«МОЛАСЫНДАЙ БАҚСЫНЫҢ» ЖАЛҒЫЗ ҚАЛАСЫЗДАР!

20 сәуір 2026 71 0
Оқу режимі

Кез-келген елдің, ұлттың, халықтың нанымы, сенімі, діні сөзінен, дәстүрінен, ұстанымынан, киімінен, тіпті ғимараты мен сәулетінен де көрініс береді.

Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб, Қарахан, Жошы хан, Алаша хан кесенелерінен алыңыз да, Ежелгі Тараз, Сарайшық, Сауран, Отырар қалашығына барыңыз, Батыстағы Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Масат ата жерасты мешіттерін аралаңыз, барлығы да – Ислам мәдениетінің жәдігерлері.

Ұзаққа бармай-ақ, ата-бабаңыздың мазарын-ақ аралап шықсаңыз, әр моланың басынан Исламның символы болған айды көресіз.

Осы күні «тәңіршілмін» деп жүрген «жалған тәңіршілдер» осы мәдени мұрамызды сызып тастаумен не көздегісі келетіні түсініксіз?

Тәңіршілдік Исламға дейінгі наным-сеніміміз болғанында ешкімнің дауы жоқ. Алайда, бабаларымыз маңызды таңдау жасады. Ол да – Ислам діні. Ғасырлардан бері Ислам ежелгі әдет-ғұрыптарымызбен синтезделіп, дәстүрімізге айналды. «Дәстүрдің» танымы да халықтың кемі үш буын өкілінің әдет еткен ұстанымы. Ал біз қанша ғасырдан бері мұсылманбыз?

Ал Исламда жоқ дәстүрлерімізге не дейсіз десеңіз, Ислам наным-сеніміне қайшы дәстүрді жоюға шақырмайды. Бұған қатысты Мұхтар Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы» еңбегінде былай деген:

«Мұсылманшылыққа ауысқан соң, қазақ биік белден асып кеткендей болады. Белдің астында көрінбей қалып отырған дүние: баяғы бақсы заманының ескіліктері. Бергі заманға оның белгісі келсе,

- мұсылманшылық сүзгісінен өтіп келеді,

- болмаса елдің ерекше сүйіп, айрыла алмағанынан келеді,

- не дінге кемшілік келтірмейтін әдеттер келеді.

Мысал, жар-жар, беташар сияқты барлық салт өлеңдері».

Ендеше, келмеске кеткенді көксейтіндерге Абайдың «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным!» деген сөзін естеріне салғым келеді. Тарихи шындыққа қарсы шықпаңыздар, бәрібір «моласындай бақсының» жалғыз қаласыздар.

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру