НАМАЗ ӘДЕТ ЕМЕС, ОЛ МІНДЕТ

04 қазан 2024 810 0
Оқу режимі

Құлшылық терең мәселе. Ол Алла мен адам арасындағы сыр. Оған үшінші бірі араласа алмайды.

Бірақ мәселенің тағы бір қыры бар. Болу мен көріну. Құлшылық психологиясы бойынша намаз оқыған яғни ұдайы құлшылығы бар адамда ерекше бір хәл орын алып, оның рухани түлеуіне әкелу керек еді. Біз бір сөз ой айтқанда өз ортамызбен құрған сұхбат не тілдесу десе де болады, сол негізде пікір айтамыз емес пе!?

Мысалы қазіргі көп жастарымыздың бойынан рухани түлеу емес, керісінше агрессия, оқшаулану, эгоизм басып барады. Олар үшін дін лозунгілер мен модаға айналды. Мұны сыртқы формаларына қарап айтып жатырмыз. Әрине ішіндегісін Алладан басқа білер бар ма?

Оқығаны екі үш аят. Не бір кітап шығар. Ал шынайы құлшылық адамды ішкі тереңдікке жеткізу керек еді. Сосын намаз адамға өзін өзі бақылауды, жауапкершілікті қалыптастырады.

Ал өзін өзі бақылап жүретін адамда әрдайым терең ой болады. Ол ықыластан туады. Ықылас болмаған жерде ол намаз емес жай сыртқы қоршаған ортаның ризалығы не қысымына жауап қана болады. Ал намаз тек Алланың ризалығы үшін болу керек, солай емес пе?

Олай болмаған жағдайда намаздың дәмі де мәні де қалмайды. Ол жай етке, денеге ғана қатысты иіліп бүгілуден тұратын риядат яғни гимнастика болмай не болады. Онда Алладан қорқудың ізі де байқалмайды. Бұл рия.

 Намазға ең бастысы үлкен психологиялық дайындық керек. Себебі ол Алла мен адам арасындағы қатынас. Өзің ақ қарапайым көзбен салыстырып көр кез келген қатынасқа, сұхбатқа адам дайындықпен келмесе не болады?

 Ал намаз сұхбаттардың ең абзалы, оған жауапкершілік, терең таным, махаббат, ықласты ниет, концентрация шарт. Сырттай намаз оқып отырасың, іштей ойың басқа жақта болса, ол бүгіліп иілуден басқа не болады. Неге өзіңді өзің алдайсың. Міне адам осы мәселелерді дерт қылғанда тереңдей бастайды, түлейді.

 Намаз әдет емес, ол міндет. Әдетте жауапкершілік, бақылау, іздену, терең ой болмайды. Ол шартты түрде орындала салады. Ал намаз міндет болса, оны тану, білу, зерттеу, дайындық, ықылас, махаббат керек. Себебі ол адамның ең басты құндылықтарының бастауы. Барлық құндылық атаулы сол арқылы адамның рухында сомдалады. Ал құндылықтардың басы рияға құрылса, ондай адамнан Аллаға да қоғамға да келіп кетер пайда бар ма! Абайдың қара сөздеріне қара. Алла мен адам қатынасындағы сезімге ешкім араласа алмайды. Ол себебі ішкі тәжірибе. Сыр. Оны тілмен сыртқа шығара да алмайсың.

Ал Алла мен адам арасындағы таным мәселесіне келсек. Ол тіл арқылы, ондағы ұғымдар, түсініктер, тұжырымдар арқылы қалыптасады. Сонда діни таным уақытпен, кеңістікпен, шартпен, тілмен, мәдениетпен, дүниетанымен қатысты болады. Бірақ әлгі ішкі сезім мәселесі сыр болса, да ол сыртқа шықпас десек те, неге жалаулатып, саясатқа айнала береді. Адам Аллаға деген иманын неге өз ішіне жасыра алмайды? Неге ол балақ болып, сақал болып, хиджап болып алдымызға «үрей» көзі бола береді. Дін нәзік мәселе еді. Неге ол үрейге айналды. Сыр неге сыртқа шыққыш болып кетті? Неге адам жеке сырды сыртқа шығарып жариялағыш болып кетті. Иманыңды көрсет деген қысым бар ма? Ал Аллаға сенің иманың міндет емес, иман өзің үшін керек дейді Абай.

Қорыта айтар болсақ, қазіргі Қазақстан кеңістігі мен уақытының шартында «имани гүл» үндестігіне зәру. Адамзаттың бәріне Алланың жаратқаны деп қарау шарт. Яғни зайырлы заңың да барлық дінге құрметпен қара деп отыр. Олай болатын болса, сен сырыңды ішке сақта, иманыңды тек Алланың таразысына сал, діни танымыңды саяси, зорлық, зомбылық, өктем мен менмендік құралына айналдырма, қолдандырма! Сонда жұртта да, сыртта да, ішіңде де тыныштық орнайды.

 Д.Кенжетай

“Зайырлы ел-қайырлы ел” кітабынан үзінділер

Пікірлер Кіру