Кішіпейілділік – кішілік емес

11 наурыз 2021 11630 0
Оқу режимі

Кемеліне келген соңғы дін болғандықтан да Исламда қағыс қалған мәселе жоқ. Өмірдің басым бағыттары ғана емес, адам баласының ішкі жан дүниесіне қатысты құндылықтар да толықтай қамтылған. Айталық, дінімізде мінез-құлыққа аса мән берген. Асыл дініміз, әсіресе, кішіпейілділік қасиетке арнайы көңіл бөліп, ерекше ден қояды.

Тіпті, бұл қасиеттің ардақтылығын баса айтқаны сондай, Құран Кәрімде Алла Тағала хас құлдардың сипаты ретінде былай баяндайды: «Рахманның хас құлдары жер бетінде сыпайлықтың шегінен аспайтын жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда (наданмен надан болмай) оларға Аман болыңдар деп өз жөнімен кете береді»[1].

Бұл қасиеттің аса ардақты болуының өзіндік мән-маңызы бар. Айталық, кішіпейілділік болған жерде адам баласында тәкәппарлық пен менменсіну сияқты жаман қасиеттер болмайды. Соны білген дана халқымыз «Жемісті ағаш иіліп тұрады» деп, кішіпейілді адамның руханияты жемісті, ізгілігі мол, жан дүниесі бай адам ретінде суреттейді.

Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде: «Садақа байлықты кемітпейді. Алла кешірімшіл пендесін ардақты етіп, кішіпейіл құлының мәртебесін жоғары етеді»[2], – деп насихаттайды. Шындығында, тәкәппарлық қасиеті Ібілісті жәннаттан шығарған болса, ал кішіпейілдік қасиеті адам баласының мәртебесін өсіріп, оны жәннатқа жетелейді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің ұлы миссиясы туралы: «Расында, мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім»[3], – деп түсіндірген. Тағы бір хадисте Алла Расулі (с.ғ.с.) мынадай бір маңызды өсиет айтады: «Кешірімді болу мен кішіпейілділік һәм жұмсақтықтан нәсібі болмағанның көркемдіктен әрі жақсылықтан да нәсібі болмайды»[4]. Ал, кішіпейілділік – көркем мінез-құлықтың айнымас бір бөлшегі. Шындығында да, кішіпейіл болу –барлық Пайғамбарлардан, ізгілерден, адамзат тарихындағы айтулы тұлғалардан мирас болып бізге жеткен ұлы құндылық.

Әнәс ибн Маликтен (р.а.) риуаят етілген мына бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аталмыш қасиеттің адамзат баласының өміріндегі мәні мен маңызы турасында былай деп бұйырған: «Алла Тағала маған бір-біріңізге қарсы кішіпейілділік танытуды және кейбіреулеріңіздің басқаға зұлым етпеулеріңді әмір етті»[5].

Айша анамыз (р.а.): «Күмәнсіз сендер құлшылықтың ең жақсысына селқос қарайсыңдар, ол – кішіпейілділік», – деген екен. Расында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қияметтегі мизам таразысында ауыр басатын нәрсенің көркем мінез-құлық екенін өсиет етеді. Демек, кішіпейілдік тантытудың өзі құлшылық болып табылады екен.

Міне, осындай ізгі мәтіндерден бұл қасиеттің шын мұсылманның басты сипаттарының бірі екенін аңғара аламыз.

Данышпан Абай хакім де:
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып, - деп, адамзатты кішіпейілділікке шақырады.

Өздерінің өмірін Исламның негіздерімен ұштастыра білген дана халқымыз «Ұлық болсаң, кішік бол» деп түйіндейді. Шындығында да, кішіпейілділік – мұсылманның асыл қасиеті.

Руслан Байзақов
«Ар-Рахман» мешітінің бас имамы

 


[1] «Фурқан» сүресі, 63-аят.

[2] Муслим.

[3] Бұхари, Хаким, Ахмад

[4] Муслим

[5] Муслим.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру