ИСЛАМ ЖӘНЕ ДАМУ

09 шілде 2024 1580 0
Оқу режимі

Ислам әлемінің дамуы, гүлденуі мұсылмандардың алдыңғы қатарлы технологиялар мен өркениетке ие болуының (ислам бұған кедергі емес) алғашқы қадамы сана ашықтығын қалыптастырудан басталмақ. Өзгелермен санасу, өз кемшіліктерін мойындау, өз қоғамына объективті тұрғыдан қарау мұсылмандардың алға жылжуына исламофобиядан құтылуына, өркениетті қоғам құруына алғышарт болып саналады. Бірақ, бұл «ояну» ұзақ үрдіс болмақ. Әсіресе Қазақ елі осы мұсылман елдеріне тән дерке ұшырамаса екен деп әрекет етуіміз керек! Ол үшін қазіргі діндарларға тек діни білім беріп қана қоймай, ғылым мен білімді, тарих пен мәдениетті қатар оқытуымыз заманның, өркениетке бет бұрған қоғамның талабы. Олай болмағанда санамыз орта ғасырларда, өзіміз жаңа дәуірде өмір сүруді жалғастыра бермекпіз! Себебі қалыптасқан діни қағидалар бойынша кейбір мұсылмандар бұл дүниенің жетістігіне талпынысы төмен. Себебі, хадисте «Бұл дүние мұсылманның зынданы, кәпірдің жәннәты» делінеді (Мүслим, Зүһд, 1; Тирмизи, Зүһд 16; Ибн Мажә, Зүһд» 3).

Яғни, бұдан мұсылмандарға бұл дүниеде ұжымақ жоқ, қиыншылық, ауыртпашылық, кедейлік тән. Себебі, сол арқылы жәннатқа барады деген мағынаға жабысу. Бұл барып тұрған үлкен қателік. Олай болатыны, Алла барлық нығыметін жаратып одан өзінің сүйікті құлдарын мақрұм етуі мүмкін бе?! Оның үстіне дүние нығыметі кәпірге, немесе мұсылманға тән емес, кім еңбек етсе, кім талпынса, кім өнер тапса соларға тән екендігін көзіқарақты адам түсінеді. Демек, мұсылмандар өздерінің сана жабықтығын, жалқаулықтарын ақтап алу мақсатында аталмыш хадистің сыртқы мағынасына жабысады да өздеріне ғылым мен техниканың, дамудың есігін жауып алады. Соңғы кездердегі кейбір мұсылман елдерінің дамуға ұмтылуы (Индонезия, Малайзия, Түркия сияқты) басқа мұсылмандарға үлгі болуы тиіс.

Мұсылмандардың жаратылыс мақсатын түсінбеуі. Исламның жіберілу мақсаты не деген сұраққа көбіміз Құранда «Мен адамдар мен жындарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым» (Зарият сүресі 51/56) аят. Көпшілігіміз осы жерде айтылған құлшылықты намаз, ораза, қажылық сияқты нақты әрекеттер деп түсінеміз. Ал шын мәнісінде сауапқа себеп болатын әрекеттердің барлығы діни сенім бойынша құлшылыққа жатады. Олай болса, адамдардың өмірін жеңілдетуге, бай-қуатты өмір сүрулеріне, денсаулығына қатысты жасайтын қызметтеріміздің барлығы құлшылықтың бір түрі емес пе?! Бір адам білікті дәрігер болып адамдарға көмектессе мешіттегі имамнан артық сауап алуы жоққа шығарылмайды. Биолог шипа боларлық дәрі өндірсе қаншалықты сауапқа бөленетіндігін мұсылмандар терістей алмайды. Онда неге ғылым мен білімге ұмтылмай, діннің сыртқы көрінісіне ғана жабысып, сырттай діндар болып көрінген адамдарды да бағалау белең алған?! Мақсаттан ауытқып кеткеніміз осыдан байқалады.

Тәкәппарлық немесе шектен тыс қанағатшылдық. Мұсылмандардың басым көпшілігіне тән дерт. Негізі мұсылмандар «Жүрегінде зәррәдай тәкәппарлық болған адам жәннәтқа кіре алмайды» (Мүслим, Иман, 147,148,149; Әбу Дәуіт, Либас, 26; Тирмизи, Бирр, 610) дейді.

 Дінге жақын, өзін діндармын деп санайтын адамдар өздерін жоғары ұстап, басқалармен санаспауды әдетке айналдырған. Тіпті радикалды бағыттағыларды былай қойғанда қалыпты мұсылмандардың көбіне тән ерекшелік. Демек мұсылмандар діннің мазмұнынан алшақтап, өздері уағыздайтын құндылықтарды өмірде өздері орындамайтын жаппай дертке ұшыраған. Өзгелердің жетістігін мойындамау, басқаны діннің, иманның әлсіздігімен айыптау, тозақпен қорқыту әрекеттерінің астында осындай тәкәппарлық сипаттар жатыр. Бұны «Мысық бойы жетпеген етті сасық дейді» деген мәтелмен ғана сипаттауға болады.

Kenshilik TYSHKHANULY

 

Пікірлер Кіру