Мейірімсіз жүрек – жетім
Біраз күндер бойы әлеуметтік желілерде қазақтың өрімдей бір топ жас жігіттері төрт аяқты түз тағысының бөлтіріктерін аяусыз, тіпті жан түршігерлік әрекеттермен жандарын қинап, өлтіріп жатқанын түсірген видеоролик кезіп жүрді. Қазіргі таңда әлеуметтік желі жастардың бірден-бір ақпарат көзі болып отырғанын ескерсек, осы тәріздес ақпарат, видеороликтер арқылы желі қолданушыларына ашықтан-ашық қатігездікті, зұлымдықты, ар-намыстың жоқтығын насихаттап жатқандай көрінеді. Әрине, пікір білдірушілердің басым көпшілігі наразылықтарын, бұл зұлымдықтың салдары қандай болатынын жазып жатқанымен де, көз көрді! Демек, «осылай да жасауға болады екен» деген ойлардың жастардың жүрегіне ұялап қалмауына кім кепіл?! Тегінде, мұндай масқаралықты жануарларға жасап жатқан жеткіншек, қоғамда жетіле келе адамдарға қолданып жүрмейді ме деген сауалдар мазалайды...
Дініміз салт-дәстүрімізбен ұштасып кеткен халықтың ұрпағы емеспіз бе? Тіпті, ойнап жүрген баласына құмырсқаның илеуін де бұзуға болмайтынын, кептердің абайсызда ұясынан түсіп кеткен сарыауыз балапанын аялап, жылы ұясына қайта жеткізуді айтып отыратын апа-әжелеріміз азайып бара ма деген ой келеді. Қауіпті зиянкес жыланның өзі абайсызда үйге кіріп кетсе, басына ақ құйып шығарып салмаушы ма еді... Қазіргі таңда қоғамды қатігездік жайласа, ол – Қасірет!!!
Әрбір отбасына, ұл-қызы «асқар тауым» деп білер әкелер мен аяулы аналарымызға айтарым: болашақ АДАМ болса деп тәрбиелеп отырған өз ұрпағының жүрегін бала күнінен қатігездік пен зұлымдық атаулыны ұялатпаса екен. Абай атамыз он төртініші қара сөзінде: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, сезіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі», – дейді. Сондықтан да, ошағымызда ұрпағымыздың жүрегін мейірім мен жылылыққа баулып, ғажайып өмір сүруге үйретерлік, бауырлар!!!
Гүлзира Жидебай
Дереккөз: muslim.kz