Гауһар Кенжебекқызы Төлекбай
1981 жылы 5-маусымда Қостанай облысының Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылында туған, 1998-2003 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Студенттерге арналған республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері. «Қазақтың ақын қыздары» атты жыр-мүшайрасының 3-орын иегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Поэзия» номинациясы бойынша 3-орын, «Журналистика» номинациясы бойынша 2-орын жеңімпазы. 2005 жылдан бері «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет атқарады.
Шіркін-ай, бар адамда жүрек болса,
Пайғамбар Мұхаммедтің жүрегіндей....
Бисмиллаһ, баяндайын бір аңызды,
Аңыз боп кезген дала, құла дүзді.
Болыпты бір қария ақылы асқан,
Жинаған ой-қазына-мұраны ізгі.
Бір жанға мұнша дарын қона ма екен?
Қария қияны оймен шолады екен.
Таныған тай күнінен шәкірттері,
Ғылымның хас тұлпары болады екен.
Бірде ұстаз сынамақ боп жас қауымды,
Ортаға ойлы сұрақ тасталынды:
«Өмірі кімнің толы өнегеге,
Иесің қай тұлғаға бастарыңды?»
Бозбала «ақын деді пір тұтарым,
Қалдырған мұра қылып жыр кітабын».
«Ғұлама ғалым» деді екіншісі,
Біліммен қарсы алатын нұрлы таңын».
Үшінші: «Әнші» деді дарыны асқан,
Әуелеп салған әсем әні – дастан.
Тәңірім талант берсе таңдар едім,
Тек қана әншілікті жаңылмастан».
Ұзақ үнсіз отырған бала нұрлы:
«Айтайын деді өмірлік талабымды.
Рахымның нұрынан жаратылған,
Пайғамбардың ғұмыры маған үлгі.
Мінезі – көркемдіктің қалыбы еді,
Есетін ізгіліктің жан лебі.
Әрдайым әділеттің ақ семсері,
Бойына сіңген Құран нәрі еді.
Байлықты, дүниені аңсамаған,
Бастауға бақытқа елді шаршамаған.
Мұхаммед - жер бетінің жарық нұры,
Бас иген қасиетіне барша ғалам.
Пайғамбар – рухымыздың тірегіндей,
Ол жайлы сөз сөйлемен бір егілмей.
Шіркін-ай, бар адамда жүрек болса,
Пайғамбар Мұхаммедтің жүрегіндей.
Бүрлесе жүрегінде иман гүлі,
Сейілер адамзаттың жиған мұңы.
Қанағат, сабыр, төзім, мейіріммен,
Жойылса бір-біріне бейғамдығы...», -
деп шәкірт ойын қысқа тәмамдады,
Ұстазға майдай жақты бағамдары.
Ғұмыры ғибратқа толы, сөз жоқ,
Пайғамбар - Ұлы Тұлға ғаламдағы.
Қария деді: «Енді мен қайғы алмаймын,
Дертіне уайымның байланбаймын.
Осындай шәкірт барда ғасырларға,
Жанымның жапырағын жайғандаймын».
Дереккөз: muslim.kz