Хикмет не, хәкім кім?

15 ақпан 2021 10124 0
Оқу режимі

Иісі мұсылманға мәлім Жаратушы Иеміздің көркем есімдерінің бірі – Хаким. Толық хикмет иесі Алла екені талассыз, дегенмен ел ішінде терең түсінікке ие болған қарапайым адамды да хәкім деп жатамыз. Мұсылмандар пәлсапа ғылымын «Хикмет ілімі» деп атаған. Құранның «Лұқман» сүресінде Лұқпан хәкімнің даналық сөздері келтірілген. Сонымен хикмет деген не, хәкім деп кімді айтамыз?

Хикмет – кең ұғымды білдіретін сөздердің бірі. Ғалымдардың айтуынша, хикмет сөзі Құранда 4 мағынада кездеседі:

  1. «Aлла Дәуітке билік пен хикмет берді» деген аятта хикмет сөзі «пайғамбарлық» деген мағынада айтылады («Бақара» сүресі, 251).
  2. «Кітап пен хикметті оларға үйретеді» деген аятта кітап деп – Құран, ал хикмет деп сүннет айтылған (Әли Имран, 164).
  3. «Алланың өздеріңдегі нығметі мен сендерді тура жолға шақыру үшін түсірген кітабы (Құран) мен хикметті ойлаңдар» деген аятта насихат, кеңес мағынасын беруде («Бақара» сүресі, 231).
  4. «Біз Лұқпанға шүкір етсін деп хикмет бердік» деген аятта даналық пен ілім берілгені меңзелген («Лұқман» сүресі, 12).

Хикмет сөзі бұдан басқа да ілім, терең түсінік, әділеттілік, түпкі себеп, ойшылдық, ғалам құбылыстарының мәнін түсіндіретін ілім, ал сөзге көп мағына сыйғызатын даналық сөз секілді түрлі мағыналарға келетіндіктен, мұсылман ғалымдар бұл тұрғыда көп пікірлер білдірген. Сол пікірлерді тұжырымдай келгенде мынаны айтуға болады: 

«Хикмет – Құран мен сүннетті меңгеру»;

«Пайдалы ілім мен ізгі істер жасау»;

 «Жаратылыстың түпкі сырлары мен астарлы ақиқатын ұғыну»;

«Аcтамдыққа я нұқсандыққа бармай, орта жолды ұстана білу»;

«Алланың көркем есімдерінің мәнін түсіну»;

«Ғаламды дұрыс зерделей білу»;

«Ілім мен амалды қатар алып жүру»;

«Жақсылықты насихаттау, теріс жолға қадам баспау»,

«Адам, ғалам және Құран арасындағы байланысты түсіне білу» т.б.

Бұл түсініктерден хәкім адамның тек сөз жүзінде ғана біліп қоймай, білгенін істеуге жанын салатынын, тек пайдалы іліммен шұғылданып, ізгі істер жасайтынын, Жаратушыны тануға, ғаламдағы жаратылыс сырларын білуге ынтығып, Құранды дұрыс ұғып, сүннетті толық ұстанатынын, әр құбылыстың астарындағы құдірет сырды көре білетін ерекше сұңғыла жан екендігін байқаймыз. Демек, көп оқыған адам ғалым болғанмен, жүрегіне Алла хикмет қондырмаса, хәкім болу бұйыра бермейтіндігі өздігінен аңғарылғандай. Бұл аятта «Алла кімге қаласа, хикметті соған береді. Ал кімге хикмет берілсе, оған көп игіліктің қоса берілгені» («Бақара» сүресі, 269) деп ескертілген.

Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән
Тереңге ден қоймаса?! – деп Абай атамыз айтпақшы, хәкім адам әрдайым терең ойда жүреді, еш нәрсеге үстірт қарамайды, өмірден тиянақ іздейді, шын ақиқатты тани біледі. Осы себепті ғалымдар «хикметтің басын ғалам жайлы терең ойларға бару, ортасын дінге толық мойынсұну, соңын мәңгілік бақыт табу құрайды» деген.

Құранда Лұқпанға (а.с.) шүкір етсін деп хикмет берілгендігі айтылады. Демек, Алла Тағаланың нәсіп еткен әр жақсылығына шүкір ете білу де хикметті іске жатпақ. Лұқпан (ғ.с.) Әйка халқының Нубия тайпасына қарасты, Ибраһимнен (ғ.с.) тараған кісі деседі. Ол Исламға дейінгі уақытта арабтар арасында әйгілі кісі болған. Көп жыл өмір сүрген. Эфиопиялық құл болғандығы да айтылады. Пайғамбар я әулие екендігі таласты, дегенмен жүрегіне хикмет ұялаған хәкім болғаны белгілі.

Құранда Лұқпан хәкімнің «Әй, ұлым!» деп баласына қарата айтқан бірқатар мазмұнды өсиеттері келтірілген. Олардың қатарында Алла Тағалаға серік қоспау, ірілі-ұсақты әр жақсы-жаман істі Жаратушының көріп тұрғаны, намаз оқып, жақсылықты насихаттау керектігі, тап болған жағдайларға сабыр ету, адамдарға рақмет айта білу, Аллаға шүкір ете білу, тәкаппарланбау, ата-ананы сыйлау, кердеңдеп жүрмеу, сөйлегенде дауыс ырғағына да мән беру керектігі айтылған («Лұқман» сүресі). Осы өсиеттерінің өзі хәкім адамның үлкен өнеге иесі екенін, ақыл-парасатын, бойындағы тақуалық пен діндарлығын байқатуда. 

Ал, «Адамдарды Раббыңның жолына хикметпен, жақсы насихатпен шақыр» деген аят болса, дін насихатының әдебін үйретуде («Нахыл» сүресі, 125). Ибн Жәрирдің айтуынша, бұл жердегі хикмет сөзі Құран мен Сүннетті меңзеуде. Бұған қоса, дін насихатшысының қаттылыққа, дөрекілікке бармауы, қайта жұмсақ тілмен, ерекше сыпайылықпен тыңдаушысының жүрегіне жол таба білуі ескертілген.      

Құдайберді БАҒАШАР

Пікірлер Кіру