МИҒРАЖ ТҮНІ ҚАНДАЙ ТҮН

26 ақпан 2022 25297 0
Оқу режимі

Миғраж сөздікте «жоғары көтерілу» дегенді білдіреді, шариғаттағы мағынасы «Мұхаммед (с.ғ.с.) Исра түні Бәйтул-мақдистен Ең Жоғарғы аспанға көтерілуі». Яғни Алла Тағала Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түні Мекке қаласынан Ақса мешітіне апарып, сол жерден миғражға көтерді. Исра сүресінде: «Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк қылған Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әр түрлі кемшіліктен пәк», – делінген. Аятта келген «Исра» сөзі түнде жүру дегенді білдіреді.

Алла елшісінің жұбайы Хадиша анамыз бен көкесі Әбу Талиб қайтыс болып, Тайып сапарынан қатты соққы алған т.б. оқиғалардан кейін Екі дүние сардарына жұбату іспеттес Миғраж оқиғасы орын алған еді. Бұл оқиға мүміндердің иманын қуаттаса, иманы әлсіз немесе күпір сенімдегілердің күпірлігін арттырды. Әбу Бәкір сынды сахабалар осы оқиғадан соң «Сыддық», яғни «Растаушы» атанды. Мысалы емтихан не олимпиада өткенде білімді шәкірт не спортшы өз шеберлігін анық көрсететіні сияқты ақиқат орын алды.

Миғраж түні 5 уақыт намаз парыз етілді, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қиямет күні шапағат етуі мен Бақара сүресінің соңғы аяттары уақи етілді. Ол күні Пайғамбарларды көріп, оларға имам болуы, жәннат пен тозақты көру т.б. қиямет жағдайларының Алла елшісіне (с.ғ.с.) білдіруі – мұсылман үмметіне ислам дінін толық жеткізуші, пайғамбарлардың ең абзалы, соңғысы екенінен хабар беріп тұр. Кейбір адамдар осы жағдайлардың бір сәтте орын алуы мүмкін бе деген сияқты күмәнді ойлар айтады. «Әлемді жаратқан, жоқтан бар еткен, уақыт пен мекеннің бар не жоқ болуы Оған әсер етпейтін Алла Тағала үшін бүкіл ғайып пен әшкерені ең сүйікті құлына бір сәтте көрсетуі еш күмәнсіз мүмкін» деп жауап беруге болады.

Исраны жоққа шығарған кісі күпір саналғанымен, Миғражды жоқ санаушы адасқан, бидғатшы, теріс жолдағы адам ретінде есептеледі. Себебі Исра аятпен бекітілген, ал миғраж мәшһур хадиспен жетіп тұр.

Миғраж түнін нәпіл намаздар оқу, дұға-истиғфар ету, Құран оқу, зікір ету, Пайғамбарымызға салауат айту, күндіз ораза ұстау т.б. құлшылықтармен өткізіп, мешіттерде айтылатын уағыздар мен кітаптардан Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірімен жақынырақ танысуға ұмтылғанымыз дұрыс.

Ильяс Отаров
Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі
«Раиса ана» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру