ИНТЕРНЕТ ДҮКЕН АРҚЫЛЫ САУДА ЖАСАУҒА БОЛА МА?

20 қараша 2023 2154 0
Оқу режимі

Интернет дүкен – толық сипаттамасы бар тауарды сататын және сатып алатын веб сайт. Негізі тараптардың интернет немесе телефон секілді электрондық құрылғылар арқылы онлайн келісім жасауы бетпе-бет сауда жасағанмен тең. Ал пошта, факс, телеграф, т.б. жазу құрылғылары арқылы келісімшарт жасағанда хаттың екінші тарапқа жетуі ижаб (ұсыныс), екінші тараптың сол мәжілісте келісім беруі қабул (қабыл алу) болып саналады. Ислам фиқһы академиясының қарарлары, 98-бет, №52 (3/6).

Қазіргі таңда сатушы белгілі бір тауарды толық сипаттап интернет дүкен арқылы сата алады. Бұл тауар сатушының меншігінде болуы да, болмауы да мүмкін. Сатып алушы интернет дүкендерінен өзіне қажетті тауарға тапсырыс бергенде, сатушы оны қабылдап, келісілген уақытында жеткізеді.

Интернет дүкен арқылы сауда жасаудың үкімі төмендегідей қарастырылады:

1. Меншігіндегі тауарды өз парақшасында сату. Яғни дүкен иесі меншігіндегі заттарды интернет дүкен немесе әлеуметтік парақшалар арқылы сатады. Бұған шариғатта рұқсат етіледі.

2. Меншігінде жоқ затты өзінің парақшасында немесе интернет дүкенде сату. Бұл жерде сатушы көтерме сауда орталығымен алдын ала келісіп, кейін ол тауарға қатысты барлық сипаттарын және мағлұматтарын интернет дүкенінде көрсетеді. Клиент тарапынан тапсырыс түскенде сатушы тауардың ақшасын толық алып, көтерме сауда орталығынан затты сатып алып, келісілген уақытта клиентке жеткізеді. Бұл саудада тауардың сипаты толық көрсетілгендіктен, сәлам келісімшарты негізінде оған рұқсат етіледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерден кім сәлам (табыстау) саудасын жасаса, белгілі өлшемде, белгілі мөлшерде және белгілі уақытқа дейін сауда жасасын», – деген (Бұхари, №2240; Мүслим, №1604).

Ал тауардың төлемін толық алмаса, сондай-ақ тауардың нарықта бар-жоғы әрі тапсырыс берген затты жеткізуі белгісіз болса, мұндай саудаға тыйым салынады. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңде болмаған нәрсені сатпа», – деген (Насаи, №4627; Әбу Дәуід, №3503).

3. Интернет дүкен иесі сатушының тауарын жарнамалап сату. Бұл көріністе интернет дүкен иесі делдал ретінде әр тауардан белгілі пайызды немесе белгіленген қызмет ақысын алады. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Бір кісінің басқа біреуге: «Мына киімді мұнша бағаға сат. Одан артық бағаға сатсаң, үстіндегі ақша сенікі», – деп айтудың оқасы жоқ», – деген (Бұхари, 3/96). Бұл жағдайда тауарды жеткізу жауапкершілігі делдалға емес, сатушыға жүктеледі.

4. Интернет дүкен иесі сатушының атынан уәкілі ретінде сату. Уәкіл сатушының атынан тауарды сатып, ақшасын алады. «Әл-Маусуға әл-фиқһия әл-Кувейтия» кітабында: «Ғалымдар сауда-саттықта уәкіл тағайындау дың рұқсат екеніне бірауыздан келіскен. Уәкілдік ақылы да, ақысыз да болуы мүмкін», – делінген (әл-Маусуға әл-фиқһия, 45/90). Алайда тауар иесінің рұқсатынсыз белгіленген бағаның үстінен қосып сатуы дұрыс емес. Интернет дүкен арқылы сауда жасаған кезде сауданың рүкіндері мен шарттары толық табылуы, алаяқтыққа, заттың белгісіздігіне жол берілмеуі тиіс. Егер тауар баяндалған сипатқа сай болмаса, мұндай жағдайда сатып алушының затты көргеннен кейін қайтарып беруіне құқығы бар.

ҮКІМ:

  1. Меншігіндегі тауарды интернет дүкен арқылы сатуға рұқсат етіледі.
    2. Меншігіндегі жоқ тауарды сәлам саудасының шарттарына сай сатуға болады.
    3. Интернет дүкен иесінің сату шыдан белгілі бір пайызды алуы шариғатқа қайшы емес.
    4. Тауар сипатталған сипатқа сай болмаса, сатып алушының оны алмауына құқығы бар.
    5. Тауар белгілі себептерге байланысты келісілген мерзімде жеткізілмесе, сатып алушы ақшасын қайтарып алуға немесе келісімді бұзып-бұзбауға құқылы.
    6. Тауар келісімге сай тиісті мерзімде жеткізілген жағдайда сатып алушы тарап көзделген қаражатты төлеуге міндетті.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру