Махаббаттың шынайы көрінісі

30 қараша 2018 9902 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.у.) өзінің азат еткен құлы Саубан (р.а) қатты жақсы көруші еді. Алыс жүрсе, сағынатын. Ол бірде  Алла Елшісінің (с.а.у.) құзырына жүздері қызарып, қол-аяғы дірілдеп кіріп келді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Саубанның бұл кейіпін көріп, себебін сұрады. Сонда ол: «Ауырып жатқан жоқпын, бірақ, аз ғана уақыт сізді көрмей қалсам, қорқынышқа душар боламын. Міне, қазір ақыретті ойладым. Сіз шүбәсіз жәннатқа пайғамбарлармен бірге барасыз. Мен, Алланың рақымы себеп болып жұмаққа кірсем де, сізбен бірге бола алмаймын. Себебі, сіздің дәрежеңіз жоғары. Ал, жәннатқа кіре алмайтын болсам, сізді ешқашан көре алмаймын. Ақыретте халім не боларын ойлап денемді діріл басты», - деді. Сонда мына аят назыл болды: «Ал және кім Аллаға, Пайғамбарға бой ұсынса, міне солар; Алла Тағала нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шәһиттер және игілермен бірге болады. Олар нендей жақсы жолдас!» [1]

Расында, Алла Елшісінің (с.а.у.) дәрежесіне ешкім жете алмайды. Бірақ, рақымы кең, мейірімі шексіз Алла сүйікті расулына үміт сыйлады. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл қуанышты хабарды үмметтеріне жеткізді.  

Әнас ибн Мәликтен риуаят етіледі: «Бір сахаба Пайғамбарымыздан (с.а.у.): "Уа, Алланың Елшісі, Қиямет күні қашан болады?", - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) одан: «Ал, сен ол күнге не дайындадың?», - деп сұрағанда, әлгі сахаба: «Мен бұл күнге Аллаға және Оның Пайғамбарына деген махаббатымды дайындадым», - деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі (с.а.у.): «Ендеше, сен сол күні өзіңнің жақсы көргендеріңмен бірге боласың», - деді». [2]

Демек, махаббатпен ғана біз Алла Тағаланың разылығына, пайғамбарымыз Мұхаммедпен (с.а.у.) мәңгі бірге болу бақытына ие боламыз. Солай болғанда, сұрақ туады: «Бұл махаббат қалай пайда болады, қалай күшейеді?...»

Байқасаңыз, жоғарыдағы хадисте сахаба Алла Елшісінен (с.а.у.) қияметтің уақытын сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) таңғажайып хикметпен бізге ғибратты түрде, сұрақ қоюшының назарын сұралып жатқан нәрседен де маңызды іске қаратты. Бізге көп мәлімет топтап, көп білудің өзі азық болмайды. Сәйкесінше, азырақ біліп, көп амал жасаған пайдалырақ. Соның үшін де Алла Расулі (с.а.у.) үмметіне пайдасыз сөзді ұмыттырып, қайырлы амалға құлшынысын оятты. Шын махаббат сол амалдан көрінеді, амалда сыналады, амалмен күшейеді.

Бүгін біз көп кітаптардан пайғамбарлар туралы оқып, тарихын үйреніп жатамыз. Бірде, тұлғалық келбетін танимыз. Әр күні білетінімізге бір нәрсе қосылады. Біліміміз арта түседі. Дегенмен, білім өзі бір жөн де, сол білгеніңді парасатпен ұғына білу бір басқа. Кейде, фәнилік мал-дәулеттің шыбынның қанаты құрлы құны жоқ екендігін айтып жатамыз. Мешіттерде сағаттап айтылатын уағыздар мен сахабалардың ғибратты өмірлерін естіп таңғалып, таңдай қағамыз. Бірақ, өкінішке орай, таң атысымен, өміріміздің ең қайратты сәттерінен бастап-ақ, ақырет үшін емес, дүние үшін тағы бәсекелесіп кететініміз бар. Рас, тірі адамға жан бағу бар. Бірақ, маңызды тұстарда біз үйренген тақуалық пен білім ұмытылып жатады.

Алла Расулы (с.ғ.с.) айтады: «Мені ата-анаңыздан, бала-шағаңыздан және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше, толық иман келтірген болып есептелмейсіңдер».  Сахабалар шынайы момын болу үшін махаббатын көрсетумен емес, керісінше, махаббатпен әуре болған еді. Оған мысал көп. Ухуд соғысында «Мұхаммед өлді» деген сөз таралады. Кейбіреулер Мединаға қарап қашты. Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.у.) сүйгендер «Алла елшісі қайда?» деп іздей бастады. Соның бірі Сумейра (р.а.) еді. Оны көргендер «Ұлың шейт болды», «Әкең көз жұмды», «Күйеуің мерт болды» деген сөздерге де мән бермеді. Алла Елшісін (с.а.у.) ғана іздеді...

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қазасынан кейін бір әйел келіп, Айша анамыздан Алла Елшісінің қабірін көрсетуін өтінеді. Айша анамыз мүбәрак қабірді көрсеткен соң ол әйел ол жерге барып, қабірді сүйген күйде жан тапсырады...

Саңлақ сахаба  Біләл Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қазасынан кейін азан айта алмай қалып еді. «Әшһәду әннә Мухаммадар Расулуллаһ» деп айтысымен-ақ, есінен тана берді...

Алла Елшісіне (с.а.у.) деген махаббат көңіл сыры болып есептелінеді. Бұл сыр қаншалықты ішкерірек болса, махаббат соншалықты күшті болады. Амалдар ол сырды жасырмайды. Жасап жатқандарымызды Алланың өзі білсе жеткілікті. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)  солай еді.  Демек, сүннетімен өмір сүру де Оған деген шынайы махаббаттың бір сипаты болмақ!

ҚУат Ерғалиұлы

[1] Ниса сүресі, 69-аят
[2] Муттафақун алейһ

Пікірлер Кіру