Маскүнемді әулие еткен бір ауыз сөз

31 қаңтар 2019 9376 0
Оқу режимі

Рухани дін алыптарының бірі Бишр Хафи хижри 150 (милади 757) жылы Мерв деген қалада, отырықшы отбасында дүниеге келген. Бағдат қаласында өмір сүріп, хижри 227 (милади 841) жылы өмірден өтті. Өз дәуірінде хадис ғалымдарының бірі болған Бишр Хафи жас кезінде ішімдікке әуестеніп, уақытын бекерге өткізетін болған екен.

Бір күні келе жатса, жерде жатқан бір жапырақ қағазды көреді. Оқып көріп еді: «Бисмиллахи рахмани рахим» деп жазылған екен. Дереу қағазды тазалап, әтір сеуіп, үйіне апарып таза жерге қояды.

Сол түні ғалымдардың бірі түс көреді. Түсінде ғайыптан бір үн: «Бишрға барып айт: Біздің атымызды хош иіске бөледі, біз де оның атын әйгілейміз, есімімізді ұлықтады, біз де оны абыройлы етеміз, есімімізді тазалап кірден арылтты, біз де оның жүрегін тазаладық».

Ғалым болса алғашында таңырқап: «Бұл жай түс қой», – деп сеніңкіремейді. Себебі, Бишр ол кезде жай жүрген бір араққұмар жігіт болатын. Осы түс қатарынан үш мәрте қайталанды. Ертеңгісін ғалым дереу Бишрді іздеп шығады. Бишрді мас күйінде тапқан ол:
– Саған бір хабарым бар, – деді. Бишр:
– Кімнен, қандай хабар? – деп сұрады.

«Бұл хабар Алладан келді» дегенді естігенде Бишр: «Мені азаптаймын дей ме?» - деп тұрған бойында жылады. Шейх оны жұбатып «Ешқандай да олай емес» деді.

Бишр: «Онда күте тұр, жолдастарыммен біржолата қоштасайын», – деді. Барып достарына: «Мені шақырған екен барайын әрі сендерді де Аллаға шақырамын. Ендігәрі мені әсте ішімдік орындарынан таба алмайсыңдар», – деді. Содан кейін бейшара күйде жалаң аяқ, жалаң бас сыртқа шығып, Раббысына ұзақ тәубе етті.

Ақиқат жолын табанды ұстануының арқасында бара-бара әулие кісілердің қатарына қосылды. Осыдан соң Бишр ешқашан аяқ киім кимеді. Өзін «хафи» яғни жалаң аяқ жүруші деп атады. Неге аяқ киім кимейтіні сұралғанда, «Аллаға тәубеге келген күні аяғым жалаң аяқ болатын, енді аяқ киім киюге ұяламын» деген екен.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру