МАТУРИДИ ТАНЫМЫНДА ИМАН МЕН АМАЛ

25 маусым 2024 1439 0
Оқу режимі

Хз.Пайғамбар қайтыс болғаннан кейінгі кезеңдер ислам тарихындағы өте сан қатпарлы танымдар мен доктриналардың белең алған дәуірі болғаны тарихтан белгілі. Тағдыр, рух, «үлкен күнә», «Алланың хүкмі» т.с.с сияқты мәселелер иман мен амал қатынасы туралы көзқарастар қалыптастырып үлгерді. Бұл сұрақтарға әрбір ғұлама өзінше жауап іздеуге тырысты. Барлық ізденістер әрине, Құран мен Сунна негізінде жүзеге асты. Осы сұрақтар әлі күнге өзекті. Кезінде Имам Матуриди де осы каламдық сұрақтарға жауап іздеді. Имам Матуриди танымы бойынша « ...иман - Алланың барлығы мен бірлігіне, Мұхаммед оның елшісі екендігіне жүрегімен сену». Иманда асыл негіз – жүректің тасдиқы, бекітуі. Жүрек исламда танымдық орталық. Міне осы жерде иман мен ислам, яғни мумин мен муслим мәселелері пайда болады. Ол кезде кім мұсылман, яғни «кім бізден, кім бізден емес» деген әрі саяси әрі әлеуметтік нақтылану үдерісі басты орында тұрды. Сөздік мағынасы тұрғысынан әртүрлі мағыналарды білдірсе де иман мен ислам бір мәнде қолданылады. Құбылыстық жағынан исламға кірудің шарты иман арқылы жүзеге асады. Алғашында саяси, әлеуметтік мәндегі осы түсініктер, кейіннен болмыстық, психологиялық тұрғыдан қарастырыла бастады. Адамда иман бар болса, исламда деген сөз. Иман – «тасдиқ бил қалб» яғни жүрекпен бекіту. Сонда иман нақтылық табады. Иман ислам дінінің ұстанымы, шаблоны. Онда таухид, бірлік идеясы жатыр. Сондықтан дін қалып. Кім сол қалыпты, исламды мойындайды, онда иман шарттарын да қабылдайды. Иманды қабылдаса исламда, болмаса жоқ. Сондықтан да иманда әртүрлілік жоқ.  Осыған сеніп, мойынсұнған адам шынайы мүмін болғандығын тілімен білдіруі тиіс.

Адамның мумин болуы үшін тасдиқ шарты жеткілікті. Амалында нұқсан бар немесе амалды тәрк етті деп ешкім оны кәпір деп күстаналауға құқы жоқ. Адамның амалдарды орындамауы оны иманнан шығармайды, мумин қатарынан да ешкім шығара алмайды. Матуриди бойынша ешбір адамның біреудің иманы жайында сөз айтуға құқығы жоқ. Қазір кейбір мемлекеттік қызметкер қоғамды иманына қарай сенетін, атеист, гностик ретінде процентпен жіктеп жатыр. Бұл зайырлылыққа да, адамдыққа да, дінге де қайшы ұстаным. Себебі иманына қарай діннен шығару немесе үкім беру Алланың құзырындағы іс. Алла бұл дүниеде ғибадатқа жаза қоймайды. Ал бір-бірін «сен кәпірсің, сен діннен шықтың» деп жүргендер, өздерін Алланың орнына қойып, о дүниедегі таразыны осы дүниеге әкеліп, ақырзаман орнатушылар.

Ақырзаман орнатушылар «амал мен иман қатынасы» жайында «амал - иманның бір атрибуты, бөлшегі» ретінде таниды. Олар Мұхаммед Бин Абдулуахаб жолындағылар. Бұл ағымдағылар «амал мен иман бір», «амал - иманның атрибуты» деген ұстанымдарын әрі қарай тереңдетіп, таухид та сипаты ретінде анықтама жасады. Содан Абай айтпақшы, «Алла деген сөз жеңіл» болып шыға келді. Мұхаммед Бин Абдулуахаб және оның ізбасарлары «намаз оқымаған, ораза тұтпағандарды» діннен шығарып тастады. Уахабизм идеологы Мұхаммед Ибнул Усаймин болса, «намазсыздың некесі қиылмайды, жаназасы шығарылмайды, мұсылман қорымына жерленбейді» деген пәтуа шығарды.

Бұл идеологиямен уланған кейбір жастарымыз да өзі сияқты ғибадат жасамағандар, ойламағандар туралы «куфр, ширк, бидғат» ретінде анықтайды. Оларға соғыс ашу, олардың мал-мүлкін талан ету,  жанын алу жайиз. Бұл кешегі ата бабамыз ғасырлар бойы ұстанған мұсылмандық түсінікке де, діни тәжірибесіне де, тарихи санасына да, ұлттық, мәдени болмысына да кереғар реакциялық әрекет. Бұл зардабы кешегі советтік атеистік идеологиядан да сорақы ұстаным. Міне осы идеологияны жахандық саясат мұсылмандарды жіктеп, бірін-біріне айдап салу үшін қолдынап келеді. Яғни адамның ішкі танымы, иманы саясаттың құралына айналды.

 

Досай КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер Кіру