ИМАМ АҒЗАМ ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ОН ЕКІ ӨСИЕТІ

07 қараша 2024 415 0
Оқу режимі

Қазақ халқының ел болып, дәстүрі мен салтының қалыптасуында, тәрбиесі мен мәдениетінің қалыптауында Ислам дінінің, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабының орны ерекше. Тәуелсіздігімізді алып, ел болып шекарамызды сызып, тіліміз бен ділімізге қайта оралып, халқымыздың діни ұстанымын бір арнада тоғыстыру мақсатында елімізде бірегей «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» құрылды. Оның негізгі бағыты мен бағдары – «Әбу Ханифа» мәзһабын дәріптеу және дәстүрімізбен ұштастыра отырып насихаттау. Осы орайда, Әбу Ханифа мәзһабын терең зерттеу және халқымыздың дінге деген көзқарасын дұрыс бағытта өрбіту мақсатында Әбу Ханифаның өзі жазып қалдырған он екі өсиетіне тоқталуды жөн көрдік.

Бірінші өсиет: Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту. Тек тілмен айту жеткіліксіз.

Екінші өсиет: Амалдар үш түрлі болады. 1) Парыз амалдар. 2) Ізгі амалдар. 3) Күнәлі амалдар.

Үшінші өсиет: Алла тағала еш нәрсеге мұқтаж емес. Алла тағала аршыны да, одан басқа барлық нәрсені де жаратушы, оның ешбіріне мұқтаж емес.

Төртінші өсиет: Құран Кәрім – Алланың сөзі. Құран Кәрім жаратылмаған. Құран Кәрім Алла тағаланың уаһиі және түсірген кітабы деп иман етеміз.

Бесінші өсиет: Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) – өзінен кейінгі барша адамзаттың ең абзалы.

 Алтыншы өсиет: Адамзаттың амалы мен қимылы, сөзі мен куәлігі, иманы мен тағдырын Алла жаратқанына иман етеміз.

Жетінші өсиет: Жоқтан бар етіп жаратушы тек Алла ғана екеніне иман етеміз. Адамдардың ісіне құрастырушы немесе бар нәрседен екінші нәрсе жасап шығарды дейміз. Рызық беруші де тек Алла.

Сегізінші өсиет: Пенденің бір әрекетті жасауға күш жеткізуі Алланың әмірі екеніне иман етеміз. Кез келген әрекетімізде Алланың көмегіне мұқтажбыз.

Тоғызыншы өсиет: Мәсіге мәсіһ тарту жергілікті тұрғын үшін бір тәулік (24 сағат), сапарда жүргендер үшін де үш күн (72 сағат). Бұл хадис мутәуәтир дәрежесіндегі хадис болғаны үшін бұл үкімді жоққа шығаруға әсте болмайды. Жолаушы адамның намазын қысқартып оқуы мен оразасын тәрк етуі сияқты амалдар Құран Кәрімнің аяттарымен нақты (міндетті) рұқсаттар қатарына кіреді.

Оныншы өсиет: Алла тағаланың қаламға «жаз» деген бұйрықты бергеніне сенеміз.

Он бірінші өсиет: Қабір азабының барына және ол жерде Мүңкәр мен Нәкірдің сұрақ-жауап алатынына иман етеміз.

Он екінші өсиеті: Өлімнен кейін қайта тірілетінімізге және бұл өмірдегі амалына қарай қарымы берілетініне, жаратылғандар арасында өтіп кеткен ақыларының да қайтарылатынына иман келтіреміз.

Қорытындылайтын болсақ, бұл өсиеттер нақты дәлелдерімен, қыссаларымен толық айтылған. Біз бұл жерде қысқаша ғана аударып жеткізіп отырмыз. Бір қоғамның діни мәдениеті мен дәстүрінің қалыптасуында бұл өсиеттердің маңызы өте зор. Ел жаман болмайды, елдің ішіндегі адамдар жаман болады. Әбу Ханифа мәзһабы және оның орнатқан жүйесі Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистеріне негізделгенін тағы бір рет үйрендік.

 

Исатай БЕРДАЛИЕВ,

Ислам құқық ғылымдарының (PhD) докторы

Kazislam.kz

Пікірлер Кіру