НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА

31 мамыр 2024 1695 0
Оқу режимі

Заманында қаһарлы ханға баласының өлімін жеткізген киелі домбыра қазақ халқымен бірге пайда болып, бітеқайнасып кеткендей көрінеді кейде. Сайын дала төсін мекендеген ата-бабаларымыздың арман-тілегін қос ішегіне қондырып, бүгінге жеткізген аспаптың тарихы басқалай болуы да мүмкін еместей.

Дегенмен қос ішекті бұл аспаптың пайда болу тарихын зерттеуші мамандар алты мың жыл бұрын болған деген пікір білдіреді. Бір кезде Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын білеміз. Ғалымдар бұл сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізге дейін IV ғасырдың мұрасы болыпты. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізге дейін VI ғасырға тиесілі. Көріп отырсыздар ма, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның күмбірлеген күйін естіген. Қуанышта да, өкініште де бірге келе жатыр. Ол бүкіл біздің даламыздың, барлық қазақтың қаны да жаны да бір екенін дәлелдейтін нақты нәрсе.

Еліміз егемендік алып, есемізді түгендей бастаған тәуелсіздік жылдарында бекітілген төл мерекелеріміз бен атаулы күндеріміздің қайсын алып қарасақ та, әрқайсының орныққан орны, тереңге тартқан тамыры, өзіндік тарихы бар. Дегенмен, солардың ішінде қазақ халқы үшін маңызы айрықша бірегей мерекелердің бірі Домбыра күні дер едік. 2018 жылдан бастап шілде айының алғашқы жексенбісінде мерекеленіп келе жатқан «Домбыра күні» – қазақ халқының жанындай болған киелі домбыраға берілген тарихи баға, ресми ілтипат. Дархан даланың кеңдігі мен паңдығын шанағына сыйдырып, қос ішектен қуанышы мен қайғысын төккен қазақы қара домбыраның халқымыз үшін қадір-қасиетін, маңыз-мәртебесін айтып жатудың өзі артық. Ақиық ақын Қадыр Мырзалиев жырлағандай, «нағыз қазақ – домбыра!».

Осыдан бес жыл бұрын тұңғыш рет елорда төрінде аталып өткен мереке аясында еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 2000-нан астам домбырашы бас алаңда күмбірлетіп күй төккенде, жүрегі дүрсілдемеген қазақ жоқ шығар, сірә! Атырау мен Алтай арасындағы түрлі домбыра мектебінің өкілдері бас қосқан күй аламанының күмбірі жыл өткен сайын жаңғырып, ұлттық болмысымызға серпін бере түсері сөзсіз. Бүгінде осы бастама аясында еліміздің басқа да қалаларында Домбыра күні айрықша аталып өтіп, түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылатыны көңіл қуантады.

Иә, қазақ халқының кие тұтқан жәдігеріне айналып, төрден орын алған қара домбыраның үні ұлттық болмысымыздың діңгегі екені даусыз. Кешегі күй атасы Құрманғазыдан бастап, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбеттей тума таланттар көңілдің сөзін күймен жеткізсе, аузымен құс тістеген дүлдүл ақындар да, атақты жыраулар да, сал-серілер де қос ішектен қолдау тауып, өшпес өнерін мұраға қалдырған. Жалпы алғанда, дәл осы домбыра аспабымен қазақ халқының тарихы мен тағдыры тығыз байланысты. Қазақтың қай күйін алып қарасақ та, қай әнін тыңдамасақ та, көне тарихтың ізіне тап боламыз. Мысалы, қазіргі кезде күйшілер арасында кеңінен мәлім «Шыңырау», «Аққу», «Кеңес», «Сары өзен», «Шұбар ат», «Ертіс толқындары», «Мұңлы қыз», «Тепең көк», «Ақсақ қаз», «Бозінген», «Желмая», «Құланның тарпуы», «Көкейкесті» сынды әуендер мен күйлер бізге сонау бағзы замандардан қойнауынан бабалар аманатындай болып жеткенін зерттеушілеріміз аз айтып жүрген жоқ.

Бүгінде ұлт бірлігіне іріткі салып, елді алауыздыққа салғысы келген кейбір теріс ағым өкілдерінің салт-дәстүрдің барлығын шеткері ысырып, ұлттық жәдігерлерімізге «харам, ширк» деп баянсыз бәтуа айтып жүргеніне де куә болудамыз. Ғасырлар қойнауынан біздерге небір керемет күйлер мен тағылымы мол термелерді жеткізген, бабалар нақылы мен аманатын арқалаған қара домбыраның қазақтың жаны екенін жар астындағы жауларымыз да жақсы біледі. Сондықтан қазақтың жаны болған домбырасынан айырса, түзу жолының темірқазығы болған салт-дәстүрінен адастырса ойлағаны оңай жүзеге асарын да біледі. Осы орайда, Ислам шариғатының негізгі ұстанымын көрсететін қасиетті Құранның «Ағраф» сүресіндегі нақылды ұмытпаған жөн: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал». Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында да жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың құзырында да ұнамсыз», – дегені айтылады.

Әрине қазақ пен домбыра ұғымы қашанда қос ішектей егіз, қос ішектей бірге болып қала бермек! Ұлттық жадымызда жатталып қос ішектен төгілген қоңыр әуен – халқымыздың үні. ЮНЕСКО-ның шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес, мәдени мұраларының тізіміне енгені де еліміз үшін айрықша мақтаныш. Өйткені ол – Қазақтың жаны, қазақтың домбырасы!
 

Ерболат ЖҮСІПОВ,
Астана қаласының бас имамы

Пікірлер Кіру