МӘЗҺАБҚА ЕРУ МІНДЕТ ПЕ?
«Мәзһаб» деген сөз жол, бағыт деген ұғымды білдіреді. Шариғатта белгілі тәсілдер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер және көзқарастар жиынтығы мәзһаб деп аталады. Бүгінде әһлі сүннет уәл жамағаттың төрт мәзһабы әлемде кең тараған. Олар – Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтары.
Кейінгі буын (халәф) ғалымдары, мұсылмандардың белгілі бір мәзһабқа еруі уәжіп деген. Себебі кез келген мұсылман өз алдына Құран мен хадистен тікелей үкім алуға шамасы жетпейді. Сондай-ақ әркім өз білгенімен жүретін болса, онда көпшілік арасында түрлі талас-тартыстар, дау-дамайлар мүлдем тоқтамас еді.
Зафар Ахмад Усмани (Алла оны рақым етсін) өзінің «Иғлаус-сүнән» атты кітабында былай деген: «Ақиқатында, төрт мәзһаб имамдары – һидаят (тура) жолында. Белгілі бір жұртта олардың қайсыбірінің мәзһабы таралған болса, және оның ғалымдары мен кітаптары көп болса, онда ижтиһад етуге шамасы келмейтін (аят және хадистерден өз бетімен үкім шығара алмайтын) адам үшін сол мәзһабқа еру – уәжіп. Өз жұртында кең таралмаған және ғалымдары көп болмаған мәзһабқа еру – дұрыс емес. Себебі мұндай жағдайда аталмыш мәзһабтың барлық үкімдерін үйренуге мүмкіндік табылмайды. Мұны жақсы білу керек.
Егер бір жұртта барлық мәзһаб өкілдері таралып, елге әйгілі болса, сондай-ақ сол мәзһабтардың ғалымдары да жеткілікті болса, онда ижтиһад ету дәрежесіне жетпеген адам үшін өзі қалаған мәзһабқа еруі дұрыс болады».
Атақты ғұлама Абдулхай Ләкнауи өзінің «Пәтуалар жинағы» кітабында Шах Уалиюллаһ Дехләуидің төмендегі сөзін келтіреді: «Үндістан және Мәуараннахр елдерінде шафиғилердің де, ханбалилердің да, мәликилердің де мәзһабы таралмаған. Басқа мәзһаб кітаптары да жетіп келмеген. Сондықтан бұл өлкелерде тұратын, ижтиһад ету дәрежесіне жетпеген адамдарға Әбу Ханифа мәзһабын ұстану уәжіп болады. Ал Мекке мен Мәдинада тұратындардың жағдайы бөлек. Себебі ол жерде барлық мәзһаб өкілдерін табуға болады».
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қарамағындағы барлық мешіттерінде Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оны рақым етсін) мәзһабы бойынша шариғат ұстанып, соған орай амал етуде. Елімізде дін туралы қабылданған соңғы заңда Қазақстан мұсылмандарының осы мәзһабпен амал жасайтыны шегелеп көрсетілген.
Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ,
«Мұнара» газеті, №10, 2022 жыл
Дереккөз: Мұнара газеті