«ДҮНИЕ» ЖӘНЕ «АҚЫРЕТ» СӨЗІ ҚҰРАНДА 199 РЕТ АЙТЫЛАДЫ

03 сәуір 2024 1509 0
Оқу режимі

«Дүние» сөзі жақын, алдыңғы мағынасын берсе, «ақырет» сөзі соңғы, кейінгі деген мағыналарды білдіреді. Қасиетті Құранның 199 жерінде дүние және ақырет сөз етіледі. Дүние «الدُّنْيَا» туралы Құранның 111 жерінде 114 рет қайталанып келеді. Соның көбінде «Хәят» сөзінің «الْحَيَاةُ الدُّنْيَا» (дүние тіршілігі) сипаттамасы міндетін атқарады. Ал «الْآخِرَةَ» сөзі Құранның 140 жерінде келіп, 141 рет қайталанады. Бұл сөз көбінесе «الدَّارَ الْآخِرَةَ» (ақырет тұрағы), «اليوم الآخرة» (ақырет күні) және «النشأة الآخرة» (соңғы тірілу) деген сияқты сөз тіркестерімен келеді. Дүние-ақырет сөзі 56 жерде бір аяттың ішінде бірге зікір етіледі [1].

Сондай-ақ, Құранда «дүние» және «ақырет» сөздерінің көп қайталануы және кейбір жерде қатар келуі дүние-ақырет істерінің бір-бірімен тығыз байланысты екендігін және адам баласының мұрат-мақсаты мына дүние жаратылысын игіліктеріне жаратып, ғылыми жаңалықтарды ашумен ғана шектелмейтіндігін, керісінше, сол игіліктерге қол жеткізу жолында талпынудың, еңбек етудің одан да ұлы мақсаты барын түсіндіреді. Ол ұлы мақсат – мәңгілік ақырет өмірінде бақытты болу. Дін – дүниеде адам баласының мұрат-мақсатын айқындап, дүние-ақырет істерін бір-біріне жалғап, бүтіндейтін Иләһи заңдылық. Қасиетті Құранда дүние-ақырет сөздерінің «тіршілік» және «күн» сияқты сөздермен бірге зікір етілуі екі дүние тіршілігі арасында үлкен байланыстың барын түсіндіреді. Иман негідерінің бірі – ақыретке сену. Ақида еңбектерінде «Сәмғият» (ақырет істері) негізгі бір бөлім ретінде оқытылады. Себебі, бұл дүниенің барын ешкім жоққа шығармағанымен, метафизик әлемін жоққа шығаратындар жоқ емес. Бұл туралы имам әл-Бәздәуи: «Қыбла иелері мен кітап иелерінің барлығы: «Ақырет тіршілігі хақ», — дейді. Ал мүшріктер мен (кейбір) философтар, Алла Тағаланы мойындағанымен, қайта тірілуді жоққа шығарады» [2] деген.

Адам баласы жан-жағына зер салып қарайтын болса, дүние-ақырет әлемдерінде өзара тығыз байланыстың барын көрсететін дәлелдер көп. Содан бірер мысалдарға қысқаша тоқтала кетелік. – Адам баласының болмысы руханит және заттықтан құралған екі негізі бар. Ішкі жан-дүниесі және сезім түйсіктерімен Алламен, метафизик әлемімен байланыс жасайды. Бұл метафизик, яғни, ақырет әлемінің барына дәлел. Ал материядан тұратын дене-ағзалары осы дүниенің символы болып табылады. Яғни, адам жаратылысы екі дүниенің барына дәлел. – Өмірдегі әрқандай бір игілікті істің екі дүниелік қыры бар. Әуелгісі, адам намаз оқу арқылы денесі кірден тазарады, мешіт жамағаттары арасында бірлік күшейеді. Зекет берумен кедейлердің қажеті шешіледі және т.б. Осындай жақсы істерді істеу адамдарға да, өзіне де пайдалы. Екіншісі, әрқандай бір жақсы істі Алла разылығын күте отырып жасаған адамға ақырет күні мол сый-құрмет көрсетіледі. Яғни, дін дүние мен ақырет өміріне бір бүтін қарайды. Қорыта айтар болсақ, Алла Тағала: «Алланың өзіңе нәсіп еткен несібесімен ақыреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа» («Қасас» сүресі, 77-аят) десе, хадис шәрифте: «Мәңгі жасайтындай дүние жый, аздан соң өлетіндей құлшылық жаса»[3] делінген.

Адам баласы бай (ғылым-білімді, атақты және байлығы мол) болуға ұмтыла отырып, сол мүмкіндігін сауапқа толы етіп өткізу тиіс. Әр күнін соңғы сәттері ретінде қабылдау керектігі айтылып тұр. Міне, бұл діндегі дүние-ақырет ісі жайлы берілген әділ баға деуге болады.

 

Самет ОҚАНҰЛЫ,

исламтанушы

 

[1] Док. Шехмус Темир, Дүния ахирет бүтунлігі, 13-15 бб.

 [2] Әбу Юср әл-Бәздәуи, Ұсулуд-дин, 160 б.

[3] Сүюти, 1-том, 48 б.

 

 

Пікірлер Кіру