Иманды күшейтуді неден бастау керек?

05 қаңтар 2020 14834 0
Оқу режимі

Иманымызды күшейту мәселесін қолға алғанда көпшілігіміз ең алдымен діни тәжірибемізді жақсарту керек деп ойлаймыз. Дұрыс-ақ. Бірақ, бұл жеткілікті емес. Себебі, діни тәжірибелер (кітаптар оқу, тәсбих тарту, ораза тұту, нәпіл намаздар оқу) – бұлар иманды күшейтудің тек бір бөлігі ғана.  Иманымды күшейтемін деп жоғарыда аталған құлшылықтарды жасап, бірақ олардан рухани ләззат ала алмадыңыз ба? Мүмкін, Сіз иманды күшейтуді дұрыс жолдан бастамаған шығарсыз...

Егер менен иманды күшейтуді неден бастаған жөн деп сұраса, «Сіздің және Алланың арасындағы қатынастан» бастау керек дер едім. Тілімізді кәлимаға келтіріп, мұсылман болумен, Одан басқа күш те, Тәңір де жоқ екенін және Оның барлық көркем есімдері мен сипаттарын мойындаумен, барлық істі тек Оған ғана тапсырып, Одан ғана көмек сұраумен қатар, Оған ғана шүкіршілік ете білуіміз керек.  Себебі, Аллаға деген қатынас – әр адамның өміріндегі ең маңызды қатынас. Өкінішке орай, көпшілігіміз осы қарым-қатынасқа дұрыс назар аудара бермейміз.

Иманды күшейту дегеніміз – Алла Тағаламен байланысты күшейту деген сөз. Жаратушымен байланыс жасау толассыз нәпіл намаздар оқып, үзбей ораза ұстаумен ғана өлшенбейді. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Уа, Алланың Елшісі! Пәлен деген әйел күн ұзаққа ораза ұстайды, түні бойы құлшылық етеді. Бірақ көршілеріне жәбір көрсетеді», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол отта жанады», – деп өкініш білдірген екен. Немесе басқа хадисте келтірілгендей: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында құр шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайда жоқ. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ, онысымен ұйқысыздықтан басқа ешқандай табыс таппайды»[1]. Көріп отырғанымыздай, иманды күшейту үшін жақсы амалдар жасау аздық етеді, иманды күшейтуді ең басты нәрсе – жүректен бастау керек. Себебі, хадистерде келтірілгендей, иманның мекені жүрек болып табылады.

Хазіреті Әли (р.а.) былай дейді: «Иманды жүрек ақ нүкте секілді көрінеді. Құл жақсы амал істегенде сол нүкте кеңейіп, дамып бүкіл жүректі жайлайды. Ал, жамандықта болса қараяды. Арамдықты істегенде, сол қара дақ үлкейе бастайды, сосын жүрек қарайып, оған мөр басылады».

Алланы бірінші орынға қой, содан кейін ғана әр іс өз орнын табады деген сөз қандай тамаша айтылған. Сол сияқты, өмірімдегі ең маңызды қарым-қатынас – мені Жаратқан Аллаға деген қарым-қатынасым десеңіз, дінді дүниелік мақсатта емес, ақыреттік игі амалдар үшін қолдана бастайсыз. Сол кезде ғана дүниелік істер Алладан кейінгі екінші орынға қала береді.

Аллаға деген махаббатыңыз, Ол туралы ойларыңыз мекен мен мезгіл таңдамауы тиіс.  Аллаға құлшылық жасау үшін Сіздің ерік-жігеріңіз керек емес, Сіздің Оған деген жүректегі махаббатыңыз керек. Сахабалардың көпшілігі құлшылық жасайтын кезде «осылай жасау керек», «осылай дұрыс» деген оймен емес, Аллаға деген ыстық махаббатпен, құрметпен, иманның мекені болған – жүрекпен орындайтын еді.   

Иманды күшейтуді белгілі бір істен де бастауға болады. Мысалы, дұғалар оқу, жақсы амалдар жасау, т.б. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей, иман денемен (тәнмен) емес, жүрекпен жасалады. Адамның тәні жүректің көмекшісі сияқты қызмет атқарады.  Сондықтан, иманды күшейту жолында жетістікке жеткіміз келсе, негізгі түбірі – ниетті дұрыстауымыз керек екен. Сол кезде ғана дұғаларамыз қабыл, әр ісіміз берекелі, мінеміз көркем, сабырымыз өктем бола түседі. Бірақ, бірден емес. Өйткені бұл ұзақ процесс.  Ниетті түзеуде өте үлкен сабырлылық пен ұқыптылық керек. Және бұл үшін қандайда бір делдалдың қажеті жоқ. Себебі, «Расында, адамзатты жараттық. Оған нәпсінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені, Біз оған күре тамырынан да жақынбыз»[2].

Алла баршамыздың иманымызды күшейтсін!

Лаура Қанатқызы

 


[1] Ибн Мәжа, Хәким
[2] «Қаф» сүресі, 16-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру