Көркем мінездің мәртебесі

15 наурыз 2021 8651 0
Оқу режимі

Көркем мінез дегеніміз адамды жақсылыққа жетелейтің барлық әдепті, сыпайы іс-әрекеттері мен бойындағы асыл қасиеттері. Сонымен қатар көркем-мінез адамның басқа адамдармен қарым-қатынасы кезіндегі сөйлесу әдебі, құрмет көрсетіп ізет білдіруі және қатынас барысындағы ішкі жан дүниесінің тазалығына байланысты.

Әбу Дарда (р.а.) жеткізген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с): «Қиямет күні мүміннің таразысында көркем мінезден ауыр басатын еш нәрсе болмайды. Расында, Алла Тағала бейпіл ауыз дөрекіні жек көреді»[1], – деген.

Осы хадиске назар аударатын болсақ, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) қиямет күні мизан таразысында сауаптар мен күнәларды өлшеген кезде көркем мінезден ауыр басатын еш нәрсе жоқ деп, дәрежесі өте жоғары екенін бізге жеткізіп жатыр. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мұсылман қауымына имандылыққа бет бұрғаннан кейін өзінің жеке тұлғасымен жұмыс жасап, әдебімен ахлағына мән беру керектігін насихаттауда. Өйткені хадистің аяғында Алла елшісі (с.ғ.с) Алла Тағаланың аузына келгенін лағып сөйлейтін бейпіл ауыз дөрекіні жек көретінің бізге ескертеді.

Әрине, мұсылмандар үшін өнеге тұтатын адам – пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с). Әрбір мұсылман өзінің күнделікті өмірінде әрбір істі пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сай атқарып, өзінін мінез-құлқын да пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мінез-құлқына сай ұстағысы келеді. Дегенмен,  қазіргі таңда қоғамда және мұсылмандар арасында өте жетіспейтін асыл қасиеттердің бірі осы – көркем мінезділік. Ислам діні тек қана құлшылықтан құралмайды, яғни парыздарды ғана орындайтын дін емес, Ислам діні –күнделікті өмірімізде пайдаланатын және қоғамдағы адамдардың қарым-қатынасынан тұратын дін болғандықтан, әдепке, мінез-құлыққа өте қатты мән беретін дін. Сондықтан көркем мінездің барша өміріміздің кезінде алар орны ерекше болмақ.

Қорытындылап айтатын болсақ, көркем мінез әрбір мұсылманның өмірінде алар орны ерекше болған қасиеттердің бірі. Қиямет күні құлшылық ғибадаттарымыз Алла Тағала тарапынан қабыл болып, Алла Тағаланың рахым-мейіріміне бөленуді ойласақ, қазіргі таңнан бастап әрқайсымыз өз мінез-құлығымызға мән беруіміз керек. Өйткені қиямет күні Алла Тағала алдында дәрежемізді көтеретін де немесе төмендеп түсіп кетуіне де себепкер болатын нәрсе, ол – көркем мінез.

Дастан Смағұлов
«Әс-Сәлам» мешітінің Бас имамы

 


[1] Тирмизи.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру