Намазда ойдың бұзылуынан тосатын жеті тәсіл

14 желтоқсан 2018 11605 0
Оқу режимі

Пайғамбардың (с.ғ.с.) намазы туралы оқиғаларды жиі оқимыз. Аштықтан құрылдаған қарынның, ісіген аяқтың халіне қарамастан, жүрегі шаршамай, беріле оқыған намаздары – әрбір мұсылманға үлгі. Жасқа шыланған жайнамаз, тізесінен тырсылдап таматын көз жастары бір бөлек әңгіме.

Әз елші (с.ғ.с.) – Алла алдында тұрудың рахатын, бақыты мен қуанышын, намаздың тәтті дәмін сезінген адам. Сондықтан да намаз уақыты келгенде: «Ей, Біләл! Бізді рақаттандыр!» – деп бұйыратын.

Ал, Әбу Бәкірдің (р.а.) «Өкінуші, қайғылы» деген есімін білеміз. Ол Құранды естігенде, оқығанда жылайтын, намазда, имамдыққа шыққанда жылайтын. Омардың (р.а.) бір жас баланың Қиямет күні туралы оқып отырған аяттарын естігенде, талып түскенін білеміз бе? Осыдан кейін бір ай бойы төсек тартып жатып қалады. Оның намазда тұрып жылаған дауысы ең артқы сапта тұрған сахабалардың құлағына жететін болған екен. Баласын жылан шақпақ болғанын байқамаған, үйдің ішінде өрт болғанын білмеген, рукуғта тұрғанда арқасына құстар қонатын ізгі жандардың оқиғалары жүректі тербейді. Ал, өзіміздің намазымызды олардың намазымен қаншалықты салыстыра аламыз?

Оқып тұрған сүреден жаңылып немесе ұмытып, рүкүғ жасауды немесе ракағат арасындағы отырысты ұмытып кету көпшілігімізге таныс жайт. Алайда, таныс екен деп бейжай қарауға болмайды, керісінше, құлшылығымыз құнтты әрі Алланың құзырында қабыл болуы үшін барынша күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет.

Алла Тағала Құранда: «Ақыретке тиісінше сенбей ықылассыз намаз оқитындардың жағдайы қандай өкінішті! Олар намаздарында ғапыл»,[1] – деп ескертеді.

АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ КӨРІП ТҰРҒАНЫН ЕСТЕН ШЫҒАРМАУ

Жаратушымыз бізге күре тамырымыздан да жақын екенін біліп қана қоймай, Оның бізді көріп тұрғанын сезінер болсақ, иманымыздың кемелденіп әрі намазда да ықыласты болуымызға жәрдемі көп тиетін тәсіл болып табылады. 

«Шындығында, Алла бәрін Естуші һәм Көруші»[2].

ОЙЫҢЫЗДЫ БӨЛЕТІН НӘРСЕНІҢ НЕ ЕКЕНІН АНЫҚ БІЛСЕҢІЗ, АЛДЫН АЛЫҢЫЗ

Мәселен, егер күнделікті тіршіліктің қамы алаңдатар болса, онда Алла Тағаланың барлық нәрсеге құдіретті екенін әрі сіздің де ісіңізге жәрдем беретінін есіңізге алыңыз. Олай болса, ойымызды күйбең тірлікке емес, құлшылыққа шоғырландырып, ықыласпен оқуымыз қажет.

НАМАЗДА ОҚЫЛАТЫН АЯТТАРДЫҢ МАҒЫНАСЫНА ОЙ ЖҮГІРТУ

Сүрелер мен аяттардың мағынасын түсіну намаздағы ойың жинақылығына кепіл болады. Егер аяттардың мағынасын білетін болсаңыз, онда оқып жатқаныңыз араб тіліндегі түсініксіз сөздер емес, ұлы насихат пен ескертулер жинағы болып шыға келеді.

ӨЗІҢДІ ҚАДАҒАЛАУ

Құлшылық уақытында артық қимыл-қозғалыс жасамаған абзал, айналадағы заттарға көзіңіз түсіп кетпес үшін көзімізді сәждеге баратын нүктеге тігіп тұрған жақсырақ. Айша анамыздың (ол кісіге Алла разы болсын): «Алла Елшісі намазды сәжде жасайтын жерге қарап оқитын» деген хадисті келтіреді. Бұл – тап бір құлдың қожайынның алдында қорықа, бойсұна тұрғанындай құбылыс.

ЫҚЫЛАСТЫ БОЛУ

Ықыласты мұсылман қолға алған әр ісіне ерекше ден қойып, шын пейілімен, жанын салып істейді. Шайтанның арбауынан аман қалатын бірден-бір кісілер де ықыласты құлдар болмақ. Өйткені шайтан күнәлі істерді қанша әдемі етіп көзіне көрсетсе де шын ықыласты құлдар бойын тез жиып алып, ондай жамандықтарға аяқ баспайды. Құранда шайтанның былай дегені айтылады «Жер бетіндегі пенделерге (жамандықтарды) әдемі етіп, міндетті түрде олардың барлығын аздырамын. Араларындағы ықыласты мүминдер ғана бұдан тыс»[3]. Бұл жерден шын ықыласты мүміндерді азғыруға шайтанның шамасы келмейтінін аңғарамыз. Жаратушыға ықыласпен құлшылық қылып, намазымызда ойымызды жинақтауға әрі шайтанның азғыруынан сыйынып, Алладан дұға тілеңіз.

АСЫҚПАУ

Адамның табиғатында асыққыштық қасиет о бастан бар. Жаратушыға уақыт бөлуден қорықпаңыз. Хадистерде «асығыстық – шайтаннан» деп айтылады. Намазда ықыласты, мұқият әрі сергек болу керек. Рукуғты, сәждені асықпай, сүйектердің қалпына келгенін күтіп, мұқият әрекет жасау. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазды солай оқыған. Жаттығу жасаған адам немесе робот секілді қимылдау – намаз рақатын сезінуден тосады. «Ақиқатында, нағыз ұры – өзінің намазын ұрлаушы адам». 

НАМАЗДАН СОҢ БІРДЕН ТҰРЫП КЕТПЕУ

Адамдардың басым бөлігі намаздарын тезірек оқи сала, жұмыстарына асығады. Егер намаздан соң аз ғана уақыт отырып, намазыңыз жайлы ойланып, зікір мен дұға жасар болсаңыз, намаз үстінде ойыңыздың бұзылуынан арылуға көмегі тиеді.

 


[1] «Мағун» сүресі, 4-5- аяттар.
[2] «Ниса» сүресі, 58- аят.
[3] «Хижр» сүресі, 40- аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру