ЕРУЛІК

15 қазан 2024 622 0
Оқу режимі

Малшы қауымы жайлауын жайлап, күзеуін күздеп, қыстауын қыстап, көктеуі көктеп, үнемі малдың қас-қабағына қараумен көшіп -қонып жүретіні мәлім. Осындайда бір ауылды жанай өтсе немесе бір бұлақтаң басына тізгін тартса, бұрын жеткені бар, соңғы жеткені бар, өздерінше шүпірлесіп қоңсы болып қалады. Немесе қойдың отын қандырып, бабын табамын деп отарын шырқата жайған күні шопандар өрісте ұшырасып та шұрқырасып жатады.

Бұлайша аралас-құралас болу, қоңсы болысу, әсіресе жаз айларында жиі болады.

Міне, осындайда көнеден келе жатқан игі дәстүр бойынша, соңғы келіп қонған үйге бұрын жайғасқан үй ерулік ас береді. Бұл – терең мәні бар, парасаты мол дәстүр.

Біріншіден, көші-қонның абыр-сабыр қиындығын көріп, шаршап шалдығып жеткен ауыл үйі қашан орнығып жайғасқанша олардан бұрын келіп орныққан ауыл үйлерінің дастархан жайып демегендегісі.

 Екіншіден, жаңа жұртта жақсы тілек тоғыстырғаны.

Үшіншіден, қотандасып-қорласып, көңіл-ниет жарастырып отырудың мал-жайына пайдасы тиеді.

Төртіншіден, ауыл үй адамдары, қыз-келіншек, жігіт-желең, бала-шаға бір-біріне бауыр басып, кейін қыстауға көшерде жылап айырылысатындай болады.

Көршіге көрсетілер сый-құрметтің көшпелілер үшін өмірлік мәні бар. Олар сондықтан да «Көрші хақысы – Тәңір хақысы» деген кісілікті уәжге қалтқысыз бағынған.


 Ақселеу СЕЙДІМБЕК, этнограф

 

Пікірлер Кіру