ИСЛАМДАҒЫ ЕҢБЕК ЕТІП, АДАЛ ТАБЫС ТАБУДЫҢ МАҢЫЗЫ

05 қыркүйек 2022 5125 0
Оқу режимі

Адамзаттың дамуы мен ұлтаралық мәдениеттің және өркениеттің дамуының ең басты қағидаларының бірі әрі бірегейі – еңбек ету. Еңбек адамның өмірлік ұстанымын қалыптастыруымен қатар қоршаған ортаға бейімдеу және табиғатпен байланыстырушы дәнекер. Сондай ақ, жалпы адамның еңбексіз өркендеуі мен дамуын елестету қиын. Бүгінде еңбек адам инстинктіне айналған, негізгі қозғаушы күш екенін мойындауымыз керек.

Міне, осы себептен болса керек, қазақтар ұлттық тәрбиеде «Тірі жан тіршілік етеді» дейді. Осы бір тұрақты сөз тіркесінен кейін өмірдің баламасы болып табылатын «тіршілік» сөзін еңбек әрі іс-әрекетті білдіретініне негіздей аламыз. Осы тұста, біз өмірдің шындығынан қашқақтамайтын, екі дүниесін тең ұстай отырып, бұл дүниедегі жауапкершілігін толық орындауды міндеттейтін дін ол ислам діні екеніне көз жеткіземіз. Ислам діні жалқаулық індетін жою мақсатында еңбекқорлық пен кәсіпкерліктің де бір ғибадат екенін айтады.

Бұған қатысты қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің «Жұма» сүресінің  10-аятында мұсылмандардың еңбек етуді міндеттегенін Алла былай деп жеткізген: «Намаз өтелген соң, жер жүзіне таралыңдар да Алланың мәрхаметінен несібе іздеңдер». Намаздан кейін еңбек етіп, несібемізді іздеуді осылайша міндеттеген. Сонымен қатар, Құран Кәрімде барша мұсылмандарды еңбек етуін міндеттейтін 400-ге жуық аяттарды кездестіреміз.

Алланың бізге берген несібесін маңдай термен еңбек етіп жетуді міндеттеуінің хикметі де ғибадат болуында. Әлемдердің жаратылуына негіз болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде бұл жайында: «Амалдардың ең абзалы – адал кәсіп», – деп айтты. Себебі Алладан келген елші болса да, барлық пайғамбарлар өз ризық-несібесін табу жолында еңбек еткеніне тарих куә. Ал «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» тер төкпестен, алдап-арбау, түрлі қулық-сұмдық жолдармен тапқан дүниенің жақсылығы болмасы белгілі, сонымен бірге, қамшының сабындай қысқа мына ғұмырда маңдай терін төгіп, тіршіліктің қамын жасап, отбасын бағу да  – құлшылық. «Ер дәулеті – еңбек» демекші, мұсылман үшін өзін және отбасын асырау, адал еңбекпен нан табуы – ғибадаттың бір түрі.

Ата-бабамыз кең байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Алла Тағала маңдайымызға асты мен үсті байлыққа толы жерді жазған екен. Ендігі кезек еліміздің әрбір азаматының қолында. Талапты еңбекқор азаматтарға білім алу үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Сондықтан әрбір қоғам мүшесі білім алып, маман иесі болғаннан кейін басқа салаға кетпей, сол салада адал жұмыс істеп адамдарға білімімен пайдасын тигізген кезде ғана  мемлекетіміздің болашағы биік болмақ.

Жаратқанның бізге бөліп берген бұл игілігін елімізге тиімді пайдалану үшін қажетті мамандықтарды игеріп, еңбек ету керек. Мұсылман деген тек мешіттен шықпай құлшылық жасайтын адам емес. Бір мұсылман дүние тіршілігінде де өзгемен терезесі тең болу үшін еңбек етуі тиіс. Мемлекетіміздің әлеуетін дұрыс бағдарлай білуіміз керек. Студенттердің жаппай санаулы және шектеулі мамандық айналасына шоғырлануы елді дамытпайды. Жаһандану дәуірінде,ғылыми инновациялық білімді менгеріп және ауыл шаруашылық өнімдерімізді өз елімізде жасап шығаруға қауқарымыз бар және өз жеріміздің өнімін бүтіндеп тіпті, басқа елдерге саудалау жолын біріздендіруге талпынуым тиіс. Осы үшін,  «Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та, бар, қалан!» деп Абай атамыз айтқандай, Отанымыздың титтей болса да бір тетігін бүтіндеуге адал еңбегімізбен атсалысумыз қажет.

Қорыта келгенде, әр пайғамбар Алладан жеткен діни үкімді алдымен өздері мүлтіксіз іске асыратын. Пайғамбарлардың ең соңғысы болған Мұхаммед (с.ғ.с): «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген», – деген екен. Адам қадірі – еңбекпен келеді, ұлттың мәртебесін көтереді. Еңбегіміз бен адал асымызға тиянақты болайық!

 

Қабдысалым Рақымқазы
Діндерді зерттеу орталығының теолог маман

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру