МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ӨЗГЕРЕ МЕ?
Ислам дінінде ахлақтың маңызы үлкен. Исламның мақсаты адамдарды игі ахлақ иесі қылып тәрбиелеп, кемелдендіру. Ислам – көркем мінез деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген:
«Мен адамгершілік мінезді толықтырып, кемелдендіру үшін жіберілдім». Мұсылманға берілетін баға оның парасаттылығымен өлшенеді. Пайғамбарымыз:
«Сіздердің маған ең сүйкімділерің және қиямет күнінде маған ең жақындарыңыз — ахлағы көркем болғандарыңыз» дейді. Пайғамбарымыздан:
«Алла жанында ең сүйікті құлдар кімдер болады?» деп сұрады. Сонда:
«Ең көркем ахлаққа ие болғандары», – деп жауап береді. Ғибадаттар қалай дініміздің әмірі болса, ахлақи міндеттерді орындау да дініміздің әмірі. Исламдағы ғибадаттардың негізгі мақсаты – адамдарды жаманшылықтан тыйып, ізгі ахлақты болуға тәрбиелеу.
Білетініміздей, қоғам отбасынан басталады. Отбасы – жеке
адамдардан тұрады. Олай болса, бір ұлттың күшті болуы, береке-бірілік ішінде өмір сүруі жанұяның берік болуына байланысты. Отбасының береке-бірлігі отбасындағы жеке адамдардың парасатты іс-әрекеттеріне байланысты.
Сондықтан қоғамды құрайтын жеке адамдардың парасатты болғаны үлкен мәнге ие. Шіріген тақтайлардан берік кеме жасалмайтыны сияқты парасатсыз, жауапкершілік сезімдерінен жұрдай болған адамдардан күшті-куатты қоғам құрылмайды.
Бала дүниеге пәк болып келеді. Ата-ана жақсы тәрбие берсе, парасатты, адамгершілігі мол болып өседі. Ал егер жақсы тәрбие көрмей, жаман мінез-құлықтарға бой алдырса, онда одан адамгершілік күтуге болмайды.
Денеміздегі ауруды дәрімен емдесек, ал бойымыздағы жаман қылықтарды адамгершілік пен көркем мінез үйрену арқылы кетіреміз.
Пайғамбарымыз: «Мінез-құлықтарыңды дұрыстандар» дей отырып, жаман мінез-құлықтың түзелетінін айтқан.
Жұқпалы ауруы бар науқаспен бірге жүрген адам дәл сондай кеселге ұшырауы мүмкін. Мінез-құлқы нашарлармен жолдас болған адамдар да уақыт өте келе жаман мінезге түсіп кетеді. Сол себепті ізгі ахлақ иесі болып, өзінің жақсы мінез-құлқын сақтау үшін, ізгі ахлақты үйренуімен қатар білімді, жақсы мінезді адамдармен араласуы керек, ал әдепсіз адамдарға жуымаған жөн.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) жақсы адамдармен жолдас болуды әтір сулар сатылатын дүкенде отырғанға ұқсатады. Дүкеннің қожайыны оған ештеңе ұсынбаса да ол жердің хош иісінен әсерленеді. Жаман адамдармен жолдас болуды темірші ұстаханасына ұқсатады. Ол жерде отырған кісіге оттың бір ұшқыны шашырайды, я болмаса иісі мазасын алады (Жамиғус-сағир).
Міне, осы сияқты жақсы адамдармен жолдас болғандарға жақсылардың әдептілігі әсер етеді. Ал жаман мінезді адамдармен достасқандарға олардың жаман қылықтары әсер етіп, уақыт өте ол адамның да мінез-құлқы бұзылып, жаман жаққа өзгереді.
Біздің міндетіміз жора-жолдас таңдағанда абай болу, жақсы әрі білімділермен дос болу, олардан жақсы өнеге алу, жаман адамдардан аулақ болу. Бірақ оларды сол нашар әдеттерінен арылту мақсатында олармен араласып, адамгершілікке, парасаттылыққа тарту қажет.
Дереккөз: Muslim.kz порталы