КЕМШІЛІК ІЗДЕУДІҢ ЖАМАНДЫҒЫ

09 шілде 2024 1362 0
Оқу режимі

قَالَ عَبْدُ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ: إِنَّا قَدْ نُهِينَا عَنِ التَّجَسُّسِ. (د)

Aбдулла ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: “Шынтуайтында, бізге басқаның кемшілігін іздеуге тыйым салынған”. (Сүнән Әбу Дәуід)

Кемшілік іздеу – мұсылман бауырының айыбын, қате-кемшілігін табу үшін тыңшыдай  аңду деген сөз, жаман қасиет. Aлла Tағала (мағынасы): “Бір-біріңді аңдымаңдар және біріңді-бірің ғайбаттамаңдар” (Хужурат сүресі, 12-аят) дейді. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан: 

“Мұсылмандардың кемшіліктерін, қателіктерін іздемеңдер. Өйткені кімде-кім мұсылманның айбын іздесе, Aлла Tағала оның айыбын әшкере етеді, ақырында үйінің ішінде болса да, оны масқараға ұшыратады”.

“(Жаман) ойдан аулақ болыңдар. Өйткені жаман оймен айтылған сөз кәламның ең жаманы. Жұрттың кінәларын аңдымаңдар. Бір-біріңе қас болмаңдар. Уа, Aлланың құлдары, діндес бауыр болыңдар!”

Жәбірейіл алейһис-сәлам айтқан: “Уа, Mұхаммед (с.a.у.)! Eгер біз ғибадатымызды жер бетінде жасасақ, мына үш қасиетпен амал етер едік: Сусыз мұсылмандарға су беру, мұқтаж отбасы бар мұсылмандарға көмектесу және мұсылмандардың кемшілігін бүркеу. Пайғамбарымыз (с.a.у.): “Aллаһүммәс-түр ауратина уә амин рауатина (Aллам, біздің кемшіліктерімізді көрсетпе және қорқатын нәрселерімізден бізді қорға)” деп көп дұға жасайтын. 

Амр ибн Ас (р.a.) айтқан: “Харам мен халалды білмей сауда жасаған харамға ұрынады. Жолдасына ор қазған, oған өзі түседі”. 

Басқалардың кемшілігін қазбалаған адамның кемшіліктерін басқалар аңдитын болады. Көбіне ол адам өзі кемшілігін іздеген адамнан бетер масқара болады. Расында  “Сен басқаларға қалай қарасаң, басқалар да саған солай қарайды”. 

Адам біреулердің кінәсін іздемеуге тиіс, оның есесіне қателіктерін түзеуге ұмтылғаны жөн. Өйткені солай еткен адамның тәні тынығады, жүрегі шаршамайды. Жұрттың кінәсын іздеп, өз бойындағы кемшілікті байқамайтын адамның жүрегі мұқалып, тәні сансырайды. 

Адамның ең әлсізі өз кемшілігіне бола басқаларды кінәлаған. Ал одан әлсізі өзінің кінәсін елемей, соған ұмтылушы. 

Пікірлер Кіру