Кісінің өз әке-шешесін балағаттауы - үлкен күнә

06 қаңтар 2021 5872 0
Оқу режимі

Жаман сөз айту - әдепті адамның сипаты емес. Сөзінде титтей де жағымсыз сөз болған адам әдепті саналмайды. Ал әдептілік - нағыз мұсылманның белгісі. Қайбір адам біреудің шешесіне, әкесіне қаратып жаман сөз айтса – өз ата-анасын боқтағаны. Себебі «Адам ата-анасына тіл тигізуі мүмкін бе?» деген сауалға көбісі таңдана қарайды. Ал бұл әбден мүмкін. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Кісінің өз әке-шешесін балағаттауы - үлкен күнә» , –деді. Сахабалар таңғалып: «Адам өз ата-анасын балағаттай ма екен?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, кісі егер басқа адамның әкесін балағаттаса, әлгі адам да ашуланып оның әкесін балағаттайды. Біреудің анасын балағаттаса, ол да әлгі кісінің анасын балағаттайды», – деп жауап беріпті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Алла Тағалаға және Қиямет күніне сенген адам жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген. Бұдан шығар қорытынды, айтылған сөз - атылған оқ, балағат сөздің айналып келіп өзіңе тиетіні.

Одан бөлек, қазір көше бойына әсемдеп жазылған әдепсіз сөздерді көзің шалады. Түрлі ұятсыз, тәрбиесіз сайттардың электронды мекен-жайларын жарнамалау етек жайған. Алла өзі сақтасын, Ислам ғұламаларының ауызбірлігінде жаман, әдепсіз, балағат сөздерді айтуы, жазуы адамның арғы дүниеге имансыз кетуіне себеп болады. Сондықтан да құрметті ағайын, әдепсіз сөздерді тастайық, әңгімемізге қоспайық, жастарымызды жылы сөзімізбен имандылыққа бастайық! Иманды қоғамның берік іргетасы болайық!

Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру