақ, артыма қарап, жанталасып ағынға қарсы есіп бара жатқан көптеген қайықтарды көріп, баратын жағаны, және ескекті есіме түсіріп, оны қайта қолыма алып, кейін жоғары қарай  ағынға қарсы жағаны беттеп есе бастадым.

Жаға – Құдай, бағыт – иман, ескек – маған берілген жағаға (Құдайға) жету үшін берілген ерік. Осылай өмірлік қуатым қайта жанданып, мен тағы өмір сүре бастадым». 

Осылай Л.Н.Толстой өмір өзенінен аман өтіп, Абайша айтқанда, Түп Иеге қайтуға бет алған. Бірақ бұл жол бек нәзік, бек шетін жол. Ұлы ойшыл әуелде фәни әлемнің ықпалына түсіп, нәпсіге берілсе де, оның не екенін, адам өміріне беретін кесапатын дер кезінде көріп, Құдайды есіне түсірген. Көпшілік тобыр тәрізді құзға құлағысы келмей, өмірін дер кезінде өзгерте алған. Осылай өмірінің соңында әулиелік деңгейге жеткен.

Абай да аққан судай өмірдің ағымында ұзақ жүзіп, оның жалғандығын дер кезінде сезініп, «Сүйенген сенген дәурен жалған болса, Жалғаны жоқ бір Тәңірім кеңшілік қыл» деп жалбарынып, Аллаға толық берілу арқасында жағаға жетіп Хакім деңгейіне көтеріле білді.

 

Досым ОМАРОВ,

абайтанушы, теолог

 

 

Пікірлер Кіру