КӨРЕАЛМАУШЫЛЫҚ – АСПАН МЕН ЖЕРДЕГІ АЛҒАШҚЫ КҮНӘ
Бұрынғы өткен ғұламалар: «Көреалмаушылық аспандағы ең алғашқы жасалған күнә. Ібіліс Адам (ғ.с.) пайғамбардың мәртебесі мен дәрежесіне іштарлық етті. Сонымен бірге, жер бетінде де ең әуелі жасалған қылмыс пен күнә көреалмаушылықтың салдарынан болды. Адам (ғ.с.) ұлдары бірін-бірі іштарлық кесірінен өлтірді», - деген.
Зубайр бин Аууам (р.а.) жеткізген хадисте:
دَبَّ إِلَيْكُمْ دَاءَ الْأُمَمِ قَبْلَكُمْ: الْحَسَدَ وَ الْبَغْضَاءَ. والَّذِي نَفْسَ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ لا تُؤْمِنُوا حَتَّى تَحَابُّوا أَوَ لا أُنَبِّئُكُمْ بِشَيءٍ إِذَا فَعَلْتُمُوهُ تَحَابَبْتُمْ؟ أَفْشُوا السَّلاَمَ بَيْنَكُمْ
«Сендердің бойларыңда әуелгі үмметтердің дерті – көреалмаушылық пен ашу-ыза дендеп барады: Мұхаммедтің жаны уысында болған Алламен ант етемін, бір-біріңді жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсыңдар. Сендерге бір-біріңді жақсы көргізетін істі айтайын ба? Өз араларыңда сәлемді дауыстап беріңдер» (Ахмад, Термизи), - делінген.
Мұсылман қызыға қарайды, бірақ көреалмаушылық танытпайды. Ал, екіжүзді адам көреалмаушылық жасайды, ол қызыға қарауды білмейді.
Ибн Омар (р.а.) жеткізген:
لا حَسَدَ إِلا فِي اثْنَتَيْنِ : رَجُلٍ أَتَاهُ اللهُ جَلَّ وَعَزَّ الْقُرْآنَ فَهُوَ يَقُومُ بِهِ آنَاءَ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ , وَرَجُلٍ أَتَاهُ اللهُ مَالا فَهُوَ يُنْفِقُهُ آنَاءَ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ .
«Тек екі нәрседе ғана қызғаныш танытуға болады. Алла Тағала Құран беріп, онымен күні-түні құлшылық жасаған және Алла Тағала мал-дүние беріп, күні-түні қолындағы дүниесімен қайырым-дылық еткен кісіге» (Бұхари).
Әнас бин Мәлік (р.а.) риуаят еткен:
لاَ تَبَاغَضُوا وَلَا تَحَاسَدُوا وَلاَ تَدَابَرُوا وَكُونُوا عِبَادَ اللهِ إِخْوَانًا وَلَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أَنْ يُهَاجِرَ أَخَاهُ فَوْقَ ثَلَاثِ لَيَالٍ
«Бір-біріңді жеккөрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық жасамаңдар, бір-біріңе айла-шарғы жасамаңдар! Ей, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар! Мұсылман өз бауырына үш күннен артық ренжуіне рұқсат жоқ»(Бұхари, Мүсілім).
Құран Кәрімде:
إِنْ تُصِبْكَ حَسَنَةٌ تَسُؤْهُمْ وَإِنْ تُصِبْكَ مُصِيبَةٌ يَقُولُوا قَدْ أَخَذْنَا أَمْرَنَا مِنْ قَبْلُ وَيَتَوَلَّوْا وَهُمْ فَرِحُونَ
«Егер саған бір жақсылық келсе, бұл оларды ренжітеді. Ал, егер саған бір ауыртпалық жетсе, олар: «Негізінде, біз ісімізді алдын ала қамдап алған едік», - деп қуанған түрде бұрылып кетеді» («Тәубе» сүресі, 50-аят)
وَمِنْ شَرِّ حَاسِدٍ إِذَا حَسَدَ
«Әрі көреалмайтынның іштарлығы кезіндегі жамандығынан сақта» («Фәлақ» сүресі, 5-аят), - делінген.
Әбу Һұрайра (р.а.) риуаяты:
إِيَّاكُمْ وَالْحَسَدَ فَإِنَّ الْحَسَدَ يَأْكُلُ الْحَسَنَاتِ كَمَا تَأْكُلُ النَّارَ الْحَطَبَ
«Көреалмаушылықтан сақ болыңдар. Өйткені, көреалмаушылық адамның ізгі-сауап амалдарын от (ағаш) отынды жандырып жібергендей жоқ етеді» (Әбу Дәуіт).
Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Кімнің Алла берген бір нығметі болса, оған бір көреалмаушы іштар табылады. Тіпті, мін мен айыптан бойы таза адамға да тырнақ астынан кір іздеуші біреу табылады...», - деген екен.
Бұрынғы өткен заманда сұлтанмен дастарқандас, ақыл-кеңес беретін данышпан болыпты. Сұлтанның құзырынан шығып кетер кезде данышпан: «Жақсы адамға жақсылығына жараса жақсылық көрсетіңіз, ал жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады», - деп қош айтысатын көрінеді. Данышпанның патша құзырындағы мәртебесі мен биік дәрежесін көрген сарайдағы қызметкерлердің бірі іштарлық етіп, көңілін қызғаныш билейді. Ақыры бір орайы келгенде: «Әлгі кісі сіздің бойыңызда жаман иіс бар», - деп ел-жұртқа айтып жүр, - деп данышпанды сұлтанға жамандайды. Патша: «Оның мұнысы қалай?», - деп ашуланады. Әлгі іштар көреалмаушы: «Келесі жолы құзырыңызға келгенде, өзіңізге жақынырақ шақырыңыз. Сонда оның сізден жиіркеніп мұрнын басқанын өз көзіңізбен көресіз», - деп сөзін қуаттай түседі.
Мұнан соң жоспары толығымен жүзеге асу үшін данышпанды үйіне қонаққа шақырады. Тамаққа сарымсақ пен пиязды қосып әзірлетеді. Данышпан да шақыруды қабыл алып, іштар бейбақтың үйінен дәм татады. Ертеңіне патшаның нөкерлері данышпанды сарайға алып келеді. Сұлтан біраз әңгіме-дүкенді сылтауратып данышпанмен сұхбат құрады. Ол жақынырақ келсе, данышпан аузы-мұрнын қайта-қайта қолымен бүркей береді. Сұлтан оның бұл оқыс әрекетіне біраз шамданып қалады. Данышпан сарайдан шығар кезде әдеттегідей: «Жақсы адамға жақсылығына жараса жақсылық көрсетіңіз, ал жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады», - деп айтады. Сұлтан: «Мынаны ауыл әкіміне бер, не істеу керегін өзі біледі», - деп оның қолына хат береді.
Сұлтанның құзырынан қаннан қаперсіз шыққан данышпанды аңдып тұрған қызметкер жетіп келеді. Қолындағы хатқа көзі түсіп, мән-жайды сұрайды. Ауыл әкіміне табыстау керек дегені сол-ақ екен қызметкер жармаса кетеді. Әдетте, сұлтан хатты біреуге сый-сияпат тағайындағанда беретінінен хабардар іштар қызметкер: «Мен-ақ апарып берейін», - деп тұрып алады. Данышпан: «Дегенің болсын» деп хатты ашпай-ақ ұстата салады.
Іштар бейшара алып-ұшып ауыл әкіміне барады. Хатты ашса: «Хатты алып келушінің басын ал!», - деген бұйрық берілген екен. Сый-сияпаттан дәмеленіп келген бейшара зәре-құты қалмай: «Хат менікі емес, патша оны растай алады. Сенбесеңіз сұраңыз»,-деп сау басына өзі пәле тілеп алғанын түсінді. Бірақ кеш еді. Әкім: «Сұлтанның әмірі екі етілмейді», - деп, көреалмаушының басын шабады.
Данышпан әдеттегі қалпымен бірер күннен кейін патшаның құзырына келеді. Патша қонағы кіре салысымен: «Менің хатым қайда, оны не істедің», - деп жөн сұрайды. «Сарай қызметкері өтініп қоймаған соң, сіздің сыйлығыңызды сол-ақ алсын деп бере салдым», - деп ағынан жарылады. Сонда патша: «Сол қызметкер сен менің бойымда жаман иіс бар деп ел-жұртқа айтып жүр деп еді, сол рас па?!»,-деп сұрайды. «Уа, сұлтаным! Алла сақтасын, мұндай жалған сөзді қалайша дәтім барып айтамын», - деді. Сонда сұлтан: «Жарайды, дегеніңдей-ақ болсын! Онда неге өткен жолы мұрныңды тұмшалай бердің?», - деп қайта сұрақ қояды. Данышпан: «Уа, сұлтаным! Күні кеше Сіздің сол қызметкеріңіз қонаққа шақырған еді. Сарымсақ қосылған асты жегендіктен иісінен қысылып, ауыз-мұрнымды жабуға тура келді», - дейді. Сонда сұлтан: «Айтқаның рас. Жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады», - деп данышпанның сөзін қайталаған екен.
Хариса бин Нұғман (р.а.) риуаят етеді:
ثَلاثٌ لازِمَاتٌ لأُمَّتِي : الطِّيَرَةُ ، وَالْحَسَدُ ، وَسُوءُ الظَّنِّ ، فَقَالَ رَجُلٌ : فَمَا يُذْهِبُهُنَّ يَا رَسُولَ اللهِ مِمَّنْ كُنَّ فِيهِ ؟ قَالَ : إِذَا حَسَدْتَ فَاسْتَغْفِرْ ، وَإِذَا ظَنَنْتَ فَلاَ تَحَقِّقْ ، وَإِذَا تَطَيَّرْتَ فَأَمْضِهِ
– Үш нәрсе менің үмметіме жабысып жүреді: бал ашу, көреалмаушылық және жаман ой, - деді Пайғамбар (с.ғ.с.). Сонда біреу:
– Уа, Алланың Елшісі! Ол жамандықтардан қалай құтылуға болады? - деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер көреалмаушылық жасасаң, Алладан кешірім сұра. Жаман ой келсе, оны қазбалама. Бал ашып қойсаң (білместікпен), соған қарай әрекетіңді жасай бер, - деп жауап берген екен» (Табарани).
Әли (р.а.): «Көреалмаушыда – тыныштық жоқ, күйгелекте – бауыр жоқ, мінезі жаманның – досы жоқ», - деген екен.
Мұғауия (р.а.): «Барлық адамның көңілін тауып, риза ете аламын. Тек көрелмаушының көңілін таппадым. Өйткені, оның көңілі тек кісіге берілген нығметтің кетуімен көншиді...», - деген екен.
Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан