Ерлі-зайыптылар білуі тиіс зікірлер мен дұғалар

01 қараша 2018 39052 0
Оқу режимі

Ақ некені қидырып, бір-біріне «ауыр серт» берген ер мен әйел ең алғашқы күннен-ақ екі дүниеде бақытты болудың жолын іздейді. Шаңырақтың баянды болуын, ортадағы сүйіспеншілік пен сыйластықтың сарқылмауын місе тұтады. Мұның кілті – Жаратушымен болған жақсы қарым-қатынаста. Себебі, барлық істің Басқарушысы – Алла, жүректердің Иесі – Алла. Ер мен әйел Аллаға жақындаған сайын бір-біріне жақындайды.

Ал, зікір (Алланы еске алу) – құл мен оның Раббысының қарым-қатынасын реттеуші үлкен құлшылық.  Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзгелерді жалғыз қалғандар басып озды», – деген екен. Одан: «Жалғыз қалғандар кімдер?» – деп сұрағанда: «Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдер», – деп жауап берген екен. Ал, «адамдар Алланы еске алып отырғанда, оларды міндетті түрде періштелер қоршап алады және оларды мейірім қоршайды, оларға тыныштық түседі және Алла Тағала да оларды Өзінің алдындағылардың арасында еске алады»[1].

Сен Алланы еске алсаң, Ол сені еске алады! Зікірдің құндылығын жеткізу үшін осы сөздің өзі әбден жеткілікті! Әлемдердің Раббысының есінде болудан артық қандай дәреже бар?! Ендеше, отбасы тыныштығының ұйытқысы болатын төмендегі дұғалар мен зікірлерді кәдеңізге жаратыңыз. 

Үйленгенде айтатын дұға

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер сіздерден әлдебіреу үйленсе немесе қызметші жалдаса, былай десін: «Я, Алла! Расында, мен Өзіңнен оның игілігін әрі Сен оны не үшін жаратқан болсаң, соның игілігін сұраймын және оның кесірінен Өзіңе сиынамын!»

«Аллаһуммә, инни әс-әлукә хайра-һә уә хайра мә жәбәлтә-һә ‘аләйһи уә ә’узу бикә мин шәрри-һә уә шәрри мә жәбәлтә-һә ‘аләйһи!»

Үйленген кісіге айтатын дұға:

«Алла саған береке берсін және саған береке жаудырсын әрі сендерді жақсылықта біріктірсін!»

«Бәрака-Ллаһу ләкә, уә бәракә ‘аләйкә, уә жәмә’а бәйнәкумә фи хайр!»

Жыныстық қатынасқа түсердің алдында айтылатын дұға

Баланы тіл-көз және шайтанның кесірінен сақтағысы келген адам бала пайда болмаған кезден амал жасауы қажет. Ибн Аббастың (р.а.) сөздерінен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегені жеткізіледі: «Егер сендерден әлдебіреуің әйелімен жыныстық қатынас жасағысы келіп: «Алланың атымен бастаймын. Ия, Алла, бізді шайтаннан аулақ ет және Сенің бізге беретініңнен де (баладан) шайтанды аулақ ет» деп айтса, әрі (сол) ерлі-зайыптыларға балалы болу нәсіп етілсе, шайтан ешқашан оған зиян тигізе алмайды».

«Бисми Лләһи, Аллаһуммә, жәнниб-на-ш-шайтана уа жәнниби-ш-шайтана ма разақта-на».

Перзент сұрайтын дұға

Зәкәрия Пайғамбардың дұғасы: «Раббым! Маған Өз тарапыңнан бір игі ұрпақ сыйла. Анығында, Сен – тілекті Естушісің»[2].

«Рабби хаб ли минләдунка зуррийатан тайибәтан иннәкә сами уддуаа»

Салихалы әйел мен бала сұрайтын дұға

«Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың (Өзіңе бойсұнып, жазадан қорқып, сақтанғандардың) алды ете гөр!».

«Роб-бә-нәә һәб-лә-нәә мин әз-уәә-джи-нәә уә зур-ри-иәә-ти-нәә қур-ро-тә әъ-иу-ниу уәдж-хәл-нәә лил-мут-тә-қии-нәә-и-мәә-мәә»

Салихалы ұрпақ сұрайтын дұға

«Раббым! Мені және ұрпағымды намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!»[3].

«Роб-бидж-ъал-нии му-қиимәс со-лә-тии уәмиңң зур-ри-иәтии раббәнә уә-тәқаббәл ду-ъәә-и»

Қырсық әйелдің, жаман достың кесірінен Аллаға сыйыну

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейтін: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) дұғаларының қатарында мына дұға да бар еді: «Я, Алла, ақиқатында, мен Сенен жаман көршіден, оның (кесірінен) шашым уақытысынан бұрын ағарып кететін әйелден, үстімнен би болатын баладан, мен үшін азапқа айналатын дүниеден, көзі мені көретін, ал жүрегі аңдып отыратын, әрі егер ол менен бір жақсы нәрсе көрсе, жасыратын, ал егер менен жаман нәрсе байқаса, жарияға жар салатын достан пана сұраймын»[4].

«Аллаһумма инни а‘узубика мин жәри ссу-и, уа мин зәужин тушайибуни къаблә-л-мәшиб, уа мин уаләдин якуну ‘аләйа раббан, уа мин мәлин якуну ‘аляйа ‘азабан, уа мин халилин мәкирин ‘айнуху тарани уа қалбуһу яр‘ани ин ра-а хасанатан дафанаһа, уа изә ра-а сайиатан аза‘аһа».

Баланы барлық жамандықтан сақтауды сұрайтын дұға

Бұл дұғаны дем салудан кейін, бала сыртқа шығарда, қонаққа барғанда, кез келген уақытта жамандықтан Алладан пана сұрау үшін оқыңыз:

Ибн Аббастан (р.а.) жеткізеді: «Пайғамбар (с.ғ.с.) Хасан мен Хусейнді пана сұратып: «Шын мәнінде сендердің бабаларың (Ибраһим) мұнымен Исмаил мен Исхақты пана сұрататын: «Әъузу би кәлимәтилләһит тәммә, мин кулли шайтанин уә һәммәһ, уә мин кулли ъайнил-ләммәһ» («Әрбір шайтаннан және улы жәндіктерден, сондай-ақ әрбір сұқ көзден Алланың кәміл сөздерімен пана сұраймын») деп айтатын», – деген[5].

Ер адамның өз отбасы мүшелері ауырған кезде дем салуы

Айша анамыздан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла Елшісі  біреуіміз ауырсақ, оны оң қолымен сипап: «Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс(и), уәшфи, Әнтәш-Шәфи, лә шифә’ә иллә шифә’укә, шифә’ән лә йуғадиру сақама(н)» («Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа бер, Сен – шипа берушісің, Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ауруды қалдырмайтындай шипа бер)», – деп айтатын.

Алладан жан байлығын әрі материалдық байлықты сұрайтын дұға

Ибн Масғұд (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай деп жиі айтатынын естіген:
«Ия, Алла, расында, мен Сенен Сенің басшылығыңды, тақуалықты, (күнәдан жаман қылықтардан) пәктікті және байлықты сұраймын»[6].

«Аллаһумма, инни асәалюкаль-Һуда, уа туқа, уаль-ъафафа уальғина»

Жоқшылықтан, ауру-сырқаудан сыйыну

Я, Алла! Тәніме саулық бер! Уа, Алла! Естуіме саулық бер! Уа, Алла! Жанарыма саулық бер! Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Уа, Алла! Мен күпірлік пен жоқшылықтан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Сондай-ақ, қабір азабынан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Сенен басқа ешбір Құдай жоқ.

«Аллаһумма ъафини фи бәдәни, Аллаһум- мә ъафини фи сәмъи, Аллаһумма ъафини фи бәсари, лә иләһә иллә әнт. Аллаһумма инни әъузу бикә минәл-куфри уәл-фәқри, уә әъузу бикә мин ъазәбил-қабри, лә иләһә иллә әнт».

Кедейліктен, жаман мінезден сыйыну

Я, Алла! Менің дінімді дұрыс, үйімді кең, ризығымды берекелі қылғайсың. Уа, Алла! Қатыгездіктен, бейқамдықтан, қорлықтан және кедейліктен Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Уа, Алла! Кәпірліктен, пасықтықтан, мақтаншақтықтан, сұмғадан және риядан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Уа, Алла! Керең, сақау, алапес болуымнан және жаман аурулардан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын.

«Аллаһумма әслих ли дини уә уәссиъ ли дәри, уә бәрик ли фи ризқи. Аллаһумма инни әъузу бикә минәл-қасуати уәл-ғафләти уәз-зулләти уәл-мәскәнәти, уә әъузу бикә минәл-куфри, уәл-фусуқи уәш шиқақи уәс-сумъати уәр-рия-и уә әъузу бикә минәс-сумми уәл-букми уәл-жузәми уә сәи-йил-әсқам».

Ризық сұрау

Я, Алла! Көбейте гөр, кемітпе, сыйлы қыл да, бейшара қылма, бере гөр де, тыя көрме, бізді таңда да, құр қалдырма. Уа, Алла! Барлық істерімнің соңын жақсарт. Дүние қорлығынан және ақырет азабынан құтқар.

«Аллаһумма зиднә уә лә тәнқуснә, уә әкримнә уә лә туһиннә, уә аътыйнә уә лә тәхримнә, уә әсирнә уә лә ту-әссир ъаләйнә. Аллаһумма әхсин ъақибәтәнә фил-умури куллиһә, уә әжирнә мин хизид-дуния уә ъазәбил-әхира».

Базарға кіргенде айтатын дұға

Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім базарға келіп: «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ, Ол жалғыз және Оның серігі жоқ. Мүлік Оған тән және Ол барлық мақтауға лайық. Ол өлтіреді және тірілтеді, ал Өзі ешқашан өлмейтін тірі. Жақсылық Оның қолында және Оның күш-құдіреті барық нәрсеге толық жетеді» деп айтса, Алла оған миллион істің сауабын жазады және оның бойындағы миллион күнәні кешіреді, оны миллион баспалдаққа көтереді және Жәннаттан үй тұрғызады»[7].

«Лә иләһа илләллаһу уахдаһу лә шәрика ләһу. Ләһул-мулку уә ләһул-хамду, йухйи уә йумит, уә һууә Хаййун лә йәмут, биядиһил-хайр, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир».

Ыдыс-аяқтың бетін жауып жүріңіздер 

Жәбир жеткізген хадисте Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Егер түн болса» (немесе «түн келсе»),-деп әңгімесін бастап әрі қарай «балаларыңызды жатқызыңыздар, себебі сол кезде шайтан өріп кетеді. Түннің бір сағаты өткеннен кейін балаларды демалдырып, есіктің ілмешегін іліп, Алланың есімін аузыңа ал. Сосын шамды өшіріп, тағы да Алланың есімін аузыңа ал. Қапшықтың аузын кымтап, Алланың есімін аузыңа ал. Ыдыстың бетін жауып, Алланың есімін аузыңа ал. Тіпті, бұл амалды орындауға бір нәрсе бөгет болса да оны орындау керек», – дегені риуаят етілген.

Хадиске сай, кешке аузы ашық ыдыстарды жауып жүріңіз. Аузы жабылмайтын ыдысқа зат салсаңыз, не ұмытып кетсеңіз, үстіне қолыңызды қойып, «Бисмилләһ» деп айтыңыз.

Намаз – отбасының ең ұлы қорғаны!

Алла Тағала былай деді: «Үй-ішіңді намазға бұйыр және өзің де оны сабырлылықпен орында. Біз сенен ризық тілемейміз. Өткені Біз Өзіміз сені ризықтандырамыз. Соңғы табыс тақуалықта»[8]. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегені жеткізіледі: «Балаларыңа жеті жастан бастап намаз орындауды бұйырыңдар, ал он жастан бастап оқымаса, оларды осы үшін ұрыңдар әрі оларды ұйқыға бөлек жатқызыңдар»[9].

Намаз – барлық арсыздықтан тыюшы, тілек тілеудің көпірі. Яғни, намаз оқитын балаңыз, Алланың қорғауында болып, түрлі бұзақылықтардан аулақ жүреді, тазалықты сақтайды, лас жерден аулақ болады. Алла Тағаладан намазда тілек тілеп, армандары мен мақсаттарына қол жеткізеді.

«Пенденің намазда тұруы – аса ұлы Алланы еске алуыңның ең үлкені болып табылады»[10].

Ең кереметі, бұл кезде сені әлемдердің Раббысы есіне алады! «Бақара» сүресінің 152-аятында: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын», – деген. Аса ұлы Алланың Өз құлдарын еске алуы, құлдарының Оны еске алуынан үлкен. Ал, Раббысының есінде болған құлда қандай уайым болсын!?

Таңғы және кешкі зікірмен жамандықтың алдын ал!

Сондай-ақ, Жаратушы Иеміз: «...Әрі күн шығардан алдын және күн батардан бұрын Раббыңды мақтап, (барлық кемшіліктен) пәк деп дәріпте»[11], – деп бұйырады. Сондықтан, үнемі Алланың есінде болу мәртебесіне ие болғысы келетін, өзін бәле-жаладан қорғауды мақсат тұтатын ер мен әйел таңғы және кешкі зікірлерге де көңіл бөлуі тиіс. Өйткені, Құран мен сүннетте келген таңғы және кешкі дұғалар барлық жамандықтан пана сұрайтын мәтіндерді қамтиды.

 


[1] Муслим.
[2] «Әли Имран» сүресі, 38-аят.
[3] «Ибраһим» сүресі, 40-аят.
[4] Табарани
[5] Бұхари.
[6] Муслим
[7] Тирмизи, Ибн Мәжа.
[8] «ТаҺа» сүресі, 132-аят.
[9] Ахмад, 2/180; Әбу Дәуід, 495
[10] ибн Ъаун
[11] «Қаф» сүресі, 39-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру