Нұрлыбек Саматұлы

13 желтоқсан 2018 6121 0
Оқу режимі

Қызылорда облысында 1966 жылы туған. Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Қазір республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы. Поэзиялық, прозалық кітаптары жарық көрген.

 

Қос жаһанның алтын тәжі, әлем мұқтаж сөзіңе...

Бисмилла! Мейірімді Алла атымен бастадым!
Өзің ғана Құдіретсің, Ақиқатым, Асқағым!
Адамзатқа ақыл беріп, Ақыретті меңзедің,
Ал, пенделер түсінбеді, тұман басып көздерін.
Кербездік пен тәккәпарлық көкірегін ластаған,
Итше қапты бірін-бірі, иманы жоқ хас надан.

Нәпсіге ие бола алмаған, мысықтайын мауыққан,
Жаһилия дәуірі еді, әділетке жауыққан.
Дүниелік ләззаттан шыға алмаған батпақтап,
Жүректерін үрей буып, дүрсілдеген атқақтап,
Кәпір өткен қасақана нәбилермен таласқан,
Нөпір өткен сандаған жыл сансыраған, адасқан.

Жүз жиырма төрт... мың пайғамбар шыбын жанын қиса да,
Уахиға иланбапты пенде біткен бишара.
Тас тұғырдан медет тілеп, өксіп-өксіп жұбанбай,
Үрейі ұшып зар илепті өлім сырын ұға алмай.
Басыр болған пенделерін тағы да бір жарылқап,
Ең сүйікті пайғамбарын аттандырды Лағыл Хақ!

Ең сүйікті пайғамбары – Хазіреті Мұхаммед,
Мұхаммедтен есетұғын расулдық жұпар леп.
Бір лап етер ләззаттан басқа ешбір нұры жоқ,
Бейберекет шашып келген шауһатының құлы боп,
Үмметтері ә дегенде қасарысып, қырсығып,
Мүшіріктер топтанып кеп таяқтапты құлшынып.

Қолға қылыш алдырардай қатулы еді жаулары,
Ғазауатта қан жоса боп самайынан саулады.
«...Адам деген бірін-бірі қуалаған толқындар...
Әй, толқындар, Хақтың ғана қаһарынан қорқыңдар!»
деп талмастан жиырма үш жыл шегіп жүріп бейнетті,
Ұлы Ахмед үмметіне бақыт жолын үйретті.

Иә, Расулла, нұр боп келдің жарқыратып әлемді,
Бүкіл әлем күйрер еді кешіккенде сәл енді.
Өзің ғана дүниеге мән-мағына үстеген,
Көркем үгіт, хикметпен, керек десе күшпенен.
Ажырамас пұттар менен ажыратып адамды,
Санасына салып бердің халал менен харамды.

Жүректерді сарқылмайтын суардың да сеніммен,
Сәуле құйдың көкірекке, жадырады егілген.
Адамзаттың барар жері еді жалғыз жаһаннам,
Ізгілікке бастап елді құтқардың Сен қаһардан.
Алла тартқан азабыңды зая қылмай, жөнімен
орын берді мың, миллион жүректердің төрінен.

Жапалақтай көзін алып қашса-дағы жарықтан,
Тәуекелге жетеледің пенделерді талыққан.
Алла басқа пайғамбарға уа, Хабибім демепті,
Өзіңе айтты ардақ тұтып, биіксің сол себепті.
Мейірімді, рақымды Хақ Тағала атынан
Дұға қылып тазаладың күпірліктің татынан.

Қос жаһанның алтын тәжі, әлем мұқтаж сөзіңе,
Ал әлемнің қан толып тұр, дәл қазір қос көзіне.
Бірін-бірі қырып жатыр, үстін-үстін бомбалап,
Жер дірдектеп теңселіп тұр, ағып қаны сорғалап.
Зинақорлық, парақорлық, қорлық... қорлық... қаптады,
Аманатқа қиянат қып, ар-намысты таптады.

Букмекер мен казино көп ақша тіккен құмарға,
Ақша тіккен жерде иман жалқы сәтке тұрар ма?
Сенем! Бір күн асыл сөзің келген кезде кезегі,
Мұнафықтар жерді басып жүре алмайды, безеді.
Құдси хадис естілгенде жүректерді баураған,
Кәпірлерге дайын тұрар тозақ оты лаулаған.

Жезөкшенің үйлері мен казинолар қирайды,
Ар-ождансыз шайтандарды тозақ оты қинайды.
«Ассаламу алейкум» деп бір-біріне мүміндер,
Қол ұсынып көктемдейін жадырап бір күлімдер.
Шошқадайын шыңғырады әлсіздерді жылатқан,
Сенем, сөйтіп ататынын әділетті бір ақ таң!

Тауыса алман Пайғамбарым, өзің жайлы баянды,
Өлең қылып өрсем деймін иллахи хақ саяңды.
Мұратыма жетемін бе, жетпеймін бе... көрермін,
Жете алмасам өкініш не, осы жолда өлермін!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру