КЕЛІН КҮТІМІ

16 ақпан 2024 2447 0
Оқу режимі

Тұңғышына аяғы ауырлаған жас келіншек ана болатынын білгенімен, шынайы мәніндегі жүрек елжіретер аналық сезімді әлі түсінбейді. Бірақ оның бүкіл болмысында өзгерістер жүріп жатады. Бойына бала бітпей тұрғандағы қалпы, айналаны қабылдауы енді басқаша ағысқа түседі. Өзінен-өзі мазасызданып, сәл нәрсеге кейіп, болар-болмасқа тарылып, әр нәрседен секемденіп, бұрын өзіне тән емес күй таңдау пайда болады. Әлгі ақын-жазушылардың асқақтатып суреттейтін алып-ұшқан жүрек қуанышы, ана болардағы мақтанышы, шынын айтқанда, алғаш бала көтерген әйелде болақ бермейді. Неге десеңіз, алдында не күтіп тұрғанын шамалап болжаса да, болмай қоймайтын шындықпен бетпе-бет келгенде қал-жағдайының қандай күй кешерін білмейді. Белгізіс бір бұлыңғыр дүние. Ал белгісіздік қашанда құпиялы, тіпті қорқынышты. Өйткені өмірге адам әкелу - әлемдегі ең ауыр, ең қасиетті құбылыс.

Сол үшін әжелеріміз:

"Екіқабат әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде", - деп, ана болу бақытының қасында толып жатқан қауіп-қатердің бар екенін айтады. Ұғымды енелер өтпелі кезеңді жақсы түсінеді, түсінгендіктен келін мінезіндегі құбылып тұрған көрініске, аумалы-төкпелі жай-күйіне кешіріммен, жанашырлықпен қарап, бауырына тарта мейірім көрсетеді, мезгілімен тынығуға жагдай жасайды.

"Көңілсізден көзсіз бала туады", - депті бұрынғы әжелеріміз. Аяғы ауыр келін ашық-жарқын жайдары болса, көңіл күйі көтереңкі жүрсе, толғағы жеңіл, аман-сау босанады, бала ерте күліп, жақсы ширайды дейді. Ұрпағының қамын нәресте өмірге келмей жатып ойлаған ақылды ене ауыл жастарын шақырып, "келін көңілі" деп аталатын әдемі басқосуды жасап береді. Жастар жүрген жер көңілсіз болушы ма еді, күмбірлетіп күй шертіп, ән шырқап, қызық ойындар ойнап, жарасымды әзіл-қалжыңмен болашақ ананың көңілін көтереді, жан дүниесін сергітеді. Жанашыр жақындар, құрбы-құрдас теңтұстар аракідік өздері де "келін көңілін" жалғастырып, сауық құрады екен. Қазіргі ғылыми-зерттеу тәжірибелері жағымды сезімде жүретін ананың баласы мейірімді, сезімтал, кісіге жақын үйірсек болатынын дәлелдеп отыр. Ал әжелеріміз мұның бәрін оқымай-ақ, табиғи тектілігі арқылы баяғыда-ақ білген ғой.

Ененің баса назар аударып қадағалайтын бір қамқор ісі - келіннің уақытымен дұрыс тамақтануы. Асты аз ішсе, баланың өсуі тежеледі, көп қабылдаса, бала тым толып, кейін босанарда қиындық туындайды, бұл ана мен баланың өміріне қауіпті. Сондықтан сиырдың, қойдың майлы еттерін шектеп, есесіне, нәрлі, дәмді тағамдарды, әсіресе сүт қосылған астарды, сүт өнімдерін молынан ішкізіпті.

Баланың сүйегі шымыр, мықты болсын деп қызыл жегізіп, аракідік сағыз шайнатады екен. Ертедегі сағыздардың ешқандай химиялық қоспасы жоқ, таза өсімдіктерден алынатын қарағайсағыз, құмсағыз, жерсағыз секілді табиғи түрлері болған. Сонымен бірге сәбидің көру, есту қабілеті жақсы жетілсін деп әрі келіннің тамағы бойына сіңсін деп рауғаш, жуа, қымыздық, саумалдық, түйетабан сияқты өсімдіктерді, қарақат, бүлдірген, мойыл, таңқурай, жидек секілді жемістерді мүмкіндігінше жегізуге тырысқан. Келіннің өзін күтіп таза жүруіне үлкен көңіл бөлінген. Киікоты, көкемарал, жалбыз, шайшөп, жұпар сияқты хош иісті шөптерді пайдаланып жуынуға үйреткен. Ұқыпты ене, егер келіні қысқа қарай босанатын болса, жоғарыдағы шөптерді жазда көлеңкеде құрғатып кептіріп, дайындап алып қоыды екен. Сол секілді емдік қасиеті бар арша, адыраспан сияқты өсімдіктерді үйге түтіндетіп, іштегі баланың тыныс мүшелерінің сезімтал болуына әсер еткен. "Балаға жағымсыз кесірі тиеді", - деп келіншектің тіс тазалығына да көп көңіл бөліпті. Азанда және жатарда тұзды сумен немесе жоғарыда аталған хош иісті шөптердің қайнатпа тұнбасымен аузын шайқатқан.

Үлкен кісілер немере көруді аңсап күтумен бірге нәрестенің аман-есен өмірге келуіне өздерін де міндетті санаған. Қамқор ене келінге ауыр зат көтертпей, шаң-тозаңы, күл-қоқысы бар жұмысқа жолатпаған. Әлденеден шошып, түсік тастау қауіпі болмасын деп түнде далаға жалғыз шығармаған. Ұрыс-керіс, у-шу болып жатқан бейәдеп көріністерден аулақ ұстапты. Аяғы ауыр келіннің көзінше кім-кімге де өрескел сөйлеуге, айғайлап арындауға тыйым салған әрі келіншектің өзіне: "Шырағым, даурығып дауысыңды көтермей, биязы, сыпайы сөйле, әйтпесе, бөпеңнің мінезі шәлкем-шалыс, салдыр-күлдір содыр болып қалады", - деп жағымсыз әдеттерден сақтандырған. Сол секелді: "Үйге келген кісіні есіктен қайтарма, "қырықтың бірі - Қыдыр" деген, қолыңнан дәм татқызып, ықыласын ал, шарапаты тиеді. Жас балаға зекіме, олар періштедей пәк, күнәсіз, баланың мейірімі түссе, бойың жеңілдейді. Итке "кет" деме, тамақ бер. Ит - жеті қазынаның бірі, иесіне жақсылық әкелер берекенің күзетшісі. Малды ұрма, олардың әрқайсысының киесі, қасиеті бар", - деген секілді қарапайым да астарлы ұлағатты тәлімін беріп, келінді келеңсіз әрекеттерден тежеп, әдептілікке, ізгілікке жетелепті. Сол арқылы іштегі балаға тәрбие ұрығын сепкен.

"Келін жыласа - бала жасық болады" деп келінді жылауға жеткізбей, қас-қабағына қарап, әлдебір суық хабарды, тосын жаманатты естіртпей, кездейсоқ зардаптардан қорғаған.

Келіншектің күйеуне:

"Қосағыңның аяғы ауырлады - салмағын өзің көтеріс", - дей отырып, оның азаматтығына сенім артып, міндет жүктеген. Өйткені көңілі күпті әйел, ең алдымен, жұбайына арқа сүйеп, оның сүйіспеншілігіне зәру болып тұрады. Ер-азамат жарын ыстық ықыласына бөлеп, жанға жағымды жақсы әрекеттерімен аялап отырса, іштегі балаға әке мейірімі, әкенің рухани күш-қуаты анасы арқылы беріледі дейді. Ал болашақ анаға ауыр сөз айтып балағаттау немесе қол жұмсау қазақта үлкен күнә санаған. Ондай анайы мінезді парықсыздарды бүкіл ауыл болып айыптаған, қатты сынға алып жазалаған екен.

Ата-бабаларымыз әлемдегі ең ұлы кітап - Жаратылыстың өзінен оқып-тоқыған. Табиғатпен үйлесімділікті сақтай отырып, Жаратылыстың тылсым сырларын ұғып, оны танып-білуге құлшынған. Сол түсініп-түйсінгенін күнделікті тұрмыс-тіршілігіне пайдаланған. Бүгінде ғылым-біліммен қаруланған біздің үлкен ағаттығымыз - табиғаттан бөлініп, ешбір құдіретке, тылсымға иланбай, "сенім" дейтін ұлы күшті тұншықтырып алғандығымыз. Соның нәтижесінде ішкі жан дүниеміз, ұлттық дүниетаным құндылықтарымыз лайланып, обалды түсінбейтін, сауапты жасай алмайтын, парызды өтемейтін, күнәні мойындамайтын, тіршілікке тәубе демейтін мәңгүрттік дертке шалдыққанымыз жасырын емес. Қаттырақ кетіп, ащылау айтып жатқан себебім - тәрбие талғамын табиғаттан ажыратып, оқшау қарамасақ екен деген ойдан туып отыр.

Адам қуатты табиғаттан алады. Бұл біздің қазақ үшін жаңалық емес. Ілгеріде өткен аналарымыз келіндерін табиғаттың өзімен тәрбиелеп, сол арқылы болашақ ұрпағына қамқорлық жасаған. "Қарағым, заңғар тауға қара, немеремнің өресі биік болсын. Жазық далаға, көкжиекке көз жібер, немерем кеңпейілді дарқан болсын. Жайнаған гүлге, жайқалған көкорайға назар аудар, сәбиің шырайлы болады. Бұлақтың көзін аш, бала қайырымды, мейірімді болады" деген секілді ақыл-кеңестерін айтып, жас келіннің табиғатты үйренуге баулыған. Ой жіберіп қарасаңыз көңілі күмәнді болып жүрген аяғы ауыр әйел түгілі, былайғы адамның өзі бір сәт тауға көз тігіп қарағанда ойы биіктеп көңілі өседі. Сол сияқты сайын далаға, сағымданған көкжиекке қарасаң жансарайың кеңігендей әсер аласың әрі адамның көру қабілеті артып, жанары өткірленеді.

Көңіліне түйгені мол көргенді енелер келіннің айы-күні жақындап келе жатқанда далаға алып шығып, жалаңаяқ таза жермен жүргізеді екен. "О, кеудесі түкті қасиетті Жер-ана, өзің медет бере көр! Перзентіңді пәле-кесірден сақтап, бойын жеңілдете көр!" - деп тілек тілейді. Мұны негізсіз дей алмайсыз. Жердің адам денесіндегі артық энергияны, бойға сіңген бөтен, былғаныш күштерді өзіне тартып алатыны ғылымда да дәлелденген. Найзағай түскен, тоқ соққан адамды жерге көміп емдейтіні сондықтан. Оның үстіне жалаңаяқ жер басып жүргенде табанлағы шоғырланған нерв жүйелерінің қызметі артып, адамның денсаулығына жағымды әсер беретіні тағы да даусыз. Қазір емшілердің емдеу тәсілінде табиғаттың өзінен - күн нұрынан, ай сәулесінен, оттан, судан, жерден қуат алып, науқасты сауықтыратыны жайлы жарыса жазып, жаңалық ашқандай жар салып жатады. Осылар қазаққа таңсық емес, қарапайым табиғи әдіс-тәсіл болған.

Қолында екіқабат келіні бар саналы ене Ай сүттей жарық түнде келінді ай сәулесі астында жүргізіп серуендетіп, ғарыш қуатының әсерін дарытқан. "Бала айдай сәулелі - айдай көпке ортақ білікті болсын!" - деп тілепті. Келінді ай жарығында бұлақ суына, көлге шомылдырып: "Бала судай таза, судай тұнық, судай қасиетті болсын!" - деп ниет қылған. Іле-шала маздап жатқан отқа қыздырып: "Бала айналасына оттай опалы, оттай мейірімді, оттай жарық, оттай күшті болсын!" - деп жас келіннің көңілін жақсылыққа иландырып жігерлендіріпті. Суық пен ыстықты кезек алмастыру арқылы бойға күш-қуат сіңіруді ата-бабаларымыз бағзы заманда-ақ біоген

Келін күтімінде оның киім-кешегіне де зор мән берген. Бой тазалығымен қоса, киім-кешектің кірсіз әрі денеге ыңғайлы болуын қадағалаған. Келінге қара, қоңыр, сұр түсті киім кигізбеген. Керісінше ашық түсті кең-мол тігілген киім таңдалған. Осы жерде де нақты болған бір әңгімені айтуды жөн көрдім. Менің анам ұлттық құндылықтарды өзі өмірден өткенше үкісін қисайтпай ұстаған жан еді. Ұлыма аяғым ауыр кезде бір күні үйге келді. Маған етек-жеңі кең-мол пішілген, кеудесінен бүрген екі көйлек тігіп әкеліпті. Мен осы көрген замат: "Мұндай көйлектерді кимеймін, бұл менің мәнерім емес", - деп бірден ыршып түстім. Сонда анам:

- Түһ, сенің осы тызетпе мінезің-ай! Туламай алдымен тыңда! - деді иығымнан сілки ұстай, өзіне қаратып.

- Бұл көйлектерді еріккеннен ермек етіп көз майымды тауысып тіккенім жоқ. Сенің қамыңды, жарық дүниеге әлі келмеген жиенімнің амандығын ойлап тіктім. Қиқарланбай қарсылықсыз киесің. Неге екенін айтайын. "Мені көр" дегендей ішіңді тырситып келе жатқаныңда қарсы алдыңнан шыққан кез келген адамның көзі, ең алдымен, қарныңа түседі. Әр адамда әртүрлі шамада назар болады, көзінің сұғы болады, кейбіреулердің жанарында отты уыт та кездеседі. Ол адамдар саған әдейілеп кесірін тигізейін демейді, сенде шаруасы жоқ. Бірақ өзінің көзінде қаншалықты назар барын білмейді, оны ойламайды да. Ал көлгемедей көлкілдеген көйлек көлденең көздердің еріксіз қадалар сұғынан сақтайды. Содан кейін онсыз да тар құрсақта жатқан балаға сырттан қосымша қысым түспейді. Баланың дене мүшелерінің емін-еркін өсуіне кең киім айтарлықтай септігін тигізеді. Жаман айтпай, жақсы жоқ, нәресте іштен кем-кетікті тумауы үшін бұл да бір сақтық шарасы. Әсіресе мықынды қысатын киім аяғы ауыр әйелге қауіпті. Босанар кезде қиындық туындауы ғажап емес. "Қайтер дейсің, киімде тұрған не бар, өзіме ұнағанын кием", - деп өзімшілдікке салыну опық жегізуі әбден мүмкін. Кімге болса да құлайым ондайдың бетін аулақ етсін. Пенде пақыр қашан, қай жерде қауіп-қатер, жазым кезігерін болжай алмайды. Жаратқан ием сақтанғанды сақтайды. Содан кейін сен мына көйлектердің түсі тым ашық дейсің, солай болғаны жақсы, неге десең, сұқтана қараған көзді алдайды. Алғашқы назар ішіңе емес, көйлекке түседі, - деп түсіндіріп ұқтырып еді.

Қазір, құдайға шүкір, сонау алпысыншы жыллардағыдай емес, дайын киімнің де, матаның да алуан түрі іздемей-ақ табылады. Әсіресе маталардың арзаны да, ортақолдысы да, асыл құндылары да көздің жауын алып, дүкен сөрелерінде жайнап тұр. Бірақ, амал қанша, бір кездегі қолға түспейтін мата көбейгенімен көйлек киетін әйел заты азайған. Бұл күнде ұрғашы қауымы көйлектен жеріген заман. Кәрі-жас демей, арық-семізіне қарамай, үйлескен-үйлеспегеніне пысқырмай, шалбарланып шауып жүр. Әсіресе үстіндегі киімінің тігісі жыртылардай тырситып, төңкерілген тегенедей ішін алға шермитіп келе жатқан аяғы ауыр келіндерді көргенде: "Әттеген-ай, бұл байқұстардың ақыл айтар анасы, қамқор боп үлгі көрсетер енесі жоқ па?" - деп жаным ашып қынжыламын.

 

З.Ахметова, "Күретамыр"

Пікірлер Кіру