ІЛІМ АЛУДА ТАБАНДЫЛЫҚ, ҰДАЙЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҮЛКЕН МАҚСАТ КЕРЕК

04 қаңтар 2024 2251 0
Оқу режимі

Білім алушыға табандылық, ұдайылық аса қажет. Бұған қатысты Құранда мынадай сілтеме бар:

«Әй, Яхия! Кітапты мықты ұста...» (Мариям сүресі, 12-аят).

Және Алла тағала:

«Сондай жолымызда күрескендерді, әлбетте, тура жолымызға саламыз...». (Ғанкабут сүресі, 69-аят)

Сондай-ақ, «Кімде-кім бір нәрсені мақсат етіп, табандылық танытса, мұратқа жетеді, ал кімде-кім есікті қағып күтіп тұрса, ішке енеді», – деп айтылған. «Қанша қиналсаң, сонша арманға қол жеткізесің» – дейді. Білім және тәлім алуда үш адамнан табандылық талап етіледі: шәкірт, ұстаз және көзі тірі болса әке, –делінген. Шейх имам ұстаз Садидаддин Ширази (р.а.) имам Шафиғиге: 

Табандылық ұлы істі жақындатар,
Табандылық алдыңнан есік ашар.
Әттеген-айға лайық Алла құлы,
Мақсаты бар, алайда тар тұрмыстың,
Қиындығына тап болып қалған құлы.
Жаратқан тағдырының бір айғағы,
Ақылдының тарығып, ақымақтың
Тарлық көрмей, салатын жын-ойнағы.
Кімге ақыл берілсе, байлық болмас,
Бұл екі зат өзара жақын тұрмас.

Демек, байлық пен ақыл бір-бірінен алыс екен. Алайда, білімді әрі ақылды адам бай болмауы керек деген ұғым емес. Әбу Бәкір және Абдурахман ибн Ауф сынды сахабалар өте бай кісілер болған. Бұл орайда, айтылып тұрған жайт білім жолындағы шәкірттердің дүниені армандамауы үшін айтылған өлең жолдары. Өйткені байлық іздеген байлықтың артынан кетеді. Ілім іздеген білімді болмақ. Сондықтан да ақын байлық пен білім екеуі бір-бірімен үйлеспейтін дүниелер деуде.

Білімді немесе тақуа адамның бай болуы дұрыс емес деген ой пайда болмауы керек. Алайда, байлықтың соңына түсіп алып, дінді ұмытып кетер болса, ондай
байлықтан ешбір қайыр жоқ. Тағы бір өлең жолдарында:

Ұлы фақиһ болуға мақсаттысың,
Қиындықсыз қалайсың жақсы атты шын.
Жындылар да болады-ау түрлі, сірә,
Бейнетсіз бақ келмейді тұрмысыңа.
Сол үшін де төзеді адам оған,
Қиындықсыз білім де жоламаған.

Сауда-саттық жасаймын деген адам ұзақ жолдардан азып-тозып тауар тасып кәсіп етеді. Ал, енді білім қалайша машақатсыз болсын?! Адам баласын екі дүниеде де бақытқа жетелейтін білім қалайша бейнетсіз болмақ?! Мал екеш, малды табу үшін, бір табыс табу үшін бейнет етесің. Ал, білім қалайша, оңай машақатсыз игерілсін?! – дейді ақын. Әбу Таиб:

Көрген жоқпын адамдар ішінде мен,
Ең сорақы айыпты түсінбеген.
Жете тұра шамасы, шаруасын
Аяғына жеткізіп бітірмеген.

Мәселен, мына кітапты оқып бітіруге шамасы жете тұра, кежегесі кері тартып кітапты кем етіп тастап кетеді. Бұны адамдар айыбының ішіндегі ең үлкені деп
білдім дейді ақын.

Білім іздеген шәкіртке түндерін ұйқысыз өткізгені лазым. Ақынның мына өлеңіндегі:

Бейнетке жараса, биік те бағынар.
Талапты жан түнде ұйықтамай сағынар.
Білімді қалайсың, тек түнде ұйықтайсың,
Інжуді іздесең, теңізден шықпайсың.
Мақсаттың ұлығы – биік бір мәртебе,
Қадірлі адамдар ұйықтамас әсте де.
Ұйқыны тәрк еттім, уа, Раббым, түндерде,
Разылығың Өзіңнің болсыншы біздерге.
Машақат көрместен мәртебе қалаған,
Тым алыс затты іздеп өмірі жоғалған.
Уа, Алла білімнің сәтін бер құлдарға,
Мені де жеткізші тым биік шыңдарға.

Кейбір данышпандар: Түнді түйе етіп мінсең, жетесің онымен мұратқа, – деген екен.

Автор (Алла тағала оған разы болсын): осы мағынаға сай ойыма:

Кім қаласа мақсаты мен арманы,
Болсын десе көп күттірмей алдағы.
Түйе қылып мінсін түнін әрдайым,
Тамақты азайт, ұйықтамауға бол дайын.
Білмек болсаң кемелдіктің мән-жайын, – деген ұйқас сөздер келді.

«Кімде-кім түнді ұйқысыз өткізсе, жүрегі күндіз қуанады», – делінген екен тағы бір даналықта. Білім іздеуші ұдайы дәріс оқуы, сондай-ақ, түннің әуелгі және соңғы уақытында дәрісін қайталап отыруы керек. Өйткені ақшам мен құптан арасы және сәресі уақыты берекеге тола. Осы мағынада мынадай өлең жолдары бар:

Ей, талапкер, тақуа бол әркезде,
Қой ұйқыны, тоқтықтан да сақтанғын.
Дәрісіңді жалғастыр да, қол үзбе,
Білім, сірә, қолында ғой тапқанның, – делінген.

Білім іздеуші жастық шағы мен күш-қайраты бар кезінің қадірін білуі қажет. Мына өлең жолдарында:

Қалағаның берілер, қалай еңбек етесің?!
Үлкен мақсат бар болса, түнде ұйықтамай
жетесің.
Жастық шақтың қадірін білмей жүрсең, сол қайғы,
Өйткені ол жастық шақ мәңгі-бақи болмайды, – деп айтылған.

Шәкірт өзін қинай бермеуі де керек. Қажыр-қайратын баяулататындай дәрежеде өзін қалжыратпауы тиіс. Керісінше, өзіне жұмсақтық танытқаны жөн. Өйткені жұмсақтық – барлық нәрсенің үлкен негізі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Бұл дін берік. Оған жұмсақтықпен бойлаңдар және Алла тағалаға құлшылықты өздеріңе ауырлатып алмаңдар. Өйткені қиналған жан жолда да жүре алмайды, көлікті де жауыр (өлтіреді) қылады», – деген. Сол сияқты, пайғамбар (с.ғ.с.): «Нәпсің – сенің көлігің, оған жұмсақ бол», – деген.

Үлкен мақсат

Мұнымен бірге, білім іздеушінің үлкен мақсаты болуы керек. Өйткені үлкен мақсаты бар адам құс секілді қос қанатымен ұшқандай самғайды. Әбу Таиб: 

Ниетке сай мақсат та орындалар,
Қал-қадірі адамның содан болар.
Ұсақ-түйек көзіне кішілердің
Үлкен болып көрінер, түсінер кім?
Ал үлкеннің көзіне істер үлкен
Кіші болып көрініп, түспес мүлдем.

Өлең жолы: 

Әрбір ілімге құштар бол, кемелдікке жетерсің,
Жалқау болып, шектелме бір іліммен сен.
Бал арасы жинайды әр жемістен,
Осы ақиқатты біл, шам мен балды.
Шамның берер шуағы бар,
Бал – шипа, емдейді науқасты.

Ей, білім іздеуші! Сен атқа мінген адамсың, қалғандары жай жаяу жандар. Сенің ілімің қорғаушың. Адамдар қиямет күні жалаңаш күйде тіріледі. Ал, сен білім нұрына оранған (киінген) боласың. Әр нәрсе үшін бір мінбер қойылады, ал ғалым Аршының астында отырады.

Ей, білім іздеуші! Тақуалық жолын ұста, Тамақты азайт, ұйқыны қой, – деп айтылған екен.

Ей, білім іздеуші! Түнде және күндіз ынталы бол. Өйткені білім алу ынта-жігер және дәрісті қайталаумен игеріледі. Шын мәнінде, әр нәрсенің түбіне жететін апаты бар. Білімнің апаты – ынта-жігер мен дәрісті қайталауды тәрк ету.

Бір нәрсеге қол жеткізудің негізі – табандылық пен үлкен мақсатта жатыр. Кімде-кім Мұхаммед ибн Хасанның (р.а.) барлық кітабын жаттап алуды мақсат қылса, сондай-ақ, мақсатына сай табанды да талапты болса, ол кітаптардың барлығын немесе жартысын жаттап алады. Ал, кімде-кімнің үлкен мақсаты болып, бірақ табандылығы жетпесе, немесе табанды бола тұра, үлкен мақсаты болмаса, тек аз ғана білім үйренеді.

Шейх ұлық имам ұстаз Радиуаддин Нисабуридің (р.а.) «Макарим Ахлақ» кітабында: «Зұлқарнайын жердің шығысы мен батысын жаулауға аттанбақ
болғанда, ол өз данышпандарымен кеңесіп: «Мен неге мұндай патшалық үшін аттанамын? Дүние аз әрі өткінші, ал дүниенің мүлкі елеусіз дүние. Бұл ұлы мақсатқа жатпайды», – дейді. Данышпандары: «Сіз дүниемен қоса ақырет мүлкін алу үшін аттаныңыз», – дейді. Сонда Зұлқарнайын: «Міне, бұл (мақсаттың) ең
жақсысы», – деген екен. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Расында Алла тағала ұлық істерді сүйеді. Ал, қор істерді
ұнатпайды», – деген.

Іс еткенде асығыстық танытпа,
Байыппенен жалғастыра бергейсің.
Қисық өскен ағашты тек үздіксіз
Әрекетпен ғана бәлкім түзейсің
, – дейді.

Әбу Ханифа Әбу Юсуфке (Алла тағала екеуіне де рақым еткей): «Сен жаттау қабілеті төмен шәкірт едің. Сені (бұл мақамға) табанды әрекетің алып шықты», –
деген екен.

Жалқаулық

Ей, шәкірт! Жалқаулықтан сақ бол! Жалқаулық – бақытсыздық әрі үлкен бәле. Шейх имам Әбу Насыр әл-Саффари әл-Ансари (р.а.):

Ей, нәпсі! Ей, нәпсі! Амалды тоқтатпа!
Жақсылық, әділдік, ізгілік бар уақта.
Ізгілік етуші жетеді жеңіске,
Жалқаулар құлайды шыңырау еңіске, – деп айтқан.

Менің айтар ойыма сәйкес етіп, автор былай дейді: 

Нәпсім менің, жалқаулықты доғарғын,
Ерінумен биік шыңға қонар кім?
Тыйылмасаң, көнесің де қорлыққа,
Олжа алғанын көрген емен олардың.
Өкініш пен тыныштықтан мақұрым
Қалғанын тек көрген, сірә, болармын...
Тағы бір өлең жолында:
Қаншама ұялу, өкініш, әлсіздік,
Жалқаулық тудырар, өмірді мәнсіз ғып.
Ақиқат іздеуде жалқаулық танытпа,
Білмеген нәрсені сұраудан жалықпа.

Жалқаулық білімнің артықшылығы мен жақсылығы жайлы аз ойлағандықтан болады дейді. Оқушы білім алу кезінде оның артықшылығын ойлай отырып, өзін
оқуға, табандылық пен ұдайылыққа машықтау үшін барынша күш салғаны жөн. Өйткені білім – мәңгілік (мағлұматтар сақталғанша). Ал, мал-дүние – өткінші. Мұсылмандар әміршісі Әли (р.а.) айтқандай:

Разы болдық үлес берген Жаббарға,
Білім – бізге, ал дүние – жауларға.
Дүние деген таусылады расында,
Ілім-білім сақталады мәңгі алда.

Пайдалы білім кісіге жақсы ат әкеледі. Дүниеден озғанда да аты өшпейді. Өйткені білім – мәңгі өмір. Шейх ұлық имам Заһираддин имамдар мүфтиі, Марғинани атымен танымал Хасан ибн Әли (Алла тағала оған рақым етсін):

Надандар өлімнен бұрын да,
Өлік боп өтеді өмірден.
Ғалымдар шын биік тұғырда,
Тірі олар кейін де өлімнен, – деген екен.
Шейх Ислам Бурһанаддин:
Надандық өлімсіз-ақ өлік етер,
Қабірге тәннен бұрын өзі кетер.
Кім өзін тірілтпесе ілімменен,
Ол өлік қайта кейін тірілмеген, – десе, тағы бір
ғалым:

Білімді мәңгі тірі өлсе-дағы,
Сүйегі жер астында шірісе де.
Ал надан – өлік, жерде жүрсе-дағы
Сенбейміз, оны біреу тірі десе, – дейді.
Жүректің өмірі – білімде,
Қадірін біл оның, замандас.
Қалыптың өлімі – надандық,
Тек содан сақтанып, қадам бас, – депті және бір
ғалым.

Сондай-ақ:

Білім жігіт басындағы тәж,
Ал, ақыл алтын алқа.
Білім – сәуле шашқан нұр,
Надандық – шарпыған от, – деген екен.

Шейх ұстаз Ислам шейхы Бурһанаддин (Алла тағала оған рақым етсін):

Білім деген мәртебенің ұлығы,
Одан төмен әскердің де шекпені.
Оның әркез еселенер тұнығы,
Ал надандық өлсе, мәңгі кеткені.
Біреу патша не әскери болса да,
Білімге тек қолы, сірә, жетпеді.
Пайдаларын айтайын мен, құлақ сал.
Бірақ оған мүмкіндігім бар ма екен?
Соқырға – нұр, сусын болар бұлақ сол,
Надандарға – қараңғылық тар мекен.
Білім – пана, талаптыны қорғайды.
Ол адамдар аман-есен жүреді.
Ілімдіге азап ертең болмайды,
Жаны шықса, үміт барын біледі.
Күнәһарға лайық болған тозаққа,
Ілім болса, шапағат та етеді.
Білім іздеу – бар жақсыны іздеу ғой,
Оны тапқан арманына жетеді.
Ей, ақылман, білім биік мансап қой,
Оған жетсең, басқа мансап іздеме.
Дүниеге жете алмасаң, өкінбе,
Білім деген ең қайырлы бізге де, – деген екен.

Басқа ұстаз кісілер мына өлеңді оқып берді:

Құрмет іздеп жүрсең егер біліммен,
Фиқһ ілімі соған лайық шынымен.
Қаншама қош жұпар иісті сулар бар,
Бірақ мисктей болмас деймін мұны мен.
Қаншама көп самғап ұшар құстар бар,
Бірақ сұңқар айрықша ғой ұшқанда.
Тағы бір ұстаздар өлең оқып:
Фиқһ қымбат дүние, сен жинаған,
Кім оқыса, ілімнен құр қалмаған.
Иелене бер жоқ затты қолыңдағы,
Білім басы бақыт қой, соңы-дағы, – деген екен.

Білім үйрену үшін ақылды адамды өзіне тартатын және ілімге үндейтін білім мен фиқһтың ләззаты керек-ақ. Кейде кісі бойындағы жалқаулық қақырық пен
ылғалдың көптігінен болады. Оны кетірудің жолы – тағамды азайту. Жетпіс пайғамбар (ғ.с.) ұмытшақтықтың ең көп себебі – қақырықтың көптігінен, ал қақырықтың көптігі – суды көп ішуден, көп су ішу болса, көп тамақ жеуден, деп бірауыздан айтқан. Кепкен нан қақырықты жояды. Сондай-ақ, аш қарынға мейіз жеу де қақырықты тыяды. Мейізді су ішуге мұқтаж болатындай көп жемеу қажет. Әйтпесе, артық жеу де қақырықты көбейтеді. Мисуак та қақырықты азайтып, есте сақтау қабілеті мен шешендікті күшейтеді. Мисуак қолдану – сүннет.

Ол намаз бен Құран тиләуатының сауабын арттырады. Сонымен бірге, құсу (түкіріп тастау) қақырық пен бойдағы ылғалдықты азайтады. Ал, енді тағамды аз жеу үшін, оның пайдалы жақтарын ойлау қажет. Оның пайдасы – деннің саулығы, тазалық және басқа адамдарға жәрдем ету.

Ұят тірлік, ұят іс, ұят болар,
Адамның тағам үшін күйінуі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш түрлі адамға, олар күнә іс жасамаса да, Алла тағала ғазап етеді: көп жеуші, сараң және тәкаппар», – деген. Аз тамақтанудың пайдаларын мынадан да көруге болады: көп жеуден адам бойында аурулар мен жалқаулық дендеп кетеді. «Тоқ қарындық, зеректілік пен сергектікті азайтады» деген сөз бар.

Гелиниус (данышпан):

«Анар жемісі түгел пайдалы, ал балық толығымен зиянды. Бірақ балықтың азы,
анардың көбінен пайдалы», – деген екен. Көп тамақтану ысырапшылық болып келеді. Ал, тойып тұрып тамақтану нағыз зиянның өзі. Мұндай әрекет ақыретте жазаға лайық болады. Көп тамақ жеушіні адамдар жек көреді. Тамақты аз жеудің жолы – майлы тағамды пайдалану және дәмді әрі тәтті тамақты алдымен жеу. Сондай-ақ, дастархан басында аш адамдармен бірге отырып жемеу керек. Тек оразаға, намазға және ауыр жұмысқа әлдену мақсатында көбірек тамақ жеуге болады.

 

Бұрхануддин Зарнужи, "Тәлімгер тағылымы".
(Қазақшалаған: Заңқоев Қалижан).

Пікірлер Кіру