МУТАШАБИҺ АЯТТАРДЫ ТҮСІНУДЕГІ БЕС ӘДІС

27 маусым 2024 1470 0
Оқу режимі

Хәкім Абай Ғақлиясында: «Саниғын сұңғатына қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді» деп Жаратушының шексіз құдіретіне таңданумен қатар Хақ Тағаланы тану жолының тәсілін баян етеді. Бұл тәсіл сонау сахабалардан келе жатқан сара жол.

«Саниғын сұңғатына қарап білесіз» керемет айтылған. Сұңғат – шебер жасалған өнер туындысы. Расында, әрбір жаратылыс ерекше әрі қайталанбайтын туынды. Ал, Саниғ – Жаратушы. Демек, Жаратушыны шебер туындысына қарап танисыз. Құран Кәрімде: «Рахман Аршқа «истиуа» етті (шексіз билігін жүргізді)[1]» деген аят бар. Осы сынды аяттарды деструктивті ағым насихатшылары түбегейлі бұрмалап түсіндіруде. Мұның екі себебі болса керек. Біріншісі, ізгі буын сахабалар мен табиғиндер ұстанымын айналып өту. Екіншісі, ізгі буын ізімен келе жатқан ата-баба тәлімінен бейхабар болуы. Соның нәтижесінде сөзбе-сөз аударғанда Құрандағы «Алланың қолы», «Алланың дидары» «Рахман Алла Аршыға отырды» деген аяттарды бірбеткей бұрмалап айтуда. Осы мағыналас аяттармен қатар «Алла жүріп келеді», «Түннің соңғы бөлігінде дүние аспанына түседі» деген хадистер де бар. Ендеше, мұндай аят-хадистерді қалай түсіну керек? Нақтырақ айтқанда, ғұламаларымыз қалай түсіндірген?

Құран Кәрімде: «Ол саған сонау Кітапты түсірді. Ондағы аяттардың бір бөлігі мағынасы анық әрі нақты болған мухкам аяттар. Міне, солар Құранның негізін құрайды. Ал енді бір бөлігі болса, муташабиһ (бірнеше мән-мағынаға саятын мағынасы астарлы) аяттар. Жүрегінде (тура жолдан) ауытқу болғандар қайткенде бүлік шығарып, ел-жұртты тура жолдан тайдыру үшін әрі ол аяттарды тәпсірлеу үшін (мухкам аяттарды былай қалдырып) астарлы мағыналы муташабиһ аяттарды қазбалайды[2]», - дейді.

Демек, «Алланың қолы», «Алланың дидары» деген аяттар муташабиһ. Ал, муташабиһ – мағынасы астарлы аяттар. Муташабиһ мәтінді (аят пен хадисті) дұрыс түсінудің жолдары бар. Оны ықшамдап бес әдіс аясында қарастырып көрейік. Жалпы, муташабиһ аят екенін қалай білеміз? Мәселен, қол-аяқ, дидар деген сипаттар немесе жүру, түсу деген сияқты іс-қимылды білдіретін аят немесе хадистер. Аталмыш бес әдіс бірқатар әдебиеттер негізінде жинақталды.

Әуелгісі, муташабиһ мәтінге иман ету. Мәселен, Рахман Алла – Аршыға «истиуа» етті. Сонымен бірге, «Түннің үштен бірінде аспан дүниесіне түседі», деген сияқты хадистер. Демек, муташабиһ аят-хадисті жоққа шығармау.

Екінші әдіс, мұндай мәтінді муташабиһ деп білу. Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, мағынасын тікелей естіген күйде түсіну қателікке алып баратын мәтін. Өйткені, ақли мен нақли дәлел мұны қабыл етпейді. Деструктивті ағымы: «Құранда муташабиһ аят деген жоқ. Сендер муташабиһ деп жүрген аяттар мағынаны анық, ешбір түсіндіруді қажет етпейді. Аятты сол күйінде түсіну керек» дейді. Бұл ағым негізгі аят – муташабиһ. Міне, осының негізінде мухкам аятты түсінеміз дейді. Жат ағымның бұл көзқарасы ең сорақы қате. Осы нүктеде деструктивті ағым әхли сүнна ұстанымынан түбегейлі ажырап шығады.

Үшінші әдіс, мажаз. Мажаз – ауыспалы мағына, астарлы сөз. Муташабиһ аят мағынасы мажази, яғни ауыспалы мағына. Ал, деструктивті ағым өз ұстанымын бекіту үшін араб тілінде «мажаз» деген жоқ деп бұрын соңды ешбір ағым айтпаған «жаңалықты» ашқан. Тұжырымын қорғау мақсатында мажаз ережесін аятқа қолдануға болмайды, тек хадиске қолданамыз деді. Алайда, бұл пікірлері сәтсіз шықты. Өйткені, ұстанымдарын ғылыми негізде қорғауға қауқарсыз тұжырым еді. Олар мажаз Құранда бір-екі аятта ғана кездеседі деп пікірлерін өзгерткендей еді. Алайда, мажаз барлық тілде кездеседі. Мажаз ережесі жоқ тіл әлемде кездеспейді, мүлде жоқ. Ал, араб тілінде кейде ойды тікелей мағынадан гөрі мажазбен жеткізу күштірек болып табылады. Түйіндей айтқанда, деструктивті ағым ішінде мажаз мүлде жоқ деген пікір кең тараған. Міне, бұл Ибн Қаимнің (р.а.): «Мажаз – тағут» деген сөзінің жемісі.

Төртінші әдіс, мажаздың түрін анықтау. Мәселен, истауа – іс-әрекет. Қол, дидар – ағза. Бұл сипат.

Бесінші әдіс. Муташабиһ аятқа нақты кесімді мағына бермейміз.

Бір аятты талдап көрейік: «Рахман аршыға истауа етті». Негізі, аятты түсінуде талдап жатқан аяттың жәрдемі керек. Бірінші – Рахман. Рахман – Алланың есім-сипаты. Алланың сипатын нақты айтатындай кім Алланы көрді? Қандай екенін білеміз бе? Екінші – Арш. Оның биіктігі мен ені және тағы басқа сипаттамалары беймәлім. Ендеше, «истуаны» отырды деп кесімді түрде түсіндіретін ағымға қарапайым сұрақ: отырушы мен отыратын тақтың сипаттамасынан бейхабар бола тұра, қалай отырғанын қайдан біледі? Истиуа қалай жүзеге асады? Ал енді, Арш Алланың жаратқан дүниелерінің ішінде ең үлкені, әрі оны Алла Өз билігінде ұстауда десе, онда Аршпен қоса әлдеқайда кіші планеталар мен галактикалар сөзсіз Оның басқаруында деген мағынаны ұғуымыз керек. Хазрет Әлидің (р.а.): «Алла Аршыны отыру үшін емес, құдіретін көрсету үшін жаратты» деген ғажайып сөзі деструктивті ағымның муташабиһ аят пен хадистерді түсінудегі ұстанымы біздікімен арасы жер мен көктей екенін білуге болады. Демек, аталмыш аят мағынасы «отыру» емес Алланың ұлылығын паш ету.

Сонымен бірге, «Пендем Маған қарай бір сүйем жүрсе Мен бір құлаш жүрем. Жүріп келсе, жүгіріп барамын[3]» деген құдси хадис бар. Осы мағыналас бірқатар құдси хадистер кездеседі. Осы хадисті Ағмаш (р.а.): «жарылқауымен және мейірімімен қарсы аламын» деп түсіндірген. Пенде құлшылық етіп Аллаға жақындай түссе, Алла оған лезде жарылқауы мен мейірімін төгеді. Имам Науауи (р.а.): «Бұл Алла Тағаланың сипатын көрсететін хадистердің бірі. Алайда, мәтінді (Алла пендеге адымдап немесе жүгіріп барады деп) тікелей түсінуге ақылға сыймайды. Оның мағынасы: «Кімде-кім Маған құлшылығымен жақындай түссе, оған Өзімнің мейірімім, жолын оңғарумен және жәрдеміммен жақындаймын. Егер құлшылығын арттырса, Менің де мейірімім ұлғая түседі...[4]» деп талдаған.    

Түйіндей айтқанда, Хақ Тағаланы тануда Хәкім Абай айтқандай: «өлшеулі мен өлшеусізді қалай білеміз» қағидасын естен шығармау керек.

 

Руслан Қамбар

 

 


[1] Таха сүресі, 5-аят

[2] Әли Имран сүресі, 7-аят

[3] Бұхари, Таухид тарауы

[4] Муслим шархы, 17

 

Пікірлер Кіру