Мұхтар ӘУЕЗОВ: АДАМДЫҚ НЕГІЗІ – ӘЙЕЛ

16 тамыз 2024 1336 0
Оқу режимі

Адамның ғұмыр кешірмек кәсібінің терең түбіне қарасақ, хайуанша күндік қоректі таспен атып, ағашпен ұрып аң аулап жеп, немесе жеміс теріп жеп, қарны тойса аңша бір жерге жата кетіп жүрген. Ер жағы қара басынан басқаға қарамай жүргенде, балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымның басын құраған – әйел.

Адам баласы қызықты ғұмыр кешірмек боп қуанып, үмітпен өсіп, жылдан жылға қызуы басылып, суынып, ақыры кейін өледі.

Неліктен? Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы. Барша дүниедегі пайда-мақтан әуелі басыма болса, немесе туысқаныма, ең болмаса аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып, талап қылу, бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп айтылады. Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл – инсаният, яғни адамдық жолы. Бұлар бұрынғы Толстой сықылды хакимдердің айтуында, екінші, марқұм әкеміз Абайдың: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың», – деген мақалы да, һәм пайғамбар ғалаис саламның: «Адамның жақсысы адамға пайдасын тигізген» деген хадисі де көрсетеді.

Бүгінгі дүниеде бұрынғы тіршілік кәсібіне тас пен ағаштан басқа амалы жоқ боп жүрген адамның баласының өнері қандай өскені һәммеге  мағлұм. Яғни аспанға құс боп ұшады, суда балық боп жүзеді, жансызға жан бергендей от арба, кеме жүргізген сықылды санап та болмайды. Бірақ адамгершілік құлқы өспеген соң жақсылықтың бәрі жамандыққа айналып, бар дүниедегі маңдай басы елдердің үш жылдай адамның көзінің жасы мен қанынан дария ағызып жатқаны мынау.

Осы айтылған мағыналы адамшылық туралы өзіміздің ішімізге келсек, бір атаның көздің қарашығындай екі баласы бірімен-бірі аңдысып, алдына таман, алысқа қарамай, бірін-бірі қарауылдап, қыли болып отырғаны мынау. Адамның кейіп, «дүние шіркін-ай!» – деп өлмегі екі көздің бірінен күткен достығы қастық боп шығып, әмсе жер соға бергендігінен. Әйтпесе, жасындағы алланың дүниесінің қысы, жазы, күні, түні өзгергеннен емес! Енді дүние осылай әмсе өте ме? Дауасы бар ма? Бұл туралы адамның ішкі сырын ақтара қарап, аудара сынаған кемеңгерлердің сөзіне қарасақ, әділет мархаметтің негізін былай деп шешеді.

Әуелі адам баласының келешектегі адамшылығына ірге болатын істі сол адамның ортасы бір сурет жасап беріп, соған өзі киген тонын кигізеді. Сонан кейінгі ол адамның өмір жолында көретін жақсы, жаман үлгісінің бәрі жамау, ия бояу болады. Жә, сол адамшылығымызға үлгі салатын ортаның көп түрлі-түрлі істерінің ішіндегі бізге ең әсерлісі қайсы?

Бұл туралы және сол білгіштердің шешуі мынау: адам баласы бір үлгі аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен күштеп алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды дейді. Бұған қарағанда біздің ой буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол анамыз... Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Бұлай болғанда өмірінде әділет, мархамет, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың харекеті үй іші мен от басынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек, адал ниетті қамқор жан тууы мүмкін бе? Бұл себеп әр адам өзінің балалық күніне көз салса, бір қазақтың баласының анасынан болатын мына түрде болады: Әуелі, ана – балаға байлық, барлықтың өзінде болғандағы бағасы, дәмі қандай, өзгеде болғандағы көзге күйіктің пайдасыздығы қандайын үйретеді. Онан соң өзің ретті құрбының өзіңе қатарласа алмай қалып жүргенін жақсы деп үйретеді. Және неше түрлі өзінің ауданы аз, түрсіз, қараңғы ойына кіретін жаман мінезінің бәрін баласының сіңіргіш жүрегіне жұққызады, бұдан кейін әр бала қызғаншақ, өзімшіл, мақтаншақ, пайдакүнем сұмырай мінездерді ойына артып алады. Ана талқысынан асқанда бала шет жағалап әке ақылына құлақ салады.

Бірақ оның жақсы түрлері болса да әлгіндей түрі тағлім  көрген балаға көбінесе жұқпай кетеді. Бұдан кейін бала құрбы арасына кіріп, құрбының мінезі мен әдетін көреді. Ол құрбылардың бәрі де әлгі баланың шыққан анасындай аналардың қолынан шыққан соң, олардағы адамшылықтың нәр жұғынының шамасы да белгілі болады.

Бұдан кейін бұл бала қандай оқысын, қандай үлгісі мол ортада жүрсін әуелгі анадан алған өрнек ішкі сырының арқауы болады. Бұл арқауының маңызы қара тастай болып салмағы бір кездегі көрген, естіген, білгенінің бәрін басып жатып алады. Сол себепті бізде қайратының жалыны жаланған айқынды ұлтшыл шоқ саны белгілі бірлі-жарымды айтып та керек емес.

Қай уақытта қай халықта болсын, білім жолында жұрт қатарына жетерлік халық болу жолында ең керекті шарт – ақ жүректі екпінді ерлер. Халықты ілгерілететін дөңгелек солар. Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкін емес. Бұлай болғанда алғашқы сөзімді қайта айтамын. Адам баласы тағы болып, еркегі хайуандық дәрежесінде жүргенде әйелден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын кіргізген.

Бұған қарағанда адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!

1917 жыл.

 

 

 

Пікірлер Кіру